Ел Президенті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыруды, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюды тапсырған болатын. Осы ретте Түркістан облысының 109 бірыңғай байланыс бөлімі тәулік бойы тұрғындардан түсетін өтініштерді қабылдайды.
2022 жылдың шілдесінде іске қосылған Түркістан облысы бойынша 109 Бірыңғай байланыс орталығына жыл басынан бері 100 мыңның үстінде өтініш, ұсыныс келіп түскен. Орталыққа өтінімдердің 97%-ы қоңырау шалу арқылы және 3%-ы әлеуметтік желілер («Whatsaap», «Instagram», «Telegram», «Facebook») арқылы жолданған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды. Өңір басшысы халықпен байланысты нығайту, өтініштерге дер кезінде жауап беруді тапсырды.
– Байланыс орталығына түскен әрбір өтініш мұқият қадағаланып, бақылауға алынуы тиіс. Бұл істі сапалы атқара алмай отырған аудан, қала әкімдіктері жұмысты ширатсын. Өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерді созбалаңға салуға болмайды. Байланыс орталығының жұмысын жетілдіріп, жүйелей түскен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиын барысында Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Марат Айнабеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір тұрғындары күнделікті коммуналдық-тұрмыстық, білім, әкімдік қызметтер бойынша өтініш түсіреді. Басқарма басшысы шағымдарға тиісті мекемелермен берілген жауапты смс-хабарлама ретінде тұрғындарға жолдауды ұйымдастыру, аудан, қала әкімдіктерімен түскен өтінімдердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындар арасында 109 бірыңғай байланыс желісін кеңінен насихаттау шараларын жүргізу сынды бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Талдау нәтижесінде үшінші тоқсандықтың қорытындысы бойынша өтініштер 13 пайызға төмендеп отыр. Негізінен Түркістан және Кентау қалалары мен Төлеби ауданынан қоңыраулар көп түседі. Ал өтінімдердің ең азы Сарыағаш, Созақ, Отырар, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша да 20 маусымнан бері 500-ге жуық өтінім келіп түскен.
Айта кетейік, 109 Бірыңғай байланыс орталығы Түркістан облысы тұрғындарының өтініштерін қабылдап, жауапты басқармаларға немесе аудан, қала әкімдіктеріне, сонымен қатар жауапты бөлімдер мен мердігерлерге жолдап, өтініштердің толық, сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді.
Орталық «Aikey» ақпараттық жүйесінде 5 бағыт бойынша жұмыс істейді. Айта кетейік, операторлар орташа есеппен күніне 150-200 қоңырауға дейін қабылдайды. Өтініштердің басым көпшілігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі бойынша, оның ішінде жарық, ауыз су, газ, жол мәселелеріне байланысты түседі. Сондай-ақ референдум және сайлау бойынша ақпарат берілген.
Байланыс орталық өтінішті жан-жақты қабылдайды. Атап айтқанда, 109 қысқа нөмірі, «Aikey» мобильді қосымшасы, turkestanobl.109@gmail.com электронды поштасы, «WhatsApp» желісі, «Телеграмда» арнайы чат боты, сондай-ақ «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы келіп түскен өтінімдер қаралып, жауаптары арыз иесіне жолданады.
Айта кетейік, тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында облыс аумағындағы бильбордтарға 200-ге жуық баннер орнатылған екен.
Тәулік бойы тұрғындардың шағымын қабылдайтын заманауи техникалармен жабдықталған байланыс орталық Ашық әкімдік, Халықтық әкімдік тұжырымдамаларынаға сай іске асқан. Нақтырақ айтқанда, мұнда азаматтар коммуналдық-тұрмыстық мәселелер, білім беру, әкімдік қызметтер бойынша да сұрақтарын қойып, ақпарат алып, арыз-шағымдарын айта алады. Бұл тұрғыда байланыс орталығы жергілікті билік пен халық арасындағы үздіксіз байланысты нығайтуға өз септігін тигізеді.
