Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып отыр

Түркістан облысында Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы Халық Үкіметі Сыртқы Істер басқармасы директорының орынбасары Цзи Вэнькуй мырза бастаған делегация өкілдерімен G2B форматында келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қытайлық кәсіпкерлермен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Кездесуде Нұралхан Көшеров Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын таныстырды. Ол өңірдің еңбекқор халқы мен жаңа жобаларды бастау мүмкіндіктерін атап өтіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы перспективаларды түсіндірді.

Қытайлық инвесторлармен бірге алқа қотан отырып құрылыс пен тыңайтқыш өндіру, ауыл шаруашылығы мен мақта өсіру, сауда орталықтарын ашу және демалыс аймақтарын дамыту жобалары талқыланды. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды.

Шетелдік инвесторлар Түркістан облысында қалыптасқан қолайлы инвестициялық климатқа алғыстарын білдіріп, бірқатар кәсіпорын басшыларымен кездескен болатын. Кездесулерден кейін отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар B2B форматында өзара тәжірибе алмасты.

Кездесу алдында шетелдік кәсіпкерлер Түркістан облысының өндіріс алаңдарын аралап, шағын өнеркәсіп аймағындағы кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, 2024 жылдың 8 шілдесінде Түркістан облысы делегациясының Қытай Халық Республикасына іссапары барысында Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында «Бауырластық меморандумына» қол қойылған болатын.

Естеріңізде болса, сол тұста Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Сиань қаласында жалғастырған-ды. Ұлы Жібек жолының бастауы саналатын Шэньси провинциясында 47 миллионнан астам халық тұрады. Сиань қаласы Қытайдың рухани және мәдени астанасы саналады. Сапар аясында облыс әкімі Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Онда Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.

Маңызды құжатта тараптар өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіреді. Сондай-ақ өңіраралық келісім бойынша екі жақ дамуды ынталандыру мақсатында сауда, ғылым мен техника, гуманитарлық алмасу мен логистика, инфрақұрылым құрылысы мен жаңа энергия көздеріндегі автомобиль өндірісі, білім саласындағы әріптестік пен түрлі нысандарда өзара алмасулар мен ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.

Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін Шэньси провинциясы парткомитетінің хатшысына алғыс білдірді. Жұмыс сапарының мақсаты екі ел көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыруды ілгерілету екенін жеткізді. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты.

Облыс әкімі өңірлер арасындағы туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде диалогта болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның барлық деңгейдегі тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 миллиард АҚШ долларына жетті. Ал өткен жылы Түркістан облысымен өзара тауар айналымы 149 миллион АҚШ долларын құрады. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын түсіне отырып, өздеріңізбен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгінгі келісім өз кезегінде өңірлеріміздің түрлі салаларда дамытуына серпін беретіне сенім білдіремін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэ Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы достық және экономикалық байланыс өте жақсы деңгейде екеніне тоқталды. Қазақ халқына, көршілес елге деген құрметі жоғары екенін жеткізді.

Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізіледі, көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда. Қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарында оқиды. Шэньсиде көлік және логистика саласында дамыған. Өлке Қытайдың орталығында орналасқан, теміржолдары және әуе жолдары дамыған. 45 елмен және аймақпен теміржол байланысы бар. Үш климаттық белдеуде орналасқан өлке көмір қоры, мұнай, газ бойынша жетекші орында тұр.

Түркістан облысы құрылғалы Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды

Атап өту керек, бірер ай бұрын ғана Түркістанда өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумына  отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысқаны есімізде. Сол тұста халықаралық форумға келушілер назарына көрме ұсынылып, инвесторларға Түркістан өңірінің қолөнері, туристік дестинациялары таныстырылып, таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да таныстырылды.

Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өткен болатын. Онда Орталық Азия тарихи-дипломатиялық қоғамдастығының төрағасы Серік Нарысов модератор болды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды форумға арнайы келген шетелдік инвесторларға алғысын айтты.

– Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған халықаралық инвестициялық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 44 миллиард АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы кеңінен баяндады.

Пленарлық отырыс барысында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И сөз алып, халықаралық іс-шараның елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызы туралы айтты. Сонымен бірге спикерлер қатарында ҚР Ауыл шаурашылығы министрлігі мен кәсіпкерлік саласының өкілдері де болды.

Форум жұмысы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. Халықаралық маңызы бар құжаттарға қол қойылып, ынтымақтастық арта түсті.

Нақтырақ айтсақ, инвестициялық форум жұмысы әрі қарай «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы», «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» және «Цифрлық трансформация» атты тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Нұралхан Көшеров пен Нұрбол Тұрашбеков, сонымен қатар екі елдің танымал бизнес көшбасшылары мен сарапшылары, инвестициялық компаниялардың басшылары мен қаржы және халықаралық ұйымдардың өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Кездесуді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков жүргізіп отырды.

Мұнда Қазақстан мен Қытай елдерінің инвестициялық ынтымақтастығының маңызды аспектілері мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Экономикалық өсім мен дамуына септігін тигізетін бірлескен жобалар ортаға салынды. Түркістан облысы тарапынан инвесторларға қай салаға инвестиция жасау тиімді болатыны, сонымен қатар осы бағыттағы ұсынылатын жеңілдіктер, қаржыландыру бағдарламалары түсіндірілді. «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» тақырыбында баяндама жасалып, өңірдің осы саладағы жетістіктері таныстырылды. Спикерлер аталған талқылауға өзінің құнды идеялары мен үлестерін қосты.

Панельлдік отырыс аясында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл өз кезегінде ынтымақтастықты нығайту және маңызды жобаларды жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ. «Мұндай бастамалар инвестиция мен ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашуға және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған келісімдер инвестициялық белсенділік үшін қолайлы жағдай жасап, Қазақстан үшін де, Қытай үшін де пайдалы жаңа бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді» — дейді қатысушылар. Форум әрі қарай B2B және G2B форматындағы пікір алмасуға ұласты. Онда форум қатысушылары нәтижелі диалог құрып, тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, өңірдегі басты халықаралық оқиғаның негізгі мақсаты да бизнесті дамытуды ынталандыру мен жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсынуға, сондай-ақ, Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының провинциялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және интеграцияны тереңдетуге бағытталған. Бұл іс-шара аймақты жаңа әлемнің негізгі экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне, сондай-ақ ірі корпорациялар мен бөлшек саудагерлер үшін стратегиялық нарыққа айналдыруға мүмкіндік бермек.

Түйгеніміз, жиын барысында жалпы құны 301 миллиард теңгеден асатын 35 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Айта кетейік, форум бизнес пен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Түркістан облысының халықаралық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.

Жалпы, Түркістан облысында 2027 жылға дейін жүзеге асатын 145 инвест жобаның пулы қалыптасқан. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 миллиард теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Түркістанда қазір өңірдің бар әлеуетін пайдаланып, дайын өнім шығаруға басымдық берілген. Осы мақсатта және өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытай Халық Республикасына іс-сапарлар ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде Қытай Халық Республикасының жаңа технологиясы және қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобалар бастау алды. Ал өңір экономикасына шамамен 1,2 триллион теңге инвестиция бағытталады. Ірі жобалардың қатарында текстиль кластерін құру, күн және жел электростанциясының құрылысы сияқты ірі жобалар бар.

Бұл халықаралық форум дәл осы сапарлардың ресми жалғасына айналып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара диалогтың маңызды алаңы болды десек, қателеспейміз. Форумдағы келісімдер арқылы Түркістан облысында түрлі бағытта маңызды жобалар жүзеге асып, өндіріс орындары көбейетініне сенім мол.

Қытайлық инвестор жеделсаты шығаратын зауыт ашпақ

Сонымен қатар «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвесторлармен G2В форматында кездесу өткізді. Өңір басшысы аймақтың инвестициялық әлеуеті туралы айтып, әрбір инвестордың облыс экономикасына тиімді жобасы назарға алынатынын, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жалпы, жиырмаға жуық инвестормен кездесу өткізілді. Қытайлық инвестор жеделсаты шығаратын зауыт ашу ұсынысын жеткізді. Қазақстандағы және көрші елдердегі нарықты зерттеп, Түркістан облысында жұмысын бастағысы келетінін айтты. Ал келесі инвестор аймақта кілем, перде және түсқағаз шығаратын өндіріс орнын ашуға ниетті. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.

– Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысының инвесторларды қолдау, отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасы бар. Осында зауыт ашып, отандық өнім көлемін арттырсаңыздар, мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін алуға басымдық беріледі. Жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бетпе-бет жүздесуде сиыр және тауық етін өндіріп, экспорттау, тауық жемін шығаратын цех ашу, электр қуатын өндіру, үлкен музыкалық субұрқақтар, жарық пен көлеңке шоулары, ғимараттарды сыртқы жарықтандыру жобалары ұсынылды. Сондай-ақ құрылыс, логистика, тұрмыстық заттар шығару және өзге де салалар бойынша келіссөздер жүргізілді.

Халықаралық форумның негізгі мақсаты Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру және өңірдің шет елдермен экономикалық байланыстарын нығайту. Инвестиция тартып, өндіріс орындарын көбейту болатын.

Айта кетейік, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 972 миллиард теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin