Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.
– «Ауыл – Ел бесігі» жобасын сапалы жүзеге асыру керек. Бұл жоба елді мекендердің инфрақұрылымы мен тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етеді. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары бірлесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуі тиіс. Қаржы уақтылы игеріліп, құрылыс өз мерзімінде аяқталуы қажет. Қаржы бар, ауа райы қолайлы, жұмысты жалғастырыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды өз кезегінде құрылысы кешеуілдеген нысандар тіркелген аудан һәм қала әкімдерінің есептерін тыңдап, сын-ескертпе жасады. Жұмысты жандандыруды тапсырды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 181 елді мекенде 213 жобаны іске асыруға 29,5 миллиард теңге бөлінген екен. Олардың арасында өтпелі нысандар да бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 156 жаңа жобаның 153-іне жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар жасалған. Биылғы 1 қарашаға жоспарланған 23,6 миллиард теңгенің 20,6 миллиард теңгесі игерілді немесе жоспар 87,2 %-ға орындалған.
Жыл қорытындысына сәйкес 152 жобаны пайдалануға тапсыру жоспарланған. Биыл 1 қарашадағы жағдайға қарасақ, 27 жоба пайдалануға қабылданса, 125 жоба енді аяқталады. Өтпелі жобалар бойынша ағымдағы жылдың 1 қарашасына жоспарланған 9,6 миллиард теңгенің 7,8 миллиард теңгесі игерілді немесе жоспар 80,7 %-ға орындалған.
Жиын соңында өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне бұл жұмыстарды жылдам аяқтап, жұмысты жандандыру керектігін ескертті. Жобаның орындалуы тұрақты бақылауға алынған.
Салыстыру үшін айта өтейік, 2023 жылы Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 166 елді мекенде 352 жоба іске асырылып, 31,3 миллиард теңге игерілді. Нәтижесінде 297 жоба пайдалануға тапсырылды.
Естеріңізде болса, биыл наурыз айында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі қаралған-ды. Премьер-Министрдің сол тұстағы орынбасары һәм сол тұстағы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауылдық жерлерді дамытудың ағымдағы жай-күйі туралы баяндаған. Вице-премьердің айтуынша, бүгінде елімізде 6 256 ауылдық елді мекен бар, оларда 7,6 миллион азамат немесе республикадағы халық санының 38,4%-ы тұрады.
2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,8 мың ауылдық елді мекенде 524 миллиард теңге сомасына 5,4 мың жоба іске асырылды. Сондай-ақ 85 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды, 10,5 миллиард теңгеге 1,8 мың медициналық техника сатып алынды, 120 өрт сөндіру бекеті құрылды. Интернетке «Wi-Fi HotSpot» технологиясы бойынша 176 ауыл қосылған.
Мамандарды тарту үшін «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бюджеттік несие мөлшері 1,5 мыңнан 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Аталмыш жиында өңірлердегі ауылдық жерлерді дамыту туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасаған болатын.
Үкімет басшысы әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайтынын айтты. Премьер-Министр Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойды. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы Жүйеде қамтылған. Тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс.
«Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет», — деді Олжас Бектенов.
Оған қоса Премьер-Министр стандарттар жүйесін басқа бағдарламалық құжаттармен, соның ішінде ұлттық жобалармен өзара үйлестіруді тапсырды.
Мектептердің апатты жағдайда болуынан, денсаулық сақтау мекемелерінің жарамсыздығынан кейбір ауылдар тұрғындары медициналық қызмет және білім алу үшін басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болып отыр.
«Ауылдарда ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек», — деді Олжас Бектенов.
Осы міндеттерді кезең-кезеңмен шешу үшін Үкімет салықтардың және бюджетке түсетін төлемдердің кейбір түрлерін ауылдық округтердің бюджетіне беруді жалғастырады.
Сонымен қатар Олжас Бектенов маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бизнес субъектілерін тартудың маңыздылығын атап өтті. Бірқатар өңірде жақсы мысалдар бар. Мәселен, былтыр Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан шыққан кәсіпкер сол елді мекенге үлкен мектеп салып берді. Ақмола облысының Қараөткел ауылында жеке қаражатқа балабақша салынды.
«Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысына, жолдарды жөндеуге, көшелерді абаттандыруға, қоғамдық демалыс орындарын салуға қолдау көрсетуде. Елімізде мұндай жақсы мысалдар жеткілікті. Әкімдіктер ауыл тұрмысын жақсарту ісіне бизнесті де белсенді жұмылдыруға тиіс», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы ауылдардағы кадр мәселесіне ерекше назар аударды. Әкімдіктер ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесін шешуі қажет. Келген мамандарға, әсіресе, жастарға, соның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы аясында көрсету керек.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларын іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді:
Біріншіден, жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бірдей игіліктер мен қызметтердің қолжетімді болуын назарда ұстай отырып, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту;
Екіншіден, ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтау;
Үшіншіден, ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындау керек.
Атап өтерлігі, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы ірі қалалардың шеткі аймақтарын, моно және шағын қалаларды дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Биыл бұлбағдарламаны жүзеге асыру үшін 179 миллиард теңге бөлінген.
Аталмыш бағдарламаға 2019-2022 жылдар аралығында 326 миллиард теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба жүзеге асырылған еді. Соның арқасында 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектісі, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектісі, көлік инфрақұрылымының 2,2 мыңнан астам жобасы жаңартылды. Ал, 2023 жылы 800-ге жуық ауылда 200 миллиард теңгеге жуық 1,8 мың жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында — 222 жоба, әлеуметтік салада инфрақұрылым – 421, көлік инфрақұрылымында – 1 182.
2024 жылғы бөлінген 179 миллиард теңгеге 500-ге жуық ауылдық елді мекенді қамту, сондай-ақ 1,4 мың инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын.
“Ауыл – ел бесігі” жобасы жыл сайын қарқын алып, оған бөлінетін қаражатта артып келеді. Мысалы, бір Ақмола облысында осы жоба арқылы кейінгі төрт жылда 85 ауылда 222 жоба жүзеге асырылып, 200 мыңнан астам ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарған.
Бұл жоба арқылы 2027 жылға қарай даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың барлығын өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне келтіру жоспарланып отыр. Қазіргі күнде аулдық жерлерді дамыту Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жақсы серпін байқалып отыр.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет ауыл халқының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша шараларды іске асыру арқылы ауылдарды жүйелі дамытуға ерекше назар аударатынын айтқан болатын. Соның аясында ауыл халқының табысын арттыруға қатысты Үкімет «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – Ел бесігі» және т.б. бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек үкімет басшысы 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беру жоспарымен 100 миллиард теңге бөлу көзделгенін мәлімдеді. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы: Түркістан өңірінде биыл 160 жоба толықтай қаржыландырылып, 1,1 миллиард теңге игерілді
Сондай-ақ, ауыл халқының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының да маңызы зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысында өз нәтижесін беріп жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі жаңадан кәсіп ашса, бірі шағын кәсіпорнын кеңейтіп, әл-ауқатын жақсартып келеді. Халықты аграрлық бизнеске тарту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қолдау мақсатындағы мемлекеттік жоба жоспарға сай орындалуда.
Түркістан өңірінде биыл 160 жоба толықтай қаржыландырылып, 1,1 миллиард теңге игерілді. Өсімдік, балық, құс және мал шаруашылығын дамыту, кәсіпорындар мен кооперативтерді техникамен қамту, жеңіл өнеркәсіп өндіру сынды жалпы 7 бағыт бойынша жобалар қолдау тапты. Олардың арасында ерекше өнім жасап шығарып, сұранысқа ие болған кәсіпорындар бар.
«Түркістан» ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бағдарламаға 16 аудандағы 64 ауылдық округ қатысқан. Кооперативтерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге басымдық берілді. Осы жылы өтініштерді электронды түрде қабылдау жүйесі іске қосылды. Онлайн қабылдау жүйесі — кәсіпкерлердің уақытын тиімді пайдаланып, қолжетімділікті арттыруға септігін тигізуде.
Орайы келгенде назар айдарар жайт, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттыруға оң ықпал етті. Мәселен, Сарыағаш ауданында өткен жылы пилоттық жобаға қатысушы ретінде ауданға қарасты 4 ауылдық округ, атап айтқанда, Жібек жолы, Жарты төбе, Қызылжар, Құркелесте жүргізілген скрининг жұмыстарының нәтижесінде әр ауылдық округтің мамандандырылуына қарай басым бағыттар айқындалып, негізгі 6 бағыт бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Аталған ауылдық округтер кесіндісінде 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, несие алуға ниетті азаматтар осы кооперативтерге біріктірілді. Нәтижесінде 820 азамат жұмыспен қамтылған. Биыл «Ауыл аманаты» жобасын жаңадан 4 ауылдық округ, атап айтқанда, Қабланбек, Дербісек,Тегісшіл, Дарбаза ауылдық округ тұрғындары жүзеге асырып жатыр.
Айта кетсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, 2023 жылы бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлінді. 6 бағыт бойынша 3200-ден астам жоба жүзеге асырылды. Өткен жылғы жоспар 103 пайызды құрап, артығымен орындалды. Жоба аясында өндірілген өнім көлемі бойынша Түркістан өңірі елімізде көш басынан көрінді. Сондай-ақ 3413 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, Түркістан өңірінің еңбекқор халқы «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көруде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.