Түркістан облысы: Түлкібас ауданында шетел кәсіпкерлерімен іскерлік байланыс орнатылды

Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес аймаққа инвестиция тарту мақсатында Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Қытай еліндегі Үрімші индустриалды аймағының басшысы Чжен Сын бастаған делегектарцияны қабылдап, іскерлік байланыс орнату мақсатында меморандумға қол қойды.

Жалпы, аталған делегектарцияның бір мүшесі Зну Мунг соңғы технологияларды пайдалана отырып, жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын қоймалардың құрылысымен айналысады. Компания өкілінің айтуынша, салған қоймалары қыста жылы, жазда салқын температураны біркелкі ұстап, тіпті ыстық-суыққа төзімсіз өсімдіктерді сақтауға да өте қолайлы.

Аудан әкімі ауданда жеміс-жидек өсірумен шұғылданатын ірі кәсіпкерлердің көптігін ескере келе, алдағы уақытта сол кәсіпкерлерден қойма қажеттілігін анықтау бойынша жұмыстар атқарылып, соның негізінде тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді. Сонымен қатар, кездесуді пайдалана отырып, Асқар Сұлтанұлы ауданға арнайы ат басын бұрып келген Чжен Сынге күн шығыс елінің ауданымызға инвестиция құйып, өз кәсібін өрлетемін деген кәсіпкерлеріне мемлекеттен барлық қолдаулар көрсетілетіндігін тілге тиек етті.

Ауданның ауыл шаруашылығы, туризм және тамақ өнеркәсібі саласындағы әлеуеті жоғары екенің айтып, аймақтың кәсіп дөңгелетуге ынғайлы әрі пайдалы тұстарын қамтып өтті.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда ауданда 3135 гектар алма бау бар. Олардан алатын өнім көлемі жылына орта есеппен 30-32 мың тоннаны құрайды. Ал, сол жемісті сақтайтын нақты 7,5 мың тоннаға ғана шақталған қоймалар бүгінгі таңға жұмыс істеп тұр.

Иә, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүруде. Осыған байланысты Түлкібас ауданының әкімі таяуда тиісті бөлім басшыларымен бірге Қытай елінде іссапарда болып қайтқан-тын. Іссапар барысында Үрімші және Санжы қаласындағы индустриалды аймақтың басшылығымен кездесіп, келіссөздер жүргізіп, кәсіпкерлік нысандарды аралады.

Ол жерде тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеумен көш бастап тұрған кәсіпорындарының жұмысын бақылап, тәжірибе алмасты.

Нәтижесінде жоғарыдағы тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысып жүрген ірі кәсіпкерлер Донг Уонг пен Зну Мингпен іскерлік байланыс орнату бойынша екі жақты келісімшарт түзіліп, алдағы уақытта ауданда құны 28 миллиард теңгені құрайтын 3 жобаны іске асыру бойынша келіссөздер жүргізілді.

Бұл жобалар іске асқан жағдайда аймақта 410 адамға жаңа жұмыс орны ашылып, аудандық бюджетке 400 миллион теңгеден астам салық түседі деп жоспарланып отыр.

Атын атап, түсін түстесек, Түлкібас ауданында 2025 жылы жалпы инвестициялық құны 67,5 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Одан түсетін болжамды салық көлемі 97,7 миллион теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар, 858 азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жоспарға енген жобалардың ішінде «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС зауыты бар. Онда каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк өндірілмек. Сонымен қатар, «Azia Food Company» ұн диірмені де алдағы жылы толықтай іске қосылады деп күтілуде.

«2024 жылдың 10 айында аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 81 миллиард 519,2 миллион теңгені құрады. Ал, шағын және орта бизнес нысандарының саны 9 787-ге жетіп, 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 2025 жылы аталған саланы дамыту мақсатында жалпы құны 2,2 миллиард теңгені құрайтын, 22 жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар толықтай іске асырылса, 226 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан бюджетіне қосымша 138 миллион теңге салық түседі деп күтілуде» — дейді аудан басшысы.