Ел Президенті жүктеп отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыра отырып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюға да әсерін тигізеді.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, «Цифрлық даму орталығы» КММ-сінде 6 бөлім, 82 штат бірлігі қаралған. Соның ішінде 109 бөлімінде 21 қызметкер штаттық режимде, 1 қызметкер ақылы қоғамдықпен жұмыс атқаруда.
Анықтама үшін айтсақ:
3 ауысым бойынша қызметкерлер жұмыс істейді:
— 22 сағат жұмыс және 3 күн демалыс 1/3;
— 2 жұмыс күні 11 сағат, 2 демалыс күні 2/2;
— 5 күн жұмыс істейді, 2 күн демалады 5/2.
Орталық 5 бағыт (желі) бойынша жұмыс істейді.
— 1-ші желі — операторлар;
операторлар 109-орталыққа келіп түскен барлық өтінімдерді қабылдайды және «Aikey» арнайы ақпараттық жүйесіне енгізумен айналысады. Сонымен қатар, тұрғындардан келіп түскен өтініштерге жауап беру мақсатында кері байланысқа шығады.
— 2-ші бағыт (желі) – инспекторлар;
109 орталықтың инспекторлары тіркелген өтініштерді зерделейді, оларды орындау үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарға жібереді, тұрғындардың өтініштеріне жауап алу бойынша толыққанды және уақытылы жұмыс жүргізеді.
— 3-ші бағыт (желі) – орындаушылар;
орындаушылар-мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың қызметкерлері. Жұмыс жүргізеді, жетелеушілердің келіп түскен өтініштеріне уақытылы жауап береді. Әрбір жауапты қызметкерде «Aikey» ақпараттық жүйесінде пайдаланушының есептік жазбасы ашылады. Ол жеке компьютер немесе «Aikey 109» мобильді қосымшасы арқылы жазбаға кіріп, жауап бере алады.
— 4-ші бағыт (желі) – талдаушылар;
талдаушылар-орталыққа келіп түскен өтініштер бойынша қайталанатын мекенжай тізілімдері бойынша талдамалық анықтама жасайтын, шешілмеген мәселелер бойынша есеп жасайтын, өңірлер бойынша халықтың әлеуметтік шиеленісін құрайтын топ.
– 5-ші бағыт (желі) — әдіскерлер.
әдіскерлер-жаңа пайдаланушыларды тіркейді, «Aikey» ақпараттық жүйесіне кірмеген жаңа мекенжайлар жүйенің білім қорын толтырады.
Қоңырау категорияларының 5 түрі бар:
- Консультация
- Оқиға (арыз-шағым)
- Шағым
- Алғыс
- Ұсыныс
Орталыққа өтініш беру көздері:
- 109 қысқа нөмеріне қоңырау шалу арқылы;
- «Whatsapp» (+77011313109) желісі;
- «Instagram» (@turkistan_oblysy.109);
- «Facebook» (Байланыс орталығы);
- «Aikey» мобильді қосымшасы;
- чат бот «Telegram @turkobl_109_bot”.
«Жиі қойылатын сұрақтар және қолданылатын ақпараттық жүйелер тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бойынша, яғни электр жарығы, ауызсу, газ, қоқыс қалдықтары, ветеринарлық қызмет, көше жарықшамдары, кәріз құдықшалары және жол мәселелеріне, сайлау бойынша ақпаратқа байланысты. Қазіргі уақытта күніне орта есеппен 400-500 қоңырау қабылданады» — дейді басқарма жауаптылары.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облыстық Цифрлық даму орталығы» КММ жанынан 109 бірыңғай байланыс орталығы құрылып, тұрғындардың коммуналдық сала, ветеринария, транспорт және автомобиль жолдарына байланысты өтініштері «109 саll – орталығы» арқылы қабылдануда. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған жоба бүгінгі таңда өз жемісін беріп келеді. Орталық өз жұмысын бастағаннан бері өңір тұрғындарының өтініштерін қабылдап, кері байланыс орнатқан.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.