Түркістан облысының аудан һәм қалаларын дамыту стратегиясын бекіту жұмыстары жалғасу үстінде. Қарашаның басында Сарыағаш ауданын дамыту жоспары талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сарыағаштың әлеуеті толық қолданылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жүйелеуді тапсырды. Басым бағыттар – өндіріс орындарын көбейту, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолданып, өнімділікті арттыру.
– Ізденіс, даму, өзгеріс керек. Ізденбейтін, өзгеруді қаламайтын адамның, басшының жетістікке жетуі қиын. Жан-жақты зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Бір зауыт тоқтап қалса, көрсеткіш түсіп кетпеуі үшін өндіріс орындарын көбейтіңіздер. Ауданның туристік, өндірістік, логистикалық, транзиттің мүмкіндігі жоғары. Ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы. Жүйелі жұмыс қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, ауданды дамыту жоспары жан-жақты сараланып, барлық сала зерделенген. 2030 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес ауданда 139 жобаның тізімі жасалған. Құны 144,2 миллиард теңге болатын жобалар арқылы 4663 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 51, туризм саласында 25, ауыл шаруашылығында 31, құрылыста 17, қызмет көрсету саласында 15 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 747,9 миллиард теңгені құрап, 2,5 есеге артады деп күтіліп отыр. Алдағы 6 жылда 527,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, көлемі 2030 жылы 3,8 есе артады деп көзделген.
«Сарыағаш» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өндірісі, кілем, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіру жобалары жүзеге асады деп жоспарлануда.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында өңірлерде инвестицияны арттыру қажеттІгін тапсырған болатын. Осыған орай Түркістан облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Сарыағаш ауданында 47,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, жоспар артығымен орындалған.
«2024 жылдың 10 айында өнеркәсіп саласында 23,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, жыл соңына дейін көрсеткішті 32,4 миллиард теңге жеткізу жоспарланып отыр. Ал, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 15,7 миллиард теңгеге жетсе, жыл қорытындысымен 23,6 миллиард теңгеге жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ, аудандағы ауылшаруашылық саласында 112,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, қалған 2 айда бұл саладағы өнім көлемін 137,5 миллиард теңгеге жеткізу көзделген» — дейді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар оң шешімдер қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, аудандағы 4 елді мекеннің ауыз су құбырларына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілсе, жыл соңына дейін облыстық және республикалық бюджет тарапынан 11 елді мекенді аыз сумен қамту жұмыстары аяқталмақ. Ал, табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары атқарылып жатса, облыстық және республикалық бюджет арқылы тағы 10 елді мекенді табиғи газ жүйесіне қосуға жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Инфрақұрылым саласының тағы бір маңызды тармағы — тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету. Ауданда 2024 жылы жалпы ұзындығы 6,2 шақырымға 75 электр бағаналарын, 4 дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 2024 жылы Тегісшіл, Ақжар, Жемісті және Қызылжар ауылдық округтерінің ішкі көшелеріне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерге асфальт төселді. Аудандық бюджеттен 2024 жылы 32 көшеге орташа жөндеу жүргізілсе, 41 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да жалғасуда. Айталық, Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылдық округі мен Атамекен елді мекенінің тұрғын үйлері «көгілдір отынға» қосылды. Аталған шараға аудан басшысы Арман Абдуллаев арнайы барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында ауыл тұрғындары аудан басшысына өз ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдар баталарын берді.
Бұл елді мекендегі тұрғын үйлерге газ құбыры мен орамішілік газ тарту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мекемесіне атқарушы техникалық құжаттары толық жинақталған. Бүгінде мердігер мекеме «Аша-А» ЖШС-і тарапынан 2 тұрғын үй «көгілдір отынмен» қамтылды. Алдағы уақытта елді мекеннің қалған тұрғын үйлерін табиғи газға қосу жұмыстары жалғасатын болады.
Айта кетсек, ауданға қарасты елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Ауданға қарасты 63 елді мекеннің ішінде 49 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтылған. Қазіргі таңда 4 елді мекенді — Жылға, Шеңгелді, 51 разъезд, Ердәуітті газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 5 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылып, тағы 5 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ биыл ауданға қарасты 4 елді мекен, атап айтқанда, Шайхана, Дербісек, Береке, Құрамада ауыз су құбырларына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бүгінде Жылға, Жонарық, Құркелес елді мекендерінің ауыз су құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралып, құрылысы 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық және республикалық бюджеттерден 8 елді мекенге (Достық елді мекені, Құркелес ауылдық округінің Алғабас, Ақниет елді мекендері және Жібек жолы ауылдық округінің Жібек жолы, Қарабау, Сарқырама, Зортөбе, Жаңақұрылыс) таза ауыз су құбырын тарту жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Сарыағаш ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешендері бой көтеруде. Осы ретте аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, Құрама елді мекенінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстары барысын бақылады.
Аудан әкімі спорт нысанының ауыл үшін маңызы зор және оның сапалы салынуы басты шарт екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтіп, уақытылы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау керектігін ескертті. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына осы жұмыстарды үнемі назарда ұстауды тапсырды.
Айта кетсек, бүгінде нысанның темір колоннары мен темір конструкцияларының сырлау, нысанның сыртқы сэндвич панелін орнату жұмыстары, сонымен қатар екінші қабатқа көтерілетін баспалдақтарына және нысанның ішкі еденіне бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында жалпы 22 құрылысшы жұмыс істеп жатыр.
Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті
Желтоқсанның басында Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті шаруалармен кездесіп, бірқатар мәселелер мен олардың шешу жолдарын талқылады. Оларды жеке-жеке тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескерген облыс әкімі Сарыағаш ауданында өңірдің көкөніс өндірушілерінің көтерме-бөлшек сауда орталығын ашудың маңыздылығын айтты. Онда қажетті құжаттарды рәсімдеуге, өнімге тапсырыс берушілермен байланыс орнатуға, тауарды делдалдарсыз және алыпсатарларсыз арзан бағамен сатуға жағдай жасаудың қажеттілігін атап өтті. Бұл диқандар үшін өте маңызды. Жылыжай иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
– Еңбек өнімділігіне, жаңа технологияларды енгізуге, сапалы тұқым мен заманауи техниканы сатып алуға ерекше назар аудару қажет. Үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өткізу, кеңселер жүйесін құру жөніндегі ұсыныстарды қолдаймын. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жылыжайдың жалпы көлемі 1640 гектардан асады. Өткен жылы 150 мың тонна өнім жиналып, республика халқының көкөніске деген қажеттілігінің 42 пайыздан астамы қамтамасыз етілді.
Инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті.
Жүйелі атқарған жұмыстың нәтижесінде фермерлік жылыжайлардың стандарты әзірленіп, 800-ден астам жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа ережесі бекітіліп, өндірушіден тікелей көмір сатып алу келісілді.
Айта кетейік, шаруалармен кездесу Қабланбек ауылында орналасқан «Жабай ата» шаруа қожалығының жылыжайында өтті. Бұл жылыжайдың өнімдері облыспен қатар өзге қалаларға да жіберіледі. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.
Сарыағаш ауданында жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында жобалар көбейіп, өңірдің әлеуеті арта түсуде. Осы бағытта аудан әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, салынып жатқан ұсақ малды бордақылауға арналған алаңша мен мал сою және экспортқа ет дайындау цехының құрылысы жұмыстарын бақылады.
Құрылыс алаңында аудан басшысы кәсіп жетекшілерімен кездесіп, жоба барысын талқылады. Аудан басшысы нысан ауқымдылығын жоғары бағалап, оның ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер оң ықпалына сенім білдірді.
Сонымен қатар аталған нысан аумағындағы 5 гектар жүк көліктеріне қызмет көрсету және кедендік тексеруге арналған кешеннің құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды, сонымен қатар 15 000 бас ұсақ малды бордақылауға арналған. Жаңа мал сою бекеті тәулігіне 200 бас ірі қара малын сойып, өңдеуге мүмкіндік береді. Цех толықтай іске қосылғанда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Айта кетсек, аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында Зортөбе елді мекеніндегі заманауи жылыжай және өнімді сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жеке кәсіпкермен кездесті.
Жеке кәсіпкер С. Қалтаев 3 гектар жер учаскесінде лимон, 50 сотық жерде көкөністер өсіруге арналған заманауи жылыжай және өнімді сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы құны 252 миллион теңгені құрайтын жобаның іске асырылуы нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Сондай-ақ лимон өсіруге арналған жылыжайдың құрылыс жұмыстарына заманауи технологиялар қолданылып, тиімді суару жүйелері, ауа температурасы мен ылғалдылықты қадағалайтын автоматты жүйелер орнатылады.
Кездесу барысында аудан әкім кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуын тіледі.
Аталған жоба ауылшаруашылық саласында маңызды серпіліс жасауына, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын көтеруге, аудан экономикасының оң өзгерістеріне алып келеді.
Ал қараша айының басында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барып, бірқатар жылыжай иелерімен кездескен болатын. Шаруалар қатты отын бағасын тұрақтандыру, көкөніс пен жеміс-жидек импортын реттеу бойынша өтініштерін жеткізіп, электр қуатының қыс мезгілінде үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді сұрады. Қазіргі таңда ауданда көмір тапшылығы жоқ.
Көтерілген мәселелерге қатысты заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан Нұрбол Тұрашбеков облыстық Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы мен аудан әкімдігінің жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Түркістан облысында жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бұл республикалық көрсеткіштің 71 пайызын құрайды. Биылғы 9 айда өңірдегі жылыжайларда 150 мың тонна көкөніс жиналып, маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігін 42 пайызға қамтамасыз етті. Өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту бойынша бүгінгі таңда 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жаңадан 6 150 жұмыс орны құрылып, жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде республика халқын маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады.
Сонымен қатар жуырда Сарыағаш ауданында жүзім шаруашылығын дамыту бойынша семинар-кеңес өтті. Оған аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, шаруалармен пікір алмасты. Семинар барысында аудан әкімі жүзім шаруашылығының маңыздылығына тоқталып өтті.
— Кеңес дәуірінде ауданымызда жүзім шаруашылығы қарқынды дамып, шарап зауыттарының жұмысының нәтижесінде экономикаға айтарлық серпін беріліп келген. Бүгінгі таңда ауданда 627,9 гектар жерде жүзім өсірілуде. Оның 379,0 гектар «Silk Alley» Винный завод» ЖШС қарасты шарап зауытына, ал 248,9 гектар ауданымыздағы ұсақ шаруашылықтарға тиесілі. Шикізаттың болмауына байланысты Жібек жолы ауылында орналасқан «Жетісу» ЖШС қарасты ірі шарап зауыты бүгінгі таңда жұмысын тоқтатып өз кезегінде ауданымыздың әлеуметтік – экономикалық жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Ауданымыздың топырағы мен ауа-райы жеміс-жидек пен жүзімнен мол өнім алуға қолайлы. Жоғары агротехникалық шараларды қолдану нәтижесінде сапасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келетін өнім өндіруге болады.Қазіргі уақытта, ауданымызда ағын су жетіспеуіне байланысты игерілмей жатқан жерлерде тамшылатып суғару әдісін пайдалана отырып жүзім шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік мол, — деді Арман Абдуллаев.
Сонымен қатар аудан басшысы дала семинары барысында қатысушылармен облыс әкімінің бастамасымен облыс аумағында жүзім шаруашылығын дамыту бағытында ағымдағы жылдың 7-8 қыркүйек күндері облыс делегациясының Өзбекстан Республикасындағы Ферғана облысына арнайы барып, жүзім шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары бойынша тәжірибе алмасқанын жеткізді. Арман Абдуллаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы арқылы Дербісек, Қабланбек, Тегісшіл ауылдық округтерінде жүзім шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарды 2,5 % несиемен қамтуға болатындығын атап өтті.
Аталған кеңес отырысына бірқатар шаруалар мен кәсіпкерлер қатысты. Семинар барысында әр шаруа өз тәжірибесімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Бүгінде «Сұңқар» ЖШС-не қарасты шарап зауыты, ауданда жүзімнің болмауына байланысты толық қуаттылығын пайдалана алмай отыр. Осыған байланысты Отырар, Түлкібас, Төлеби, Жетісай аудандарынан жүзім тасымалдануда. «Сұңқар»ЖШС шарап зауытының құрылтайшысы Д.Исабаев «Сұңқар»ЖШС шарап зауытының басшысы Н. Әліқұл шаруалардың өнімін алуға дайын екенін жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.