Сонымен қатар, ауданды туристік аймаққа айналдыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінде өңірде 36 туристік нысан жұмыс істейді. Ал, келер жылы құны 3,1 миллиард теңгелік 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Көзделген мақсат толықтай іске асса, 235 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Атап айтсақ, «Түлкібас саясы» ЖШС қолданыстағы емдік сауықтыру орталығы II-кезеңі. Жоба құны — 170 миллион теңге, ашылатын жұмыс орны — 40 адам; «ATABULAK» ЖК олимпиада ойындарына спортшылар дайындау орталығы. Жоба құны — 586 миллион теңге, ашылатын жұмыс орны — 20 адам; «Ақ-Су Жабағылы» ОСК ЖШС оңалту сауықтыру кешенін қайта құрылымдау. Жоба құны — 2 миллиард теңге, ашылатын жұмыс орны — 150 адам;
«Патсаев К» ЖК туристік аймағы. Жоба құны — 150,0 миллион теңге, ашылатын жұмыс орны — 5 адам;
«А.Бакеев» ЖК демалыс аймағы. Жоба құны — 200,0 миллион теңге, ашылатын жұмыс орны — 20 адам;
Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда 235 жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке 27,1 миллион теңге салық түсімдері түседі деп жоспарлануда.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда ауданда 36 туристік нысан халыққа қызмет көрсетуде.
Олардың қатарында, 3 қонақ үй, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік базалар, 4 киелі аймақ бар. Жалпы, ағымдағы жылдың 10 ай қорытындысына сәйкес аймаққа 11 мыңнан астам турист келген.

Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80 гектар жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру бағытында Иірсу, Жабағылы рекреациялық аймақтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақта киіз үйлер қалашығын, коттеджді қалашықтар, қонақ үйлер, ойын-сауық орындары, жабық спорттық залдар, ашық спорт алаңдарын және тағы басқа нысандар орналастыру үшін жер телімдері ұсынылатын болады.

Жобалар толық іске қосылғанда, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, төсек-орын саны қосымша 640 бірлікке артып, салық түсімдері ұлғаяды деп күтілуде.

Сондай-ақ, Түлкібас ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі жыл басынан бері 46 миллиард 452 миллион теңгені құраған. 2025 жылы да аталған саланы дамыту мақсатында 8 жоба іске асырылмақ. Инвестициялық құны 15,5 миллиард теңгені құрайтын жобалар арқасында 97 азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік алады.

Аудандағы инфрақұрылым саласы да ілгері жылжыған. Нақтырақ айтар болсақ, ауыз су саласы бойынша 59 елді мекеннің 58-і орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудандағы 21 135 тұрғын үй, яғни 99,8 %-ы табиғи гектарз жүйесіне қосылған.

Еске салайық, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспары бекітілген.  Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар беріп, зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырған-ды.

«Әр ауданды дамытуда барлық мүмкіндікті пайдаланған дұрыс. Басты талап – ауылды көтеру керек. Дамытып, көркейту керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізген дұрыс. Алда атқарылар жұмыстардың нақты жоспары бекітіліп, сол жұмысты күшейту қажет. Түлкібас ауданында да жұмыстарды ширату керек. Жаңа жобалар жеткіліксіз. Әлі де тиісті деңгейде емес. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Инфрақұрылымы дамыған бұл аймаққа кәсіпкерлер ұмтылатындай жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін әкім ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істеуі керек. Табиғаты қолайлы аймақта әлі күнге туристерді тартатын жобалар жеткіліксіз», – деді Дархан Сатыбалды.

Ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштеріне үңілсек, аудан әкімінің баяндауынша, Түлкібас ауданын дамыту үшін ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бағытында жұмыс атқарылады. Ол үшін инвестиция тартып, жаңа технологияларды ендіре отырып өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету басым бағыт ретінде таңдалып отыр.

Өткен жылдың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнім 99,5 миллиард теңгеге жеткен. 20 миллиард теңге инвестиция тартылған, биыл оның көлемін 35,8 миллиард теңгеге дейін арттыруды жоспарланған. 2024 жыл 8 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 11,3 миллиард теңгені құрады.

2030 жылға дейін 400 миллиард теңгеден асатын 100-ге жуық жаңа жоба жүзеге асып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Өнеркәсіпті дамыту үшін жалпы инвестициялық құны 327,2 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық құны 29,6 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаны іске асырып, өнім көлемін 158,3 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.

Түлкібас ауданында «Beibars Bottlers» ЖШС ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндірістік зауыты іске қосылады. Сондай-ақ ұн диірмені, консерві зауытын қайта құрылымдау, концентрат және шырын құю цехы, кірпіш зауыты, каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк өндіру, қуаттылығы жылына 4 мың тонналық жеміс өндеу цехы өз жұмысын бастамақ.

«Түлкібас» индустриалды аймағының аумағында құс фабрикасының, балықты кірпіш зауыты, қуаттылығы 320 МВт гектарз турбиналы электр станциясының құрылысы жоспарланған.

Қарқынды алма бау, балық шаруашылығы, жеміс-жидектерін қайта өңдеу, құрама жем өндіру зауыты, сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығы саласында жаңа жобалар жоспарланған.

 Түлкібас ауданында қарқынды бау көлемін көбейтуге ерекше мән берілуде. Аудандағы алма баулардың көлемі 3 мың гектарды құраса, соның 700 гектардан астамы – қарқынды бау. Биыл ауданда тағы 55 гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілген қарқынды алма бауы егілді. Түлкібас ауданындағы Шақпақ ауылдық округінде қарқынды алма бауы бар «Кен-Тау» ЖШС-нің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, алма көшеттері арнайы Түркиядан алдырылған. Тамшылатып суғару әдісін қолдану арқылы 30 гектар жерден 7 тоннаға жуық өнім алуда. Өндіріс орнында 150-200 адам жұмыс істейді. Алма бауында су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 6 мың тонна өнім жиналған. Түлкібас алмасы Қазақстанның барлық аумақтарына жеткізіледі. Сондай-ақ көрші Өзбекстан мен Ресейде сұраныс артқан. 

Айта кетейік, «Кентау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың күрт көтерілетініне байланысты алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша ол қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін Түлкібастың экологиялық таза алмасын саудаға шығармақ.

Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштары 17,9 мың гектарға (15,4 мың гектар алма, 0,6 мың гектар алмұрт, 1,1 мың гектар өрік, 0,6 мың гектар шие, 0,5 мың гектар шабдалы, 1,2 мың гектар қара өрік, 0,3 мың гектар жидек ағаштары) оның ішінде: 5,4 мың гектар қарқынды алма бауы орналастырылған. Бұл республикадағы жеміс-жидек ағаштарының 43%-ын құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баулардан 300-350 центнерден өнім жиналды.

Қарқынды баулардың негізгі бөлігі Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында орналасқан. Өткен жылы жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштарынан 116,9 мың тонна (95,8мың тонна алма, 3,6 мың тонна алмұрт, 7,4 мың тонна сары өрік, 4,2 мың тонна шие, 2,4 мың тоннашабдалы, 3,3 мың тонна қара өрік, 1,8мың тонна жидектер) өнімі жиналды. Бүгінгі күнге 26,0 мың тонна Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан елдеріне экспортталды. Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жеміс-жидек ағаштарына мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.

Бұдан бөлек Түлкібас ауданында балық шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.
Балық шаруашылығын дамытуды қолға алғандардың бірі — Ақбиік ауылдық округы, Ақбиік ауылындағы ЖК «Али студия». Шаруа жасанды екі тоған жасап, қазіргі таңда, бұлақ көздері суларынан толтырылған бір тоғанға 5 мың дана форель балығының шабағын жіберді.
Алдағы уақытта екінші тоғанға сазан және карп балық шабақтарын жіберу жоспарында. Жалпы 1 гектарды құрайтын тоған аумағын абаттандырып, айналасын көгалдандырып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасау ниетте.
Сонымен қатар, шаруа бұнымен тоқтап қалмай, балық ұрығын өсіретін технологияны меңгеруді жоспарлауда.
Алғашқы өнімін ағымдағы жылдың күз айларында саудаға шығарды. Айта кетерлік, ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі, бұлақ көздерінен шыққан суларға балықтың форель түрлерін өсіруге мүмкіндік бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында (мейрамхана, кафе) үлкен сұранысқа ие балықтың форель түрін көбейтіп, мол табысқа жетуге болады.

Сонымен қатар Түлкібас ауданында ауылдарды дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасау. Бағдарлама былтыр Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтерінде іске асырылып, 1 миллиард 396 миллион теңгеге 209 жоба қаржыландырылды. Биыл ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасына Ақбиік, Кемербастау, Арыс, Жаскешу сынды 4 ауылдық округ енгізіліп отыр. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылық саласы бойынша 9,8 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Нәтижесінде 192 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Былтыр аудандағы жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 61 миллиард 266 миллион теңгені құрады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы кәсіпорын, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Ауданда өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту мақсатында 2024-2026 жылдары өнеркәсіп саласы бойынша 447 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаны сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin