Түркістан облысында 107 білім беру мекемесінің жылыту жүйесі газға ауыстырылды

Түркістан облысында білім саласын дамыту, білім мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту, мектеп тапшылығын жою бағытында жұмыстар жалғасып келеді. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы саладағы жұмыстар баяндалып, кемшіліктер де айтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырған болатынмын. Мектептердің оқу кабинеттерін жабдықтау, құрылысын уақтылы жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Білім мекемелеріне цифрлық жүйелерді енгізу бойынша нақты ұсыныс беріліп, тиісті жұмыс атқарылсын. Бөлінген қаржыны дұрыс игеріп, тиісті жұмысты уақтылы атқару керек. Біз бұл саладағы жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға жүктелген міндеттерді сапалы орындауды жүктеді.

Сыбайлас жемқорлық бойынша атқарылған жұмыстарды нақтылай түссек. Қараша айының басында Түркістан облыстық әкімдігінде Ордабасы және Сауран аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заңбұзушылықтар туралы ұсынуларды қарау бойынша мәжіліс өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, құқық қорғау оргектарндары мен жауапты басқарма басшылығы, аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары, білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Алдымен Түркістан облысы прокуратурасының Ордабасы аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мәселелер қаралды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ерарыс Жолбарыс сөз алып, орын алған заңбұзушылықтарды ортаға салды. Ал Облыстық білім басқармасының жалпы бөлімінің басшысы Әлжан Сапарбеков бақылаудан күшейтіліп жатқанын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев заңбұзушылықтарға ықпал еткен себептерді анықтап, аталған жағдайларды жою жөнiндегi ұсыныстарды жіті зерделеп қарау керектігін айтты.

Жиынның екінші бөлігінде Түркістан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Сауран аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты анықталған бірқатар заңбұзушылықтар талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бұлан Рақымжанов, аталған департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Мұрат Өтегенов бірқатар мәселені ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

– Бүгінде облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде қарқынды жүргізіліп жатқандығына қарамастан, осындай оқиғалардың кездесетіні өкінішті. Жаңа жүйеге көшкенімізбен кейбір аудандарда деректер тіркеліп отыр. Сондықтан әрбіріңіз өз ұжымыңызда жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шараларды қабылдап отыруларыңыз қажет. Әрбір қызметкеріңіз үшін сіздер де жауаптысыздар, тиісті қадағалау, тексеру жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.

Мәжіліс соңында онлайн қатысқан аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар пысықталды.

Сонымен қатар Түркістан облыстық әкімдігінде Шардара аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне де қатысты анықталған бірқатар заң бұзушылықтар туралы ұсынуларды қарау бойынша мәжіліс өтті. Онда аталған білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтың бюджеттен аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 200-бабына сәйкес қылмыстық іс бойынша мәселелер талқыланды. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Мұрат Төлеубаев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысты.

– Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін нақты атап өтті. Өздеріңізге белгілі, кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген реформалар жарияланды. Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін және оған қарсы тиісті іс-қимыл шараларын қолданбағаны үшін жауаптылық тікелей бірінші басшыға жүктелген. Қолданыстағы Заң талаптарына сәйкес, әрбір мемлекеттік оргектарн басшысы өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде түрлі шараларды қабылдап отыруы міндетті, – деген Мұрат Ахтанұлы жауапты басқармаға департаментпен бірлесіп осы бағыттағы жұмысқа күш салуды ескертті.

– Бүгінде облысымызда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде қарқынды жүргізіліп жатқандығына қарамастан, осындай оқиғалардың кездесетіні өкінішті. Жаңа жүйеге көшкенімізбен де кейбір аудандарда фактілер тіркеліп отыр. Сондықтан әрбіріңіз өз ұжымыңызда жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті шараларды қабылдап отыруларыңыз қажет. Әрбір қызметкеріңіз үшін Сіздер де жауаптысыздар, тиісті қадағалау, тексеру жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырамын – деген Бейсенбай Дәулетұлы міндеттерді адал атқаруға шақырды.

Мәжіліске облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов қатысып, баяндама жасады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Сұлтанбек Шотарбай жүргізілген мониторинг бойынша баяндады. Мәжіліс соңында онлайн қатысқан аудан, қала әкімдерінің сала бойынша жетекшілік ететін орынбасарларымен білім бөлімінің басшылары сауалдар қойылып, ұсыныстар пысықталды.

Айта кетейік, Түркістан облысының білім саласында жалпы мекемелер қазынашылық департаменті арқылы код ашылып, қаржыландырылады. Бүгінде бухгектарлтерлік сүйемелдеу жүргізу бойынша барлық аудан, қалаларда орналасқан мектептердегі тиісті мамандарды оқыту және қызметкерлердің мәліметін енгізу жұмыстары бойынша, Басқарма қызметкерлері мен Департамент мамандарының қатысуымен мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бірлескен жұмысшы топ аудан, қалаларды аралап, сала басшылармен, есепшілермен кездесулер өткізуде. Үш ай көлемінде мамандар қаржылық білім саласының жаңа жүйесі бойынша оқытылды.

Жә, тақырыпқа оралайық. Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, биыл облыстағы 107 білім беру мекемесінің жылу жүйесі табиғи газға ауысты. Оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 миллиард теңге (79 мектепке – 1,85 миллиард теңге, 28 балабақшаға – 350 миллион теңге) қаржы қаралған. Қазіргі таңда 107 мекемдегі жұмыс толық аяқталып, мекемелер табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, табиғи газға қосылған білім нысандарының саны 800-ге жетті. Бұл жұмыстар көмірге деген сұранысты 79 мың тоннаға дейін төмендетіп отыр. Ал 2025 жылы тағы 100 білім беру мекемесінің жылыту жүйесін қатты отыннан (көмір) табиғи газға ауыстыру жоспарланып отыр. Оған болжаммен 2 миллиард теңге қаржы қажет. Бұл жұмыстарды білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен шешу жоспарланып отыр.

Тарқата айтсақ, жалпы Түркістан облысында 1 279 мемлекеттік білім нысанының 63-і орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы, 1 216-сы автономды жылыту қазандықтары арқылы жылытылады. Аталған білім нысандарының 100%-ы сығымдау жұмыстарынан өткізіліп, жылу маусымына дайындық паспорты алынған.

Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың айтуынша, облыстағы 450 білім мекемесіне қажетті 82544,5 тонна қатты отын, 42 білім мекемесіне қажетті 2 399,2 тонна сұйық отын жеткізуші мердігер анықталып, жоспарға сәйкес қажетті отын көлемі қойма сыйымдылығана қарай толығымен тасымалданды. 720 білім беру нысаны табиғи газ арқылы, 4 білім беру мекемесі электр энергиясы арқылы жылытылады. Облыстағы 107 білім беру мекемелерінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, оған білім саласынан үнемделген бюджет қаржысы есебінен 2,2 миллиард теңге қаржы қаралған.

Сонымен қатар күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 30-ға жуық білім беру ұйымының жылу жүйелері жаңартылды. Өңірдегі 6 аудан, қалада жылу беру маусымы 15 қазаннан басталды.

Орайы келгенде атап өтерлігі, облыста балалардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында іс-шаралар бекітіліп, тиісті жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы суицид пен қылмыс дерегінің төмендегені байқалған.

Балалар үшін 30 жазғы сауықтыру лагері (9 мемлекеттік, 21 жекеменшік) қызмет көрсетті. Жазғы сауықтыру жұмыстарын жүйелеу, лагерьлерді орталықтандыру арқылы мемлекеттік лагерьлерде жаз маусымында қосымша 9 мыңнан аса баланы қабылдады.

Жыл басында мемлекеттік тапсырыс орналастырылған 1432 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мониторинг жүргізілді. Жалпы облыстағы балабақшаларда 155 992 бала тәрбиеленуде. Мониторинг нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдар есебіне алынған кейбір балалардың балабақшаларға мүлдем келмейтіні және оған білім бөлімдері арқылы төлем жүргізілгені анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия мақсатсыз 7422 мемлекеттік тапсырысты қысқарту туралы шешім қабылдаған.

Мәжілісте мектептерді жаңғырту жобасына енгізілген білім ұяларын жөндеу, асханаларын реттеу, оқу кабинеттерін жабдықтау және өзге де мәселелер айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Назар аударарлығы, Түркістан облысында демографиялық өсім жоғары. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының айтуынша, қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде екен. Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде мектептегі орын тапшылығы мен 4 апатты, 3 үш ауысымды мектептер мәселесі шешілмек. Биыл алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 193 мектеп ағымдағы жөндеуден өтсе, 107 мектептің жылыту жүйесі газға ауыстырылды. 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 миллиард теңгеден астам қаражатты бағытталған. 330 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» спутниктік интернет технологиясымен қамтылды.

Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов мәлімдеуінше, тұтастай алғанда, Түркістан облысындағы 900-ден астам мектеп ғаламтор желісіне қосылған. Оның сөзінше, Түркістан облысындағы 1 082 орта білім беру мекемесінде 554 753 оқушы білім алып жатыр. Шағын мектептерді қоспағанда 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинетімен қамтылған. Сондай-ақ, биыл облыстағы мектептердің кітапханалары 1 522 107 дана оқулықпен және 118 359 дана көркем әдебиетпен толықты.

«Облыстағы 915 мемлекеттік мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірде 2024 жылы бюджет есебінен 50 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен – 29 мектеп, «Білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры» және өзге де бюджеттер есебінен – 21 мектеп және жекеменшік 35 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы, облыста 2025-2027 жылдар аралығында 13 000 орынды 44 мектептің құрылысын жүргізілу жоспарланған. Ал, мектептерді жаңғырту жобасына облыстан 115 мектеп енгізілген», — дейді Жандос Маханбетов.

Жалпы, өңірдегі 915 мемлекеттік мектептің 719-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінде қалған білім беру ұйымдарын бейнебақылауға қосу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, биыл облыстағы 217 елді мекенде 17 081 бала арнайы мектеп көлігімен мектепке тасымалданып жатыр. Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылында 11 сыныпты 31 367 түлек бітірсе, 24 538 түлек ҰБТ тапсырған. Оның ішінде жоғары оқу орнына түскендер саны – 19 126, грантқа түскендер – 11 044.

Естеріңізде болса, осы айдың басында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық мектептерді дамыту мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту және педагогтарды тарту шаралары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев ауылдық мектептерді қолдау және жабдықтау мәселелері бойынша баяндама жасады. Бірқатар өңір әкімдерінің есебі тыңдалды.

Бүгінде еліміздегі мектептердің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, онда мектеп жасындағы балалардың шамамен 40%-ы білім алады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2022 жылдан бастап білім сапасын арттыру мақсатында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Қазіргі уақытта 135 білім беру мекемесі желісі құрылып, 4665 заманауи жабдықталған кабинет жасалды. 2025 жылы жобаға тағы 56 ұйым қосылып, 1935 кабинет жаңартылады.

Премьер-министр ауылдық жерлердегі мектептерді дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі екенін атап өтті. Мектептердің жағдайы ауылдың тағдыры мен халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.

«Мемлекет басшысы ауыл мектептерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2027 жылға дейін 180-ге жуық мектеп салу жоспарланған. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қоса алғанда, 42 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда ауылдарда 2,5 мыңға жуық мектеп жаңғыртылды. Оқыту жағдайларын жақсарту және жайлы орта құру мақсатында 800-ден астам мектепті қайта жаңарту жүргізілуде. Сондай-ақ ауыл мектептері үшін 4 мыңнан астам пән кабинеті сатып алынды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне жыл соңына дейін өңірлерге Мектептерді қайта жаңартудың бірыңғай талаптарын ұсынуды тапсырды.

Ауылға білікті педагогтерді тарту мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, лауазымдық жалақыға 25% мөлшерінде қосымша ақы көзделген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген педагогтерге көтерме жәрдемақы төленеді, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға немесе салуға тиімді несиелер беріледі.

Білім беру саласында жеке сектордың және қоғамдық қорлардың қатысуымен сәтті іске асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды. Мысалы, «Білім-инновация» қоры Алматы облысының 42 ауылдық мектебінде нақты пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру жобасын іске асырды. Премьер-министр Ақтөбе облысында тірек және шағын жинақталған мектептерді жарақтандыру нәтижелеріне назар аударды – бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 1 миллиард 800 миллион теңге бөлген. Педагогтердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру есебінен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын комплектілі мектептердің оқушыларына сабақ береді. Нәтижесінде тірек мектептер шағын мектептердегі білім беру деңгейін көтергені атап өтілді. Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 2025 жылдың соңына дейін өңір әкімдерімен бірге Ақтөбе облысының тәжірибесі негізінде кемінде 200 тірек мектептер желісін құруды және шағын комплектілі мектептердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет отырысында мектептердің жағдайы туралы статистика айтылды. Бүгінгі таңда үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы ауылдық жерде – көпшілігі Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан. Апатты жағдайдағы мектептердің 76%-ы да ауылдық елді мекендерде. Олар негізінен Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында. Олжас Бектенов ауыл мен қала мектептерінің арасындағы оқыту сапасының, әсіресе, математика, физика және шет тілдері бойынша біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығынан туындаған алшақтықты қысқартудың маңызына назар аударды.

Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, ауыл мектептері мұғалімдерінің біліктілік деңгейін арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай шалғай өңірлерді ерекше назарға ала отырып, ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетке қосуды аяқтау қажет. Өңір әкімдеріне әртүрлі үйірмелер мен секциялардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың қыркүйегіне дейін мектептен тыс ұйымдардың комьюнити-орталықтарын немесе филиалдарын ашу жөніндегі жұмысты аяқтау міндеттелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin