Түркістан қаласының әкімдігі «WORLD TRAVEL MARKET LONDON 2024» халықаралық көрмесінде шаһардың туристік әлеуетін таныстырып жатыр

«WTM London 2024» әлемнің түкпір-түкпірінен келген туризм саласының өкілдерін жинайтын ең ірі халықаралық туристік көрме саналады. Биыл көрмеге Қазақстан Республикасының атынан Түркістан облысы да белсенді қатысып жатыр. Аталған көрмеде Түркістан облысының Туризм басқармасы, Түркістан қаласының әкімдігі мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС аймақтың бірегей туристік әлеуетін ұсынуда.

Бұл көрме – Түркістанның мәдени және тарихи мұрасын насихаттап, туризм саласына халықаралық инвестициялар тарту үшін маңызды алаң. Түркістан облысының өкілдері әлемнің жетекші туроператорларымен байланыс орнатуға, ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу бағыттарын талқылауға мүмкіндік алып отыр.

Қазақстанның тарихи орталығы саналатын Түркістан шаһары ежелгі сәулет ескерткіштері мен бірегей мәдениетті қамтитын әртүрлі туристік бағыттарды ұсынады. Лондондағы көрме арқылы аймақтың шынайы сұлулығы мен байлығын көрсетіп, Түркістанның халықаралық туристік аренадағы орнын нығайтуға мүмкіндік туады.

«WTM London 2024» көрмесіне қатысу арқылы Түркістан облысының туризм индустриясын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтіліп отыр. Халықаралық көрме аясында Түркістан облысының павильонына Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ильясов келді.

Елші аймақтың осындай беделді көрмеге қатысуының маңызын атап өтіп, бұл Түркістанның туристік әлеуетін ілгерілету үшін тамаша мүмкіндік екенін айтты.

Мағжан Ильясов сондай-ақ туризм саласында халықаралық серіктестермен жаңа әрі нәтижелі қарым-қатынастар орнату, туристік инфрақұрылымды дамыту және аймаққа инвестициялар тарту үшін осындай көрмелерде тәжірибе алмасудың маңызды екенін атап өтті.

Атап өту керек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында туризмге салынған инвестиция екі есеге артып, 390 миллиард теңгеден асты, ішкі туризмді ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетілуде.  Мәселен, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялардың оң серпіні байқалады. Осы кезеңде АҚК көлемі 390,5 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 2 есе көп. Іске асыру сатысында жалпы сомасы 399,8 миллиард теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба тұр.

Туризмді дамыту мақсатында биыл мемлекеттік қолдау шеңберінде мынадай жобалар мақұлданды: 

  • Туроператорлардың өтінімдері негізінде келу туризмі саласындағы шығындарды субсидиялау.
  • Kids Go Free (Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе тасымалы кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау) – 1 шілдеге 28,2 миллион теңге сомасына 518 балаға 223 өтінім мақұлданды.
  • Туристік қызмет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде шығынның бір бөлігін өтеу.
  • Жол бойындағы сервис нысандарын салу бойынша шығынның бір бөлігін өтеу.

Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін биыл қонақ үй саласы үшін жеңілдетілген несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды. Осы тетік бойынша алты өңірде халықаралық франшизасы бар қонақүйлер салу жоспарлануда. Ақтөбе мен Павлодар қалаларында оларды іске асыру басталып кетті.

2024 жылы Қазақстан India Today нұсқасы бойынша «Үнді саяхатшылары үшін жетекші бағыт» атанды. Алматы «The New York Times» нұсқасы бойынша ТОП-52 туристік бағыттың қатарына енді, ал «Шымбұлақ» тау курорты «Conde Nast Traveller Italia» нұсқасы бойынша үздік 5 тау шаңғысы орны тізіліміне енгізілді. Сондай-ақ Қазақстан «Green Destinations Top 100 Story Awards» салтанатында тұрақты дамуы үшін берілетін марапатқа ие болды.

2024 жыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. Осының аясында іс-шаралар, соның ішінде ресми рәсімдер, туризмді дамыту форумдары мен көрмелер ұйымдастырылды.

Биылғы маусым айында Түркістан қаласында алғашқы әрі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны – Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің мамандары даярланып шықты. 460 түлектің 125-і Қазақстан бойынша саладағы кәсіпорындарда табысты жұмыс істеп жатыр. Білімі бойынша диплом алғанға дейін ерте жұмысқа орналасу тәжірибесі студенттерді оқытудың дуальды форматына көшкеннен кейін мүмкін болды, онда оқу процесінің 50%-ы кәсіпорында өтеді.

Жалпы, еліміздің туристік картасындағы негізгі орындар Түркістан облысының аумағында орналасқан. Мәселен, қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Үкаша ата, Домалақ ана кесенелері, «Ақ мешіт әулие» үңгірі, Кеме қалған, «Жылаған ата» үңгірі т.б. киелі жерлер мен мәдени даму орталығы болған Сауран, Отырар секілді тарихи қалалар орнындағы музейлерді туристер мен инвесторларға тартымды ету үшін көптеген жұмыстар қолға алынған.

Бұл мақсатта инфрақұрылымды жақсарту, жеңіл инфрақұрылымды жетілдіру, маркетингтік ілгерілету жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Өткен жылы инфрақұрылымды жақсарту үшін туристік нысандарға барар жолдарды жөндеу бойынша жалпы сомасы 10,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды. Оның ішінде, «Түркістан – Қарнақ» бағытындағы және «Самара – Шымкент» жолдары жөндеуден өткен. Аталған бағытта биыл жалпы сомасы 17,6 миллиард теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде, Түркістан – Арыстанбаб және Сауран қалашығына бұрылыс алаңын орнату секілді жобалар қамтылған. Жобалардың аяқталу мерзімі 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттық жұмысты күшейтіп, жан-жақты материалдар таратылуда. «Instagram», «Facebook», «TikTok» және «Telegram»-да түрлі сапалы роликтер, креативті қысқа «reels» видеолар салынды. Жыл басынан бері жасалған талдауға сәйкес видеолардың жалпы қаралымы 10 миллионға жуықтады. Күнделікті қызықты ақпараттар, хабарландырулар мен туристік маршруттар жөнінде посттар жарияланып жатыр. Олар пабликтер мен оқырмандардың парақшаларында таралуда. Республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 200-ден астам материал жарық көрді.

Сонымен қатар өңірдің туристік әлеуеті халықаралық туристік көрмелерде таныстырылады. Сондай-ақ облыс аумағында оқиғалық іс-шаралар мен ақпараттық турлар ұйымдастырылып, өткізіледі. Бұдан бөлек, Түркістанға келетін халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында Венгрияның «Wizz Air» әуе компаниясымен «Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ)» әуе бағыты бойынша рейстерді іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Рейстер аптасына 2 реттік жиілікпен А-321 заманауи ұшақтарымен орындалуда.

Естеріңізде болса, жуырда ғана Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы өтіп, келелі басқосуға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысқаны белгілі. Форумның пленарлық сессиясы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» тақырыбында өткен сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.

– Түркістан қаласы – Ұлы Жібек жолының тарихи, әрі мәдени орталығы. Аймақтың мәдени, тарихи және табиғи байлықтары шетелден келетін туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Бүгінгі форумды пайдалана отырып, біз Қытай Халық Республикасымен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. Өткен жылы екі елдің Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап туризм саласындағы байланыстар нығая түсті. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында бірқатар туристік көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың туристік әлеуеті таныстырылды және бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Келесі жылы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы аясында туризм және авиация салаларында көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Жаңа туристік бағыттарда рейстерді ашу, бірлескен туристік маршурттарды жүзеге асыру, туризм және авиация саласындағы инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба біз үшін маңызды және сіздермен бірге жаңа бастамаларға қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Республика бойынша Түркістан облысы туристер үшін маңызды TOP туристік әлеуетке ие. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар ескерткіштер бойынша — бірінші орында, емдік-сауықтыру туризмі нысандарының саны бойынша бірінші орында тұр. Республика бойынша туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі бойынша үшінші орынды алады. Облыста ЮНЕСКО-ның үш бірдей нысаны бар. Туризм саласын дамыту мақсатында өңірге соңғы 5 жылда 800 миллион доллар инвестиция тартылды. Жылдан-жылға жаңа туристік жобаларды іске қосу арқылы шетелдік туристердің санын арттыру көзделіп отыр. Ол үшін Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді насихаттау және туристерге бірегей кәдесыйларды ұсыну мақсатында алаңы 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасын келесі жылы іске қосу жоспарлануда. Облыс әкімдігі туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту үшін қолдау көрсетіп келеді.

Сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Өңірдегі жаңа халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Қазіргі әуежай – әлемдік стандарттарға сәйкес, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан. Облысқа келетін шетелдік туристер үшін халықаралық әуежайдың ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір уақытта туристік чартерлік рейстерді ашу бойынша да келіссөздер жүргізілді. Сессияда «Dalaman Airport» халықаралық әуежайының директоры Хамди Гювенч, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Тұрсын Әлішер, Hubei miaoshang Group Industrial Co Ltd. төрағасы У Цзяньмяо, Wuhan Xinyatu International Travel Agency Co. Ltd. бас директоры Ван Ся баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты. Отырыста спикерлер өңірдің туристік әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 47,5 миллиард теңгені құрады. Өз кезегінде, 2024 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы сомасы 35,6 миллиард теңгені құрайтын 37 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы және т.б. нысандарды осы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған.

Айта кету керек, 2023 жылы облыстың туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Түркістан қаласын дамытудың негізгі басым бағыты – туризм. Салаға соңғы 2 жылда 74,2 миллиард теңге инвестиция тартылса, биыл  53,5 миллиард теңгеге жетеді деп көзделіп отыр. Алдағы уақытта 145 миллиард теңгені құрайтын, 955 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 13 жобаны іске асыру жоспарға енгізілген.  

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin