Бұл күндері Түркістан облыс мен Корея Республикасының арасындағы іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықтың аясы кеңейіп келеді. Мәселен, жуырда ғана Корея Республикасының Сеул қаласында «Корея — Орталық Азия» бірінші аймақтық ынтымақтастық бизнес-форумы өтті. «Korea International Trade Association» қауымдастығының қатысуымен өткен шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясы және кореялық 50-ден астам кәсіпкер мен іскерлік және дипломатиялық орта өкілдері, оның ішінде «KITA» басқарма төрағасы мырза Юн Джин Сик, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов және Қазақстан мен Кореяның түрлі экономика салаларының делегациялары қатысты.
Форумның мақсаты – екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, энергетика, инновациялар мен технологиялар сияқты экономика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау және қазақстандық және корей компаниялары арасында жаңа іскерлік байланыстар орнату, өңірлік ынтымақтастықты дамыту, дипломатия шеңберінде жергілікті билік деңгейінде өзара іс-қимыл және проблемаларды шешу жолдарын ұсыну.
Корея Республикасы губернаторларының қауымдастығы ұйымдастырған форумда Орталық Азия елдері мен Корея Республикасы арасындағы өзара іс-қимыл, энергетикалық ынтымақтастық, цифрлық трансформация және инвестициялық әлеует, серіктестіктің негізгі бағыттары сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.
Сеулде Орталық Азия Елшіліктерінің ұйымдастыруымен «Орталық Азия – Корея Республикасы» достық күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, дипломаттар, сарапшылар елдер арасындағы мәдениет, туризм салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын, аймақтың мәдени мұрасын сақтау бойынша ойларын ортаға салды.
Тараптар мемлекеттер арасындағы байланыс достыққа, әріптестікке негізделгенін алға тартып, қауымдастық түрлі іс-шаралар мен форумдар, көрмелер арқылы елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытып отырған айтты.
Кездесуде туризм саласындағы әріптестік талқыланып, қазақстандық тарап еліміздің туризм саласындағы әлеуетін, мәдени-тарихи мұралары мен Қазақстандағы туризмнің дамуы жайлы ақпарат берді.
Сондай-ақ, конференцияда Орталық Азияның мәдениеті мен табиғатының кереметтері таныстырылып, осы бағытта суреттер мен бейнематериалдар көрсетілді.
Ұйымдастырушылар осы іс-шара Орталық Азия мен Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Одан бөлек, Сеулде Орталық Азия елдерімен мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастықтың жаңа тәсілдері талқыланған халықаралық семинар ұйымдастырылып, онда Қазақстанның Кореядағы Елшісі Нұрғали Арыстанов бұл бағыттағы еліміздің жетістіктерінен хабардар етті.
Қазақ дипломатының айтуынша биылғы жылы БҰҰ электрондық үкіметті дамыту жөніндегі жаһандық индексінде 193 елдің ішінен 24 орынды иеленген. Ал, цифрлық дамудың мүмкіндіктеріне сай онлайн қызметтер индексінде 10 орынды иеленген.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, кадр мәселесін автоматтандыру және меритократия қағидаттарын сақтау бойынша нақты тапсырмаларының нәтижесінде, мемлекеттік басқару жүйесі елімізде қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.
Халықаралық семинарға министрліктер мен ведомстволардың, академиялық топтардың, Орталық Азия, Моңғолия елдерінің өкілдері қатысып, бұл саладағы ынтымақтастықты C5+K форматында нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Семинарға қатысушылар жыл басында да Оңтүстік Кореяның Персоналды басқару министрінің Орталық Азия елдерінің елшілерімен кездесуінде де талқыланғанын айтып, бұл елдер арасындағы әріптестікті жетілдіруге деген ниеттің маңыздылығына тоқталды.
Тараптар кездесуде тұрақты даму, жаһандық сын-қатерлерге қатысты мәселелерге шешім табу, цифрлық транформацияны жетілдіру, басқа да бағыттардағы серіктестіктің негізгі салаларын анықтап, тікелей байланыс орнатудың маңыздылығына қатысты пікірлерімен бөлісті.
Кездесуде Нұралхан Көшеров екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысының инвестициялар мен бизнестің негізгі аймағы ретінде зор әлеуетін ие екенін атап өтті. Өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлерге ұсынылатын қолайлы жағдайлар туралы мәлімет беріп, ауыл шаруашылығы, туризм және өнеркәсіп салаларындағы қолданыстағы жобалар туралы кеңінен баяндады.
«Біз ауыл шаруашылығы, цифрландыру, өңдеу өнеркәсібі және туризм сияқты салаларда Корея елімен ынтымақтастықты тереңдетуге үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Біз инвесторларға ашықпыз және өңір экономикасын дамытуға, екіжақты байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Форум аясында G2B және B2B кездесулері де өтіп, нақты жобалар мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Шара Түркістан облысы мен Корея Республикасының экономикалық және сауда байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болды. Өзара пайдалы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Мұнан өзге Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасының Тэджон қаласына ресми сапармен барды. Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «Woosong» университетінің төрағасы Ким Джон Хёнмен кездесіп, «SolBridge» кампусын аралады.
Делегация өкілдері «Woosong» және «SolBridge» университетеріне экскурсия жасап, сондай-ақ Тэджон қаласындағы жетекші инновациялық және жоғары технологиялық компаниялардың басшылығымен кездесті.
Олардың қатарында электр көліктерін әзірлеу және өндірумен айналысатын «Korea Mobility», косметикалық өнімдер өндіретін «CELLHAPPYCO», жасанды интеллект негізіндегі деректерді талдау жүйесін шығаратын «Euclidsoft», білім беру және ғарыш дизайны жүйелерін шығаратын «Nuguna Co.,Ltd» және теміржол көлігі басқару жүйесімен айналысатын «InterCon Systems» сияқты компаниялар болды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, облыс экономикасын дамыту үшін шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Компания өкілдерімен кездесулер барысында ол шетелдік инвесторлар ұсынатын барлық бастамалар мен жобаларды қолдауға дайын екенін білдіріп, бизнесмендер мен компания жетекшілерін Түркістан облысына өңірдің инвестициялық әлеуетін бағалауға және ықтимал серіктестік бағыттарын талқылауға шақырды.
Атап өту керек, Түркістан облысында Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі «Woosong» университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазақ-корей бірлескен білім ордасы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жақында ғана облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысын бақылады. Өңір басшысы 18 қабатты ғимараттағы құрылыс жұмыстарының барысын пысықтап, нақты тапсырмалар берді. Жауапты басшылармен кездесіп, құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Ақпараттық технологиялар университетінің ашылуы келер жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Жоба «Түркістан» ӘКК» АҚ мен серіктес «BOLD Construction Group» ЖШС арасындағы инвестициялық жобаны іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт негізінде іске асырылады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.
Айта кету керек, «Woosong University» – Оңтүстік Кореяда Теджон қаласында орналасқан және әйгілі «WOOSONG» білім беру қорына тиесілі университет. 70 жылдық тарихы бар ЖОО-да 12 000-нан астам студент білім алуда, 780 профессор біліктілігін арттыруда. «Woosong» кәсіби және оқу базасын дамыта отырып, әлемнің 67 еліндегі 430 білім беру мекемесімен ынтымақтасады.
Жасанды интеллект, яғни, адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша да мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.
Сонымен қатар Түркістан облысының делегациясының Корея Республикасына ресми сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Корей теміржол корпорациясының (KORAIL) вице-президентімен де кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар көлік-коммуникация саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша ынтымақтастықтың келешегі мен мүмкіндіктерін талқылады. Негізгі мәселелердің бірі — Түркістан облысында теміржол және көлік саласы үшін кадрлар даярлауға бағытталған арнайы оқу орталығын ашу.
Нұралхан Көшеров мұндай орталықты ашудың көлік инфрақұрылымы мен технологиялары саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жоғары білікті кадрларды даярлау аймақтың көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді дамытуға, Түркістан облысының басқа өңірлермен және шет елдермен байланысынты нығайту үшін маңызды екеніне тоқталды.
«Korea Railroad Corporation» вице-президенті ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, Түркістан облысында оқу және білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру үшін Қазақстанның «Қазақстан темір жолы» операторымен бірлескен жұмыстың мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттеуді ұсынды. Ол Корей теміржол корпорациясының тәжірибесінің Қазақстанның теміржол және көлік саласын дамытуда құнды үлес қосуы мүмкін екендігін атап өтті.
Бұл жоба Түркістан облысында көлік саласы үшін білікті кадрлар даярлауда маңызды қадам болмақ. Сонымен қатар екі ел арасындағы жоғары технологиялар мен инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық нығая түспек.
Естеріңізде болса, биыл көктемде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыс делегациясы Оңтүстіктік Корея мемлекетіне іссапармен барған-ды. Сапар барысында облыс делегациясы мен Қазақстанның Кореядағы елшісі Нұрғали Арыстанов «Korea International Trade Association» (Кореяның халықаралық сауда қауымдастығы) компаниясының президенті Сик Юн Джинмен кездесті. Қос тарап өзара байланысты дамытуға бағытталған маңызды мәселелерді талқылады. Келіссөздер жүргізді.
«KITA» – Кореяның шағын және орта бизнесіне сыртқы нарықтарға шығуға көмектесетін, елдегі сауданың дамуына үлес қосып келетін, 80 жылға жуық тарихы бар жетекші бизнес ұйым. Осы елдің сауда саласының құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, жеке экономикалық ұйым ретінде Кореяның экономикалық өсуіне үлес қосады, осылайша жаһандық саудаға ықпал етеді. 70 мыңнан астам компанияны біріктіретін Корея елінің ең ірі іскерлік қауымдастығы әлемнің 66 еліндегі 232 ұйыммен ынтымақтасады. Қауымдастықтың Қазақстандағы серіктестері – «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» мен «Kazakh Invest» ҰК.
«KITA» қызметі шетелдік маркетинг пен инвестицияларды қолдауды, халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуді, сауда ақпараты мен зерттеулерді ұсынуды, халықаралық сауда бойынша мамандарды оқытуды және ілеспе консультацияларды қамтиды. Кореяның халықаралық сауда қауымдастығы зергерлік бұйымдар, сусындар индустриясы, косметика өндірісі, косметика және парфюмерия, косметология, тамақ өнеркәсібі, тағамдық қоспалар, тұрмыстық заттар, сұлулық салондары, үйді безендіру, аксессуарлар және эстетикалық медицина салалары бойынша жұмыс істейді.
Ал маусым айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Астана қаласында өткен Қазақстан-Корея бизнес форумына қатысты. Жұмыс сапары кезінде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Халықаралық Сауда Қауымдастығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Түркістан қаласында кореялық «Вусонг» университетінің филиалын ашу бойынша меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, наурыз айында өткен Түркістан облысы делегациясының Оңтүстік Кореяға жасаған ресми іссапары аясында Корея Республикасының Халықаралық сауда қауымдастығының (Korea International Trade Association) басқарма төрағасы Юн Джин Сик мырзамен кездесу өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, әр түрлі салаларда ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктері, инвестиция тарту, тәжірибе алмасу және өзара қарым – қатынасты дамыту талқыланды.
Сонымен қатар Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Оңтүстік Корея мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп, бірқатар жобаларды іске асыру жоспарлануда. Білім беру бағытында қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған Түркістан қаласында ақпараттық технологиялар саласындағы Қазақстандық «WOOSONG» университетінің филиалын ашу бойынша меморандумға қол қойылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде көптеп ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады. Жаңа білім ордасының инновациялар мен озық технологиялар орталығына айналмақ. Басты мақсат – адами капиталды дамыту. Бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулер және студенттер мен оқытушылар алмасуы ақпараттық технологиялар саласында жоғары білікті мамандарды даярлау үшін қолайлы жағдай жасайтыны сөзсіз.
Жаңа білім ордасын ашу жобасының Түркістан өңірінің дамуындағы маңызды қадам болмақ. Бұл инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етері анық.
Филиал Түркістан қаласында жоғары оқу орындарының бірінің базасында орналасады. Түркістан облысының әкімдігі жатақхана және басқа да техникалық қолдау көрсетуге дайын. Меморандумға сәйкес университет ретінде Түркістан облысының әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан 18 қабатты ғимарат ұсынылды.
Сол тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екіжақты байланысты жаңа белеске көтеретінін айтты.
Қазақстан Президентінің пікірінше, Оңтүстік Корея жаһандық ауқымдағы нағыз экономикалық және технологиялық локомотивке айналды. Ал әлемге әйгілі корей корпорациялары халықаралық аренада елдің «негізгі жаһандық мемлекет» ретіндегі позициясын ілгерілетуге елеулі үлес қосып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастарды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Сеул – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Корея сыртқы сауда айналымы бойынша төртінші орында және еліміздегі ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның отыз жылдан астам уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалогқа қол жеткізгенін, табысты экономикалық ынтымақтастықты және берік гуманитарлық байланыстарды жолға қойғанын атап өтті. Екі ел парламентаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық деңгейде және басқа да түрлі салаларда ықпалдастық орнатқан. Іскерлік кеңес пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты жолға қою ісінде тұрақты байланыстар аса маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам компания жемісті жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне назар аударды.
«Қазақстанда тұратын 120 мың этникалық корей ұлтының өкілдері екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады және оған өлшеусіз үлес қосады. Өз кезегінде Кореяда білім алып жатқан мыңнан астам қазақстандық жастар мемлекеттер арасындағы «достықтың алтын көпірі» саналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Юн Сок Ёль қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, биыл Корея Республикасы мен Қазақстан арасында стратегиялық серіктестік орнағанына 15 жыл толғанын атап өтті
«Корея Республикасы өзінің басты стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен бірге жарқын және кемел келешекке қатар қадам басуға ниетті», – деді Корея Президенті.
Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпалдастықтың перспективалары талқыланды.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды және конструктивті келіссөз жүргізгені үшін корей тарапына ризашылық білдірді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.