Сауран ауданында Түркістан облысының мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесі «Ұлттық кино» жобасы аясында жылдық қорытынды іс-шара өткізді.
Ауданық мәдениет үйінде өткен іс-шараға Түркістан өңіріне белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты. Мәдениет майталманы Пернекүл Нәлтаева, ардагер ұстаз, журналист Несіпкүл Өтебаева, «Шұғылалы таң» қоғамдық қайрымдылық қорының төрайымы Дана Орманова, №5 мектеп-интернатының директоры Асқар Бекжанов сөз сөйледі. Ұлағатты істері үшін алғыс білдіріп, мұндай көрсетілімнің өскелең ұрпаққа берері зор деді. Мекеме директоры Райхан Нарикова шараның мақсатына тоқталып, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.
– Ұлы ғұлама Ахмет Ясауидің 930 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ясауи мұрасы» республикалық насихаттық іс-шарасы өз мәресіне жетті. Жыл бойы өңіріміздің аудан, қалаларында көркем және анимациялық фильмдердің көрсетілімі жоғары деңгейде өтті. Қазақ мәдениеті мен ұлттық киноны дамытуға зор үлес қосқан азаматтар, білім ошақтары мен мәдениет мекемелерінің өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, – деді Райхан Дәрменқызы.
Марапатталғандар қатарында білім мен мәдениет саласындағы жетекші мамандар, аудандық және қалалық мәдениет үйлері мен мектеп директорлары, сондай-ақ, ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері бар.
Іс-шара барысында көрермен назарына «Бала Ахмет» анимациялық фильмі ұсынылды. Бұл туынды қазақ халқының бай ұлттық мұрасын насихаттап, жас ұрпақтың рухани тәрбие алуына ықпал ететін маңызды жоба болып саналады. Бұдан бөлек жергілікті «САҚ» киностудиясының анимациялық туындыларынан «Кім жүйрік?» атты танымдық сұрақтар киновикторинасы ұйымдастырылып, жас оқушылар белсенділік танытып, түрлі сыйлықтарға ие болды.
Кештің соңы тамаша әндермен әрленді. Қатысушылар рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатындағы осындай іс-шараларды жоғары бағалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.