Қазіргі нарықтық экономикада сатып алушылардың құқықтарын қорғау мен сауда орындарындағы ашықтық мәселесі аса маңызды. Әдетте сөреде тауар бағаларының көрсетілмеуі – бәріміз күнделікті ұшырасып жүрген, жиі кездесетін жағдай. Мұндай жағдайдың пайда болуы құқықтық және экономикалық тұрғыдан бірқатар қиындықтар мен мәселелерді туындатуы мүмкін.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан 2024 жылы дүкендерде сөресінде тауар бағасын көрсетпегені үшін 68 кәсіпкерлік субъектісіне 924 756 теңге айыппұл түрінде шара қолданылды.
Сөреде тауарлардың бағалары көрсетілмеген жағдайда сауда орындарында баға көрсетудің міндеттілігі мен оның дұрыстығын қадағалау үшін бақылауды күшейту қажет. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілікті арттыру керек. Сөреде тауарлардың бағалары көрсетілмеген кезде тұтынушылардың құқықтары бұзылады, нарықтағы ашықтық пен әділ бәсекелестік принциптері сақталмайды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін, Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ҚР Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген жадынамаларды Түркістан облысында орналасқан сауда орындарына таратылып нақты талаптар қойылды. Тек осы жағдайда ғана тұтынушылардың құқықтары толық қорғалып, нарықтың тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік туады.
Құқықтық тұрғыдан ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, және «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабы, 31-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сауда орындарында тауардың бағасы міндетті түрде көрсетілуі тиіс делінген. Бұл ереже тұтынушылардың өз құқықтарын толық түсінуі мен дұрыс шешім қабылдауын қамтамасыз етеді. Бағалар көрсетілмеген жағдайда сатып алушыға тауардың құнын алдын ала білу мүмкіндігі берілмейді, бұл заңға қайшы келеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында «Өнімдерді таңбалау және олардың бағаларын көрсету» туралы мемлекеттік стандарттар бар. Бұл стандарттар дүкендер мен сауда орындарының тауарлардың бағаларын нақты және анық көрсетуін талап етеді.
Бағалары көрсетілмеген тауарлар супермаркеттер мен базарларда жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың орын алуына техникалық себептер, кейде дүкендер жүйесінің ақаулары немесе жаңа тауарлардың енгізілуі барысында бағалар уақытша көрсетілмей қалуы мүмкін. Бағаны алдын ала білмеу тұтынушыларға жоспарлау мен бюджеттеу қиындықтарын туғызады. Мысалы, баға соңғы сәтте белгілі болған жағдайда, сатып алушы өзінің шығыстарын қадағалай алмайды. Бағалары көрсетілмеген сауда орындары тұтынушылардың сенімін жоғалтуы мүмкін. Сатып алушы кез келген уақытта бағаны өзгертуі мүмкін екенін сезініп, өзіне қолайлы жағдай іздейді.
Егерде өз құқығыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, дүкен сөрелерінде тауар бағасы жазылмаған фактілерді анықтасаңыз немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалса, я болмаса сапасыз қызмет алсаңыз, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сол кәсіпкерге қатысты арыз-шағым білдірсеңіз болады. Ол үшін «жедел желі» нөмірлеріне (+7771 322 8282, +7700 606 0071, +7775 224 5616, +7707 347 3876), сондай-ақ электронды және жазбаша өтініштерді департаменттің мекенжайына (Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтекауданы, 32 көше, 16 ғимарат, А корпусы, 427 кабинет), «Е-otinish» ақпараттық жүйесі арқылы жіберуге болады.
Атап өту керек, Түркістан облысында азық-түлік бағаларының тұрақтылығы – әрқашан басты назарда. Мемлекет басшысы елімізде бағалардың өсуіне бақылау жасауды және тұрақтандыру қорлары арқылы азық-түлік тауарлары нарығын тұрақтандыруды тапсырған болатын.
ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, сатушылар шекті сауда үстемесінің жол берілетін мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда берушінің сатып алу бағасының 15 (он бес) пайызынан асырмауы тиіс. Қазіргі таңда Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 204-4-бабына сәйкес ішкі сауда субьектісінің «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңнамасында белгіленген ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін асырып сатқаны үшін облыс бойынша 213 кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара көріліп, заң бұзушылықтар жойылды.
Қазіргі уақытта ӘМАТ тізіміне 19 тауар кіреді. Олардың қатарында бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), картоп, асханалық сәбіз, басты пияз, ақ қауданды қырыққабат, ақ қант – құмшекер, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын – төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), майлылығы 2,5% болатын жұмсақ қаптамадағы пастерленген сүт пен айран, сары май (тұздалмаған, майлылығы кемінде 72,5%, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ), тауық жұмыртқасы (І санатты), ас тұзы («Экстра»-дан басқа), сүзбе, майлылығы 5-9% кіреді.
Айта кетейік, жалпы Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты және бағасын негізсіз өсірмеу бойынша жұмыстар күнделікті бақылауда ұсталады. Сонымен қатар тиісті шаралар өз кезеңімен жалғасады.
Реті келгенде азық-түлік бағасына қатысты осы желтоқсан айына тиесілі маңызды ақпаратпен бөлісе кетейік. Республика бойынша Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар 11 азық-түліктің бағасы республикалық орташа бағадан төмен екені анықталыпты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып, ҚР СИМ Сауда комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, өңірде бидай ұнының бағасы елдегі орташа бағадан 33 % арзан. Яғни орташа баға 224 теңге болса, Петропавлда ұнның келісі 150 теңге тұрады. Ал сәбіз бағасы 14% арзан. Сәбіздің елдегі орташа бағасы 152 теңге болса, СҚО-да оның құны – 130 теңге.
Елдегі ең арзан жұмыртқаны да Солтүстік Қазақстаннан табуға болады. Мұнда С1 санатындағы жұмыртқа – 462 теңгеден саудаланып жатыр, ал бұл өнімнің елдегі орташа бағасы — 545 теңге.
«Осы өңірде сүзбе бағасы 25 пайызға арзан. Елде сүзбенің 1 келісі 2172 теңгеден саудаланса, СҚО-да 1622 теңгені құрайды. Картоптың бағасы 14 пайызға арзан» делінген хабарламада.
Сондай-ақ сиыр еті СҚО-да 2388 теңге, бұл республикалық орташа бағадан 7,2 пайызға арзан. Нан (-17,4%) мен рожки (-19,6%) құны да арзан. Республикалық орташа бағадан арзан өнімдер қатарында қарақұмық жармасы, сары май, пияз бен орамжапырақ та бар.
«Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстау, тіпті ӘМАТ тізіліміндегі 11 тауардың құнын елдегі орташа бағадан арзандату үшін мониторинг және мемлекеттік бақылау шаралары жүргізіліп келеді. 11 айдың қорытындысы бойынша ӘМАТ тауарларына сауда үстемесін тиісті 15%-дан асырғаны үшін 134 сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 118-і ескерту болса, 16 кәсіпкерге айыппұл берілді», — деді СҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.
Ал 2024 жылғы 2 желтоқсанда Ұлттық статистика бюросы қарашадағы және жылдық кезеңдегі бағаның көтерілу жағдайы туралы айтқан болатын.
2024 жылғы қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі алдыңғы айдағыдай 0,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% жоғарылады.
Азық-түліктен қияр бағасы – 40,3%, қызанақ – 37,3%, тәтті бұрыш – 15,5%, басты пияз – 13,9%, сарымсақ – 10,1%, қырыққабат – 8,9%, картоп – 6,2%, апельсин – 4,8%, лимон – 4,1%, күнбағыс майы 4% өсті. Бағаның төмендеуі күрішке – 2%, қантқа – 1,9%, алмаға 0,7% байқалды.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 11,4%, электр энергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 2,2%, орталықтан жылытуға 2,1% жоғарылады. Шинамонтаж қызметтері 3%, монша қызметтері – 2,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады.
«Ағымдағы жылдың қараша айында бағаның өсуі отынға – 1,4%, тас көмірге 1% байқалды. Смартфон – 9,8%, алтыннан жасалған неке жүзігі – 6,2%, киім және аяқкиім 0,9% қымбаттады», — деп жазды Ұлттық статистика бюросы.
Өңірлердің ішінде ең жоғары айлық инфляция Қарағанды облысында – 1,5% (орташа республикалық деңгейден 0,6 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы қаласында 0,4% тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Шымкент қаласында – 2%, азық-түлік емес тауарларына – Маңғыстау облысында 2,3%, ақылы қызметтерге – Алматы облысында 2,6% өсті.
2024 жылғы қарашада жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,4% құрады. Ақылы қызметтердің бағасы – 13,3%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы – 8%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,4% жоғарылады.
2023 жылғы қарашасымен салыстырғанда тарифтер суық суға – 43,1%, су бұруға – 25,7%, электр энергиясына, ыстық суға – 21,7%-дан, орталықтан жылытуға – 17,5%, қоқыс шығаруға 10,3% жоғарылады. Теміржол билеттері 24,5%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру – 22,3%, стоматология қызметтері 12,8% қымбаттады. Ноутбуктың бағасы – 65%, ас үй пеші 40,8% өсті. Бағаның өсуі ацетилсалицил қышқылына – 27,6%, канефронға – 24%, корвалолға – 21,9%, ацикловирге 19,6% байқалды. Картоп – 28,2%, қияр – 25,9%, қызанақ – 25,5%, зәйтүн майы – 23,3%, тәтті бұрыш – 19,8%, сарымсақ 18,4% қымбаттады. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 21,6%, сәбіз – 10,2%, лимон – 8,9%, қырыққабат – 8,5%, күнбағыс майы 5,3% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
2024 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 42,0%, азық-түлік емес тауарлар – 29,8%, ақылы қызметтер 28,2% құрады.
2024 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы Тимур Сүлейменов қазан айында инфляция Ұлттық банк белгілеген 5 пайыздық межеден айтарлықтай жоғары болып, үдей түскенін айтты. Оның айтуынша, бағаның өсуі ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен жеделдеуде. Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі, тұтынушылық сұраныстың жоғарылауы, теңгенің әлсіреуі және инфляциялық күтулердің артуы ел экономикасындағы бағаларға қысым жасауды жалғастыруда.
Өнімдердің сапасы жіті бақылауда тұр
Жалпы, Түркістан облысында тұтынушы сапалы тауар тұтынуы үшін құзырлы органдар тарапынан тексерулер ұдайы жүргізіліп отырады. Сондай бір тексеріс барысында мамандар азық-түлік және азық-түлік емес өнімдерінің 29 үлгісі сатып алған. Оның ішінде сүт өнімінен ішек таяқшалары тобының бактериялары, торт өнімінен стафилококк табылып, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 3 өнім сатылған. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Асқар Әшімханов мәлімдеді.
— Кәсіпкерлер тауарды сату кезінде көп жағдайда температуралық режімді сақтамайды. Базарлардың жанындағы көше дүңгіршектерінде аптап ыстықтарда тәтті тоқаштар мен торттардың сатылып жатқанының куәсі болдық. Өнімді сатып алу кезінде көптеген сатушылар фискалды және сату түбіртектерін бермеген, Бұл әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 284-бабын бұзу болып табылады. Ал дүкендердегі сапасыз өнімді кері қайтару үшін фотосы мен банк аударымдары жеткілікті дәлел бола алмайды, — дейді ол.
Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Асқар Әшімхановтың деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда департамент және «Адал» қоғамдық бірлестіктері тарапынан 2024 жылдың үш тоқсанында жалпы саны 44 тауар сатып алынып, зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Түркістан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды. Нәтижесінде 44 тауардың 26-сы (ет, сүт, тауық еті және т.б) арнайы зертханаға тексеру үшін жолданып, кемшіліктер анықталған 9 тауар дүкендердегі сатылымнан алынды, — дейді сала маманы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.