Түркістан өңірінде құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Әсіресе, облыс орталығында жұмыс қарқынды. Халық санының өсуіне байланысты және туристік орталыққа айналдыру бағытында тағы да маңызды жобалар жүзеге асады. Аталған жобалар облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте талқыланды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қаланы Бас жоспарға сай дамытып, бірыңғай сәулет үлгісін қолдану керектігін жеткізді. Көгалдандыру, ағаштарды көбейту және бос жатқан жерді тиімді әрі сапалы игеруді тапсырды.
– Түркістанның өзіндік дизайны, сәулет үлгісі болуы керек екенін білесіздер. Әр жобаны жіті зерделеп, сәулетшілердің талқысынан кейін ғана жүзеге асыру керек. Әлеуметтік нысандар, демалыс орындары, саябақтар және өзге де ғимараттар бір-бірімен үйлесіп тұрғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Өңірдің сәулеті талқыланған жиналыста 17 жоба қаралды. Қалалық мәдениет үйінің қасбеті, қалаға кіреберіс тұстағы тұрғын үйлер, абаттандыру жобалары да сараланды. Сонымен бірге ескек есу каналының маңын ірі туристік орталыққа айналдыру, аквапарк, қонақ үйлер салу мәселесі талқыға түсті. ІТ парк салу, қосымша білім беру орталықтары ғимараттарын салу туралы да ұсыныстар қаралды. Жобаларды жүзеге асыруға жеке инвестициялар да тартылады.
Енді кейбір нысандар бойынша жекелей тоқталсақ. Иә, бүгінгі таңда Түркістанда халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысы жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауық-ауық аталған нысанға барып, құрылыс барысын қадағалап, жауапты басқарма басшыларына жұмысты сапалы атқаруды тапсырып тұрады.
– Бұл – ауқымды жоба. Жұмыс сапалы атқарылуы тиіс. Қаржыны тиімді жұмсап, халықаралық жарыстар өтетін нысанды өз мерзімінде ел игілігіне тапсыру керек, – дейді Дархан Сатыбалды.
Ескек есу каналының жалпы аумағы 100 гектарға жуық, су сыйымдылығы – 2 миллион текше метр. Жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Бүгінде үшінші кезеңі бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Қазір трибуна мен мұнара бетондалуда. Спорт кешенінің қасбетін бояу және нысанды абаттандыру жүргізілуде. Ол жұмысқа 75 адам, 15 техника тартылған. Каналда 800 мың текше метр су бар.
100 гектардай аумақты алып жатқан базада ескек есу, академиялық есу және өзге де спорт түрлері қанат жаяды. Сонымен бірге бұл нысан туристерді тартатын орталыққа да айналмақ. Кәсіби спортпен қатар каналда қайықпен серуендеп, демалыс өткізуге болады. «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасынан су келіп, жоба жүзеге асады. Ал ескек есу базасындағы су Түркістан қаласының климатын өзгерту, жасыл алқапты көбейтуге де қолданылады.
Ал тұрғын үй мәселесіне келсек, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы бойынша жиын өтті. Жиында құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен жедел саты бойынша қызмет көрсетуші мекемелердің жұмыстары, сондай-ақ, шешімін таппай келе жатқан мәселелер талқыланды.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары мен жауапты сала мамандары қатысып, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы бірқатар шешімін таппай келе жатқан мәселелерді қарастырды.
Кездесудің басты тақырыбы – қаладағы көпқабатты үйлердің құрылыс сапасы мен тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы кемшіліктер. Жиында құрылыс бөлімінің басшысы қаладағы жаңа салынған және жөнделіп жатқан көпқабатты үйлердің сапасы туралы баяндама жасады. Әкім Әзімбек Пазылбекұлы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, құрылыс материалдарының сапасы, құрылыс стандарттарына сәйкес келуі және сапалы инженерлік желілердің жүргізілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Жиында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – жедел саты қызметі мен лифттердің жағдайы болды. Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы көпқабатты үйлердің жедел саты жүйесіне де назар аударып, кейбір үйлерде лифттердің ескіріп, уақытында жөнделмей жатуы тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтты. Қала әкімі жедел саты қызметін көрсететін мекемелердің жұмысын қайта қарауды және тұрғын үйлердің техникалық жағдайын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Жиында атап өтілген тағы бір маңызды мәселе – көпқабатты үйлердегі ақаулар мен жөндеу жұмыстары. Қаладағы бірқатар ескі үйлерде шатырдың ақаулығы, сыртқы қабырғалардың зақымдануы және инженерлік желілердің ескіруі сияқты проблемалар жиі кездесетіні айтылды. Әкім тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігін және бұл мәселенің тек қалалық деңгейде емес, мемлекеттік деңгейде де қарастырылуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, жиында көпқабатты үйлердің ауласындағы абаттандыру мен қоршау мәселелері де талқыланды. Қала әкімдігі осы бағытта жұмыстарды жандандырып, тұрғын үйлердің аулаларын санитарлық тазалау, көгалдандыру және балалар алаңдарының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Жиын қорытындысында қала әкімі әрбір сала бойынша нақты тапсырмалар беріп, атқарушы органдарға құрылыс саласындағы сапа бақылауын күшейтуді, жөндеу жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, жедел саты қызметі мен лифттердің қауіпсіздігіне қатысты арнайы комиссия құрылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Түркістан қаласының инфрақұрылымы мен тұрғын үйлерін сапалы әрі қауіпсіз етіп жасауды көздейтін жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жалпы, Түркістан қаласы облыс орталығы атанған аз уақытта қанатын жайып, өркендеп келе жатыр. Құрылысы қарқынды, тұрғын үйлер саны көбейіп келеді. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында №11 көшенің бойындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Тұрғын үй кешенінде жалпы 5 қабатты 24 үй тұрғызу жоспарланған. Биыл 5 қабатты 15 үйдің құрылысы аяқталып, 1314 пәтер кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Қалған 5 қабатты 9 үйдің құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде. Онда 766 пәтер бар.
Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы, облыстық құрылыс басқармасының мамандары тарапынан қатаң бақылауға алынған. Мердігер мекемелер қатарында «Корпорация Бастау» ЖШС, «ЕвроРемонтСервис» ЖШС, «Жаңа арна құрылыс» ЖШС, «Symkent Build» ЖШС, «PANA QURYLYS GROUP» ЖШС, «ОТАР ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, «Integra construction KZ» ЖШС бар. Ал авторлық қадағалаушы – «Mataibekov Architects» ЖШС.
Айта кетейік, өңірде биыл жалпы 224 тұрғын үй (2 469 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың басым бөлігі – көпқабатты тұрғын үйлер.
Бұдан бөлек Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тұтас қалашыққа айналатын 20 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы алаңы 145 мың шаршы метрге жуық. Жаңа үйлерден 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болады. Облыс құрылғаннан бері өңірде 176 көпқабатты үй салынып, 40 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында 80 мыңнан астам тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағын аудандар пайда болып, талай отбасының баспана мәселесі шешілді. Биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй салу жоспарланған. Жеке қаржы есебінен салынатын жер үйлер жоспары – 781,851 мың шаршы метр. Сонымен қатар 2024 жылы 191 үй салу жоспары бекітілді. 159 тұрғын үйді жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Жалпы, облыста құрылыс саласы қарқынды дамуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі алдыңғы жылы 407,5 миллиард теңгені құрады. 898,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 320,2 миллиард теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 132,6%-ды құрады. Өңірдегі пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 788,2 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,7%-ды құрады. Осы жылдың соңына дейін 500 мыңға жуық шаршы метр 219 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Соның нәтижесінде, кезекте тұрған жалпы 5 мыңға жуық отбасының баспана мәселесі шешілетін болады.
Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 343310,5 миллион теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 131,4% құрады.
2024 жылғы қаңтар-қазанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7,8% өсіп, 844,7 мың шаршы метрді құрады, олардан жеке тұрғын үйлер – 29,7% (718,3 мың шаршы метр), ал көппәтерлі тұрғын үйлер 47,3% кеміді (121,1 мың шаршы метр). Бұдан бөлек, жалпы алаңы 5,3 мың шаршы метр жатақхана пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Түркістан облысында жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Түркістан облысының тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар ауқымды. Облыс аумағындағы барлық аудандарында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды атқарылып жатыр. Жаңа ғимараттардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр.
Облыс көлемінде биыл жалпы 2469 пәтер салу жоспарланған. Атап айтқанда, Қазығұрт және Созақ аудандарында 36 пәтерлі, Мақтаарал ауданында 56 пәтерлі, Бәйдібеке 21 пәтерлі, Жетісай және Сарыағаш аудандарында 90 пәтерлі, Келесте 106 пәтерлі, Ордабасы және Шардара аудандарында 120 пәтерлі, Отырар ауданында 50 пәтерлі, Сауранда 64 пәтерлі, Төлеби ауданында 118 пәтерлі, Түлкібаста 68 пәтерлі, Сайрам ауданы, Арыс және Кентау қалаларында 60 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтеруде. Сонымен қатар облыс орталығында 1 314 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
2024 жылдың соңына дейін 221 үйдің құрылысы аяқталып, 2469 пәтер кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы облыстық құрылыс басқармасының мамандарының да тұрақты бақылауына алынған.
Айта өтейік, еліміз бойынша жыл басынан бері 12,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2024 жылдың 9 айында құрылыс жұмыстарының қарқыны 10,1%-ға дейін артты. Өсімнің жоғары көрсеткіштері Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ инженерлік желілерді жаңғырту жөніндегі төрт ауқымды бастамасын іске асырудың арқасында қамтамасыз етілді.
Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров атап өткендей, оң динамика 18 өңірде тіркелді, бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарында байқалады.
Биылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,2%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Шымкент қаласында, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында байқалады.
Түйіндей айтқанда, Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. «Жаңа қала» шағынауданы пайда болып, онда заманауи көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жаңа тұрғын үй салу кезінде қаланың сәулеттiк келбетін сақтау үшiн құрылысқа қойылатын белгіленген талаптар, яғни, шығыс үлгісінде болуы және биіктігі 7 метрден аспауы қадағаланады. Түркістан қаласында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандарының сәулеттік жобасы тұрақты түрде Түркістан қаласының «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде келісуден өткізіліп, құрылыс нысандарының сәулеті тұрақты бақылауда болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.