ҚР Президенттің кеңесшісі Түркістан облысы білім саласының қызметкерлерімен келелі кездесу өткізді

Сапалы білім беру – қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының негізі. Ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, кәсіби біліктілігін көтеруіне, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін қалыптастыруға, өзін-өзі жетілдіруге ықпал етеді. Білім саласы туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айрықша тоқталған болатын.

Жолдауда білім саласына көп көңіл бөлінгенін аңғаруға болады. Білім беру жүйесінің сапасы жоғары болған сайын қоғамның инновациялық әлеуеті де арта түседі. Жолдаудағы басым бағыттар жөнінде пікір алмасу мақсатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысының білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жүргізіп отырды.

Кездесуде Жолдау аясында елімізде іске асырылатын жоспарлар, білім саласының дамуына қатысты мәселелер айтылды. Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Жолдауларында адал адам һәм әділетті қоғам орнату мәселелеріне басымдық бергеніне тоқталды. Білім саласындағы мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру мақсатында ғылым мен білімге, тәрбиеге үлкен мән беру керектігін жеткізді. Әділетті Қазақстанды құруда, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда, қоғамды дамытуда мұғалімдердің рөлі айрықша екенін алға тартты.

Жолдауда мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселесі де сөз болды. Бұл бағытта Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының қолдауымен облыс мұғалімдері мен әдіскерлері Жапонияда Лессон стади әдісін, АҚШ-та инклюзивті білім беру және Қытайда техникалық және кәсіптік білім беру бағытында тәжірибе алмасты. Бұл жұмыс жаңа оқу жылында да жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтетін болады.

Атап өту керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында заманауи үлгідегі білім ұялары салынып жатыр. Осы мақсатта биыл 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаны үйлестіруші – «Самұрық-Қазына» АҚ.

Бұл ретте облыс аумағында ұлттық жоба аясында бой көтеріп жатқан «Жайлы мектептердің» құрылыс сапасы мен орындалу мерзімі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрақты қадағалауында екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар мектептің құрылыс жұмыстары бойынша арнайы штаб құрылып, құрылыс барысы бақылауға алынған.

Қазіргі уақытта 29 мектептің 4 мектебі инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған аймақтарда бой көтеруде. Қалған 25 мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыстары 100% аяқталған (газ, су, электр).

Мәселен, Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» шағынауданында 2000 орындық мектептің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сауран ауданының Еңбекші Дихан ауылындағы 600 орындық, Түркістан қаласының «Яссы» мөлтек ауданындағы 1200 орындық, Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы 600 орындық, Сарыағаш ауданының Дербісек ауылындағы 900 орындық, Шардара ауданының №4 шағынауданындағы 1200 орындық жаңа білім ордаларын қазан айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар 14 мектеп жыл соңына дейін тапсырылмақ. Қалған 9 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі.

Айта кетейік, Түркістан облысы – еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір. Бұл жаңа ғимараттар өңірде шығарылатын жиһаздармен жабдықталады. Білім сапасын арттыру мақсатында мектепті білікті ұстаздармен қамту мәселесі де назарға алынған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin