Түркістан облысының ұстаздары шетелде біліктілігін арттырып, оқушылары үздік нәтиже көрсетіп жүр

Түркістан облысының Отырар ауданында 40 мектеп бар. Қазіргі таңда білім ұяларында 2500 ұстаз еңбек етіп, 12600 оқушы білім алуда.

Аудан оқушылары республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға қатысқан ауданның үш оқушысы 2 орын, екі оқушысы 3 орын иеленіп, отырарлықтардың мерейін асырды.

Отырар аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев олимпиада жүлдегерлерін және олардың жетекші ұстаздарын қабылдап, жеңістерімен құттықтады. Қазақстан Республикасы «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында бөлім басшысы жүлдегер оқушылардың жетекші ұстаздары Клара Абишоваға, Арайлым Мылтықбаеваға, Замира Таскентбаеваға, Индира Қаныбековаға, Әділ Жұмәділаевқа демеушілер есебінен Дубай қаласына тегін жолдама табыстап, сәт-сапар тіледі.

Ал Астанада ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Олимпиаданың соңғы кезеңіне облыстан 41 оқушы қатысып, оның ішінде 23 оқушы жеңімпаз атанды. Түркістан облысының қоржыныны 7 алтын, 4 күміс, 12 қола медальмен толықты. Бұл балалар – өңіріміздің ең шалғай аймақтарынан келген дарынды жастар. Жалпы есепте республикалық олимпиадада Түркістан облысының оқушыларына “Ең үздік олимпиадалық команда — 2024” атағы берілді.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Олимпиаданың бірінші облыстық кезеңіне 900-ге жуық оқушы қатысып, олардың 71-і олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алған. Оның ішінде 41 оқушы жаратылыстану-математикалық бағыт, 30 оқушы гуманитарлық бағыт бойынша республикалық кезеңге өтті. Бұл ауыл оқушыларының интеллектуалдық жарыстарға деген қызығушылығының артқанын, республикалық олимпиаданың мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді.

Атап өту керек, еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Осыған орай, Түркістан облысында үздік педагогтерді басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды.

Алдағы уақытта Түркістан облысы республикада тұңғыш рет 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытады. Бұл бастамаға Алматы қаласындағы Абай университеті де өз үлесін қосуға ниет білдіріп отыр.

Бұған дейін Түркістан өңірінің ұстаздары мен әдіскерлері Жапонияда «lesson study» әдісі, АҚШ-та «инклюзивті білім беру», Қытайда «техникалық және кәсіптік оқыту» бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия, Сингапур елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтіп жатыр. Мұнда «Жайлы мектеп» пен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына басымдық беріледі.

Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында республикадағы білімі төмен мектептердің тізімі жасалды. Еліміз бойынша анықталған 943 «Мақсатты мектеп» тізімінде өңірде білім сапасы төмен 162 мектеп бар. Ендігі кезекте өңірдегі осы аталған білім ошақтарының білім сапасын жақсарту бойынша жоспар жасалады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдегі білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Бұл – республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында деген сөз. Ал жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа қабылданды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өткен жылдың қараша айындағы білім беру ұйымдарының қызметін кешенді талдау және бағалау қорытындысы бойынша Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара аудандарының, сондай-ақ Арыс және Түркістан қалаларының мектептерінде бұзушылықтарды жою және білім беру сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

 Түркістан облысында жүргізілген кешенді мониторинг сегіз негізгі критерийді қамтыды, оның ішінде білім ұйымдарының кадрлық құрамы да бар. Қазіргі уақытта «НЗМ» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы халықаралық сарапшыларды тарта отырып, өңірлерден 767 басшының біліктілігін арттыру және басқару құзыреттерін дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.

 «Бұл шара білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді және білім беру процесінің сапасын жоғарылатуға ықпал етеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1000-нан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны жаңарту мен қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Сапалы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін міндетті нормативтік тізбе тиісті сәйкестікке келтірілді», — деді Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің бас сарапшысы Эльмира Кадимова.

Сонымен қатар, педагогикалық құрамның сапасын арттыру мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен ынтымақтастық орнатылды. Комитет өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар оқушылардың академиялық көрсеткіштерін арттыруға, білім ұйымдарындағы жалпы ахуалдың жақсаруына және мектеп, ата-ана мен қоғам арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.

Түркістан өңірінің мектеп директорлары «Мектеп менеджменті: басқару аспектілері мен әдістері» бағдарламасы бойынша оқыту курсына қатысты. Білім басқармасы және «Педагогикалық шеберлік орталығы», облыстық «Әдістемелік орталығының» ұйымдастыруымен жалпы 767 орта білім беру ұйымы басшысын біліктілікті арттыру курсынан өткізу жоспарланған. Дәрістерді Алматыдан арнайы келген «Педагогика шеберлік орталығының» тренері Берік Асубаев өткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев біліктілікті арттыру курсының жүргізілу барысымен танысты. Кездесуде тренер-оқытушы және мектеп директорларымен пікірлесіп, тың жаңалықтарды бөлісті.

— Білім жүйесі және оның сапасын көтеру үнемі назарда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға өзі бас-көз болып, игі бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ұстаздардың білімін жетілдіру арқылы тәрбие бағытын ілгерілетумен қатар жаңа көшбасшыларды анықтаймыз. Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетімен республикада алғаш рет біздің облыстың 41 педагогы арнайы менеджмент курстарынан өтті. Халықаралық деңгейде шет елдеріндегі оқу курстарында тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ үздік сала қызметкерлерін басшылық қызметке конкурссыз тағайындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталуда. 2025 жылы да жалғасын тауып, арнайы лидерлердің кадрлық жасағын қалыптастырамыз. Мемлекет тарапынан білім саласына, оның ішінде ұстаздар қауымына жасалынып жатқан қамқорлық ерекше. Жан-жақты қолдаулар тоқтамайды. Адал еңбегіміз арқылы күш біріктіріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысайық! – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

21 қазанда басталған «Мектеп менеджменті: басқару аспектілері мен әдістері» бағдарламасы аясындағы курс сәтті аяқталды. Оқыту 3 лекке бөлінді. Қатысушыларға сертификат беріліп, әрі қарай сүйемелдеу жүргізіледі. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, мұндай ауқымды іс-шаралар тұрақты өткізілмек.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы, ректор Болат Тілептің бастамасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалып, Түркістан облысының педагогтері үшін дәрістер ұйымдастырылған болатын.

Биыл меморандум аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша қолданысқа берілетін мектептерге ауыстырылатын басшылар мен мұғалімдерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағытында онлайн форматта «Пәндерді оқытуда мұғалімдердің метапәндік құзыреттерін жетілдіру» тақырыбындағы пән мұғалімдері үшін, 23-27 қыркүйекте мектеп басшылары үшін «Білім берудегі революция: заманауи мектеп менеджментіне жаңа көзқарас» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсының 1-кезеңі өтті. 28 қазан мен 1 қараша аралығында курстың 2-кезеңі университет базасында офлайн форматта жалғасты.

Мақсат – мектеп басшыларының білім беру мекемесін басқаруда, пән мұғалімдерінің метапәндік құзыреттіліктерін қалыптастыруда теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейін арттыру.

Курстың І кезеңінде тыңдаушылар ғылыми-теориялық ақпараттармен танысып, практикалық тапсырмаларды орындау арқылы тәжірибе жинақтады. ІІ кезеңде курсқа қатысушылар университеттің профессор-оқытушылар құрамының дәрістерімен қатар университеттің оқу-зертхана базасымен танысып, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Мелдебекованың «Білім сапасын қамтамасыз етудегі бағалау мен бақылау жүйелері», Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Р.Қаратабановтың «Орта білім беру мазмұны: басымдықтары мен іске асыру тетіктері» тақырыбындағы дәрістерін тыңдады.

Алматы қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолданысқа берілген тұңғыш мектеп №97 мектеп-гимназиясының, заманауи үлгіде салынған, жоғары білім сапасын көрсетіп жүрген №206 мектеп-гимназиясының, инклюзивті білім беру жүйесі жақсы жолға қойылған № 200 мектеп-гимназиясының іс-тәжірибесімен, материалдық базасымен танысты.

1 қарашада курсты аяқтаған 41 тыңдаушыға сертификаттар табысталды.

Елең еткізер жайт, Келес ауданындағы №8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Робия Дустанова қазақ классик ақындарынан және қазіргі қазақ поэзиясынан 135 өлеңді өзбек тіліне аударған, сонымен қатар 111 өлеңді қазақ тіліне аударма жасаған.

Дарынды мұғалім Қазақстанға 2000 жылдардың басында көшіп келген. Қазіргі таңда аталған білім ордасында жас өрендерді тәрбиелеп, балаларға сапалы білім беруде.

— Жас кезімнен ақындық өнерге қатты қызықтым. Бүгінгі күні балаларға өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонымен қатар сабақ барысында әлем ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейміз. Қазақ тілінен өзбек тіліне Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан 50 өлең, басқа қазақ классик ақындарынан 41 өлең, заманауи қазақ поэзиясынан 44 өлең, жалпы 135 өлең аудардым. Әлі де шығармашылық ізденістемін, — деді ұстаз.

Бүгінде ұлағатты ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысып тұрады. Ақын ұстаздың жинақтары Түркия, Өзбекстанда басылған жинақтарға да енген.

Айта кетейік, Келес ауданының білім бөліміне қарасты 63 білім ошағы болса, онда 4 007 педагог оқушыларға білім беруде. Соның ішінде педагог-модератор санатындағы мұғалімдердің саны 864-ті құрайды. Сонымен қатар 1 144 педагог-сарапшы болса, 762 мұғалім педагог-зерттеуші болып қызмет атқарады. Шебер педагогтердің саны 32-ні құрап, 1 257 кіші қызметкер білім саласында еңбек етеді.

Ал Қазығұртта «Жастар лигасы-2024» атты робототехникадан облыстық турнир өтті. Сайысқа облысқа қарасты аудан, қалалардан келген 15 команда қатысты. Қазығұрт ауданы әкімі Азизхан Исмаилов сайысты ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Робототехника – бұл болашаққа апарар маңызды бағыттардың бірі. Қазығұрт ауданы жас буынның технологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Біз мектептерде осы салаға назар аударып, жастардың шығармашылығын дамытуға барлық жағдай жасаймыз, – деді.

Турнир нәтижесі бойынша 1-орынды «Қазығұрт» командасы (Қазығұрт ауданы), 2-орынды «Болашақ» командасы (Қазығұрт ауданы), ал 3-орынды «Төлеби Дарын» командасы (Төлеби ауданы) иеленді.

Айта кетейік, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен, Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен турнир мақсаты – жастардың ғылым мен техникаға қызығушылығын арттыру, білім сапасын жақсартуға үлес қосу, робот құрастыру, бағдарламалау және техникалық мәселелерді шешу дағдыларын дамыту, шығармашылық ойлауды қалыптастыру, өңірдегі инновациялық бастамаларды қолдау.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin