Түркістан қаласында Республика күніне орай халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалі басталды

Түркістанда әлем әншілерінің назарын аудартқан ғажап үн, талайды тамсандырған Тұран дауысы қайта оралды. Бүгін «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Республика күніне орай халықаралық «Voice of Turan-2024» қазақ әндері фестивалі басталды.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Әзірбайжан, Грузия, Беларусь, Армения, Кипр, Түркия, Болгария, Косово, Индонезия, Испания, Куба, Венесуэла елдерінен халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 16 үміткер қатысып жатыр. Байқау шартына сәйкес бүгін еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындады. Ал ертең өз таңдауындағы қазақ әнін шырқайды.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Бағы мен бабы қатар шапқан шын таланттарды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.

Фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау. Екі күн бойы қазақ әндерін әуелете шырқап, бақ сынаған қатысушылар арасында жеңімпаздар анықталмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin