Түркістан облысы: Арыс қаласында австралиялық әдіс бойынша 50 мың басқа арналған ірі қараны бордақылау алаңы іске қосылады

Арыс қаласының ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қалаға қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып, іске қосылмақ. Аталған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы ең ірі кешендердің біріне айналуы көзделіп отыр және австралиялық әдіс бойынша жүргізілуде.

Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру мен ет бағытындағы мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады.

Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы австралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісімен жасалады. Түркістан облысындағы ең ірі кешеннің біріне айналатын бордақылау алаңы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округі аумағында орналасқан.

Кешен жұмыстарымен танысу үшін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова аталған ауылға арнайы барды. Әкім мал бордақылау алаңының Арыстың экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтіп, бұл жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор септігін тигізетініне сенім білдірді.

Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде биыл бордақылау алаңына 15 мың бас, 2025-2026 жылдары тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады.

Сондай-ақ серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4 710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жем-шөп дақылдарын өсіруді жөнге қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бұл өз кезегінде мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс аутоматты жүйеде жүзеге асырылатын болады.

Жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Арыс қаласында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба мал шаруашылығының дамуында жаңа белестерге жол ашып, өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына негіз болмақ.

Иә, Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды шаралар жүзеге асып келеді. Бүгінде ірі мал бордақылау алаңдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Ауданда ірі малды бордақылау алаңы мен мал сою бекетін ашу жұмысы қолға алынған. Ол сарыағаштық кәсіпкердің жеке қаржаты есебінен жүзеге асырылады. Кооператив жылына 15 000 бас уақ мал бордақылауды көздеуде. Мал бордақылау алаңы 6 гектарды құраса, жоба құны – 1 миллиард теңге. Мұнда 25 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты жұмыс істейді.

Аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп жатқанын айтып, мемлекеттік қолдауларға тоқталды. Сондай-ақ шаруаның жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң «Бес қара» ЖШС-нің ІҚМ және уақ мал сою бекетіне барды. Бұл бекет тәулігіне 128 ірі қара мал және 600 бас уақ мал союға қауқарлы. Жоба құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын мал сою бекеті 1 гектар аймақты алып жатыр. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 40-қа жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Өңір басшысы сапар соңында «Бес қара» ЖШС-нің көлік-логистикалық орталығында болып, құрылыс барысын көрді. Бұл орталық тәулігіне 300 жүк көлігін қабылдауды жоспарлап отыр. Жоба құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын орталық 5 гектарға орналасқан. 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Облыс әкімі жобаның ауқымдылығын жоғары бағалап, ауданның ғана емес, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер ықпалына тоқталды. Жауапты басшыларға осы саланы дамытып, кәсіпкерлікті қолдауды тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан облысы ет экспорты бойынша республикада бірінші орында тұр. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80%-ы, яғни, 6,9 мың тоннасы, қой етінің 75%-ы өңірге тиесілі. 10 айда облыстан 4,7 мың тонна қой еті экспортталған.

Облыс әкімі аудандағы «Сұңқар» ЖШС-нің зауытың да жұмысымен танысты. Өндіріс орны 2022 жылы құрылған, жоба құны – 700 миллион теңге. Шарап өндірумен айналысатын кәсіпорында 50-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпкермен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.

Республикадағы ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы — Түркістан облысының еншісінде. Облыста мал шаруашылығының дамуы — елімізде жетекші орында. 9 айда 153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна сүт, 190,2 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, ұсақ мал етінің – 75%-ы Түркістан облысында өндірілуде. 2024 жылдың 9 айында 10,0 мың тонна ІҚМ, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды.

Ет экспортының әлеуетін арттыруда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізуде. Өңірде жалпы 9 183 бірлік ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 басқа дейін 9148 бірлік, 400 бастан – 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесімен жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын 400 бастан жоғары 2 ірі тауарлы сүт фермалары инвестициялық жобалары жүзеге асырылды (809 бас). Бұл жобаларды қолдауға Республикалық бюджеттен жылдық 2,5 % мөлшерлемемен 3,8 миллиард теңге несие қаржы бөлінді. Олар — «БНК АГРО KZ» ЖШС, «Бөрте Милка» ЖШС.

Жобалар түркиялық «Sezer», швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Бүгінгі күнге Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары «Гольштейн» тұқымды 539 бас аналық ірі қара мал әкелінді. Осы жобалар арқылы жылына қосымша 8,5 мың тонна сүт өндіріледі.

Сүт демекші, Түркістан қаласында Орта Азиялық сүт конгресінің «Aq Altyn» ІІ халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Халықаралық конференцияға Үндістан, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттерден қатысушылар келді.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков конференцияның алғашқы пленарлық мәжілісіне қатысып, өңіріміздегі сүт өндірісінің көрсеткіштері мен мүмкіндіктері туралы баяндады.

– Өздеріңізге белгілі, әлемде халық санының өсіміне байланысты, сапалы азық-түлік тауарларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ауыл шаруашылығында шикізат секторымен бірге қайта өңдеу саласын жан-жақты дамыту кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Бүгінгі конференция сүт өндірісімен айналысатын кәсіпорындарды біріктіріп, өзара ынтымақтастықта жұмыс жасауға жаңа бағыттар белгілеп беретініне сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыста өндірілетін жалпы өңірлік өнімнің 20 пайызы агроөнеркәсіптік кешеннің үлесінде. Жұмыс атқарып тұрған 80 мыңнан астам агроқұрылым бар, бұл — республикалық көрсеткіштің 31 пайызы.

Қазіргі таңда өңірдегі сүт өнімдерін шығаратын екі