Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Таяуда Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мәселе күн тәртібіне қойылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы өңірдің негізгі драйверінің бірі екеніне тоқталып, жауапты басшыларға, аудан һәм қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Ауыл шаруашылығында өнім көлемін ұлғайту индикаторы толық орындалуы тиіс. Салаға инвестиция тарту, өсімдік, мал шаруашылығында өнімді молайту, техникалық паркті жаңарту бағытында да міндеттер жүктелген. Жыл сайын су тапшылығы сезіліп жатыр. Аудан, қалаларда су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Тапсырманы орындай алмаған сала басшыларына тиісті шара көріледі. Әрбір индикатордың артында елдің әлеуметтік жағдайы тұр. Сондықтан жұмысты күшейтіңіздер, – деген Дархан Сатыбалды көрсеткіштері төмен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтты.
Облыс әкімінің салаға жауапты орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, 10 айдың қорытындысына сәйкес ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің өсімі 105,8 пайызды құрап, 957,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Аудан, қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, өсімдік шаруашылығы бойынша дәнді дақылдар 1,3 есе (1061,1 мың тонна), картоп дақылы 115 пайызға (330,1 мың тонна), көкөніс 103 пайызға (1231 мың тонна), бақша 114 пайызға (1967 мың тонна), малазықтық дақылдар 111 пайызға (5,5 миллион. тонна) артығымен жиналған. 11 ай және жыл қорытындысына орай мәліметтерді толық статистикалық есепке енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Ауыл шаруашылығы техникалар паркін 6,5 пайызға жаңалау жоспарланған. Бүгінгі күнге 1 655 дана техника сатып алынып, жаңалау үлесі 6,5 пайызды құрап, жылдық жоспар орындалған.
Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 130 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе (145,7 %), тамақ өндірісінің негізгі капиталына 22,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9 есе (186,9 %) артқан.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында, жыл басында 16 даму көрсеткіштері бекітіліп, ай сайын тұрақты рейтингтік бағалау жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізде болса, қараша айының соңында да Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен агроөнеркәсіп кешенінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланған мәжіліс өткен-ді. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асып жатқан және алда қолға алынатын жобалар туралы мағлұмат беріліп, жауапты басшылардың есептері тыңдалған. Өңір басшысы аудан, қала әкімдері мен Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына, «Түркістан» ӘКК басшылығына тиісті тапсырмалар берген болатын.
– Бізге тың идеялар мен жаңа жобалар қажет. Барлық аудан, қала әкімі ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, өнімді терең өңдеуге басымдық беруі тиіс. Су үнемдеу технологиясын енгізу, жаңа тәсілдерді қолдану, егістікті әртараптандыру маңызды. Нақты жоспар, жүйелі жұмыс қажет, – дейді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалды. Агроөнеркәсіп кешенінің әр саласы бойынша тартылатын инвестиция бойынша мағлұмат берілді.
2024 жылдың 10 айында агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 130 миллиард теңге тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артты. 2024-2030 жылдары аралығындағы өңірде ауыл шаруашылығына 556 миллиард теңге инвестиция тартылып, 336 жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Осы арқылы 12 мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделген. Ал биылғы 10 айда АӨК-те 30 жоба жүзеге асып, 237 жұмыс орны ашылды.
Облыс әкімі жоспарлар қағаз жүзінде қалмай нақты іске асуы керектігін айтты. Аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. Жобалар әлі де жүйеленіп, тиісті жұмыстар атқарылады.
Жүйелеу демекші, қазан айының 17-сінде өткен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткен «AGROFEST TÚRKISTAN — 2024» салтанатты шарасында да өңір басшысы біраз сөздің тиегін ағытқан.
– Халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Түркістан облысы аграрлық саланы дамытуда елімізде жетекші орынға тұрақтаған. Ауыл шаруашылығында еліміздегі жалпы өнім көлемінің 14 пайызы өндіріледі. Биыл 9 айда 747 миллиард теңгеге жуық өнім өндірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән береді. Осы тұрғыда, өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды ендіру бағытында, біз көршілес Өзбекстан, Қытай және Түркия, Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін ендіруіміз қажет. Облыстың табиғи – климаттық қолайлығы, жұмыс күші тұрғысында саланы жан-жақты дамытуға мол мүмкіндіктер береді. Заман көшінен қалмай, біз өрлеу үшін алдымызға ауқымды жоспарлар түзіп, биік межелерді белгілеп отырмыз, — деді Дархан Сатыбалды.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген және негізгі капиталға инвестиция тартуда озат аудан, қала әкімдері облыс әкімінің дипломымен марапатталды. Бірінші орынды қайта өңдеу саласын дамытуда көш бастаған, 13 даму көрсеткіші бойынша алғашқы орынға шыққан, жалпы өнім көлемі 108,7 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 129,8 пайызға жетіп, облыстық көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз еткен Сайрам ауданы әкімдігі жеңіп алды. Екінші орынды Қазығұрт ауданының еңбеккерлеріне бұйырса, үшінгі орынға Жетісай ауданы лайық деп танылды.
Жалпы, Түркістан облысында бұл салада мақта кластерін дамыту, Австралия тәжірибесі негізінде ет кластерін құру, Жібек шаруашылығын дамыту, субтропикалық жылыжай шаруашылығын ұлғайту, қайта өңдеу саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,2 есе арттыру көзделген.
Облыста 80 мыңға жуық агроқұрылымдар жұмыс жасайды, бұл республикалық көрсеткіштің 31 пайызы. Өңірімізде 1 миллион ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ауыл шаруашылығына тікелей қатысты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар 1,6 есеге дейін артып, 148 миллиардтеңгеге жетті. Қайта өңдеу көлемі 94 миллиард теңгені құрады. Ет экспорты бойынша облыс – еліміздің көшбасында келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің – 80 пайызы, ұсақ мал етінің – 75 пайызы Түркістан облысының үлесінде.
Биыл облыста ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруда кешенді шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы Үкіметке ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырып отыр. Осы тұрғыда, облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 17 мың гектарға ендірілді. Технологияның қол жетімділігін арттыру үшін, 3 жергілікті зауыт іске қосылды. Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызын субсидиялау жүргізуде.
Бұл салаға жаңа технологияларды ендіруге басымдық берілген. Биыл ағын суды, энергияны, еңбек ресурстары мен минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, жаңа технологиямен 2 мың гектарға егілген мақта дақылы 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. «ҚазАгроҚаржы» Акционерлік қоғамының жылдық 5 пайыздық қол жетімді лизингтік бағдарламаcы іске қосылды. Нәтижесінде, 9 айда жаңадан 1 603 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, облыстағы техникалар паркі 6,3 пайызға жаңаланды. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.
Өңірдегі су нысандарының құрылысын «Ислам даму банкі» арқылы қаржысын тарту есебінен жүргізу келісілді. Бірінші кезеңге құны 73,6 миллиард теңгеге 14 жоба қаржыландырылады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады. Нәтижесінде, 166 шақырым канал бетонмен қапталып, 53,3 мың гектар суармалы жерге су жеткізетін болады. Екінші кезеңге 2025 жылға 23 нысанға жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жобалардың болжамды құны 120 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар коммуналдық меншіктегі 11 су нысанын «Қазсушар» республикалық мекемесі теңгеріміне беру арқылы «Ислам даму банкі» тарапынан қаржыландырылады. Нәтижесінде, 151 шақырым канал бетонмен қапталып, 78,7 мың гектар ағын сумен қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысында 50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді
Ағын су демекші, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.
Бүгінгі таңда облыста 50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылды. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтиды. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар, бұл Республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі саналады.
Осы тұрғыда, өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. Облыста ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал, 42 су қоймалары, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін, облыстық «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуетін тиімді пайдалану қолға алынды. Мекеме тарапынан, облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80 пайыздан 10 пайызға төмендеді.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 42,4 мың гектар суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Тұран су» мекемесін техникалық жарақтандыруға аса басымдылық берілген. 2023 – 2024 жылдары мекеме табысы есебінен 60 бірлік арнайы техникалар бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Мекеме тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне, каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында, құны 756,4 миллион теңгеге 14 дана экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Нәтижесінде 714 шақырым каналдар, 387 шақырым қашыртқылар тазалануда.
ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, биыл Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын жаңадан 22 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспар 69 % орындалды немесе су үнемдеу технологиялары 15 591 гектарға орналастырылған. Оның ішінде, 9 563 гектарға тамшылатып, 6 028 гектарға жаңбырлатып суару технологиялары ендірілген.
– Су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарын орындап қана қоймай, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу керек. Әр аудан, әр алқаптардағы егістікті біркелкі ету маңызды. Мәселен, бір аумақта түгел мақта егіп, бір аумақты басқа да дақыл егуге мамандандыру маңызды. Сонда ғана су үнемдеу технологиясы толық жемісін беріп, түсім де, табыс та артады. Одан кейін бір көкөністі немесе дақылды егуге маманданған аудандарда өнімді терең өңдеу зауыттарын ашу маңызды. Осылайша, өнімді өсіруден бастап, оны өңдеу, экспорттау бойынша тізбек қалыптасады. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері су үнемдеу технологиясын енгізумен қатар егетін дақылды анықтау, сапалы сұрыптарын ұсыну, өнімділікті арттыру бойынша сүйемелдеу жұмыстарын жүргізсін. Біздің мақсат – суды үнемдеу арқылы су тапшылығы мәселесін шешу және өнімділікті арттыру, – дейді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі суармалы жері көп, мақта егетін Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандары әкімдеріне су үнемдеу технологияларын енгізу, егістікті біркелкі ету, әр аймақты бір дақылға мамандандыру бойынша жоспар жасап, экономикалық тиімділігін дәлелдеуді тапсырды. Жоспарды орындауды кешіктіріп жатқан аудандардың әкімдерінің есептері тыңдалып, жұмысты жандандыру жүктелді. Сонымен бірге шаруалармен тұрақты кездесіп, түсіндіріп, оларды ірілендіру керектігін жеткізді.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жалпы облыста су үнемдеу технологияларын қосымша 8391 гектарға ендіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысына сәйкес 23 982 гектарға ендіріліп, жоспар артығымен орындалады деп күтіліп отыр. Биыл өңірде су үнемдеу технологияларын шығаратын 3 жаңа зауыт ашылып, жұмысын бастады. Олар – «TURAN SU» МКК-нің жылына 9000 гектар жерді тамшылатып суару жобасы, «BNK Group LTD» ЖШС-нің жылына 1000 даңа жаңбырлатып суару технологиясын шығару жобасы және осы компанияның жылына 14 мың гектарға тамшылатып суару технологиясын шығару жобасы. Үш жобаның жалпы құны – 12,5 миллиард теңге, 85 жұмыс орны ашылған. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектарды қамтиды. Сонымен қатар келер жылы Отырар мен Мақтаарал аудандарында да осы бағыттағы кәсіпорындар ашылмақ. Облыста су үнемдеу технологияларын ендіру, өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Айтпақшы, өңірдегі су үнемдеу технологиясын ендіруге шетелдік инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының су үнемдеу технологиясын ендіру және өңірге инвестиция тарту бойынша тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «INNARI Innovation Nature Irrigation» компаниясының директоры Ян Фридельмен кездесті. Топырақты ылғалдандыруға арналған құбыр өндірумен айналысатын неміс компаниясының басшысы өнімдермен таныстырып, ирригектарциялық мүмкіндіктерді тиімді жүзеге асыру жолдарын ұсынды.
«INNARI Innovation Nature Irrigation» өнімдері Қазақстан нарығында 2013-жылдан бері қолданыста. Компания Түркия, Сауд Арабиясы, Марокко, Испания, Оңтүстік Корея және Қытай елдерінде ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Түркістан облысында су үнемдеу технологиясын кеңінен қолдану тапсырмасы аясында бүгінге дейін 17,3 мың гектарға жаңа технологиялар ендірілді. Технологияның қол жетімділігін арттыру мақсатында жылына қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтамасыз ету мүмкіндігі бар 3 зауыт іске қосылды. Бұл нарық бағасын 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологияларын ендіру шығыстарының 80 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануда. 2024 жылы 28 ауыл шаруашылығы кооперативіне 4673 гектарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.
Кездесу барысында Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштеріне тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетілген жеңілдіктер жайын жеткізді. Серіктестік байланысты нығайту жолында екі жақты нәтижелі шешімдер қабылданатынына сенім білдірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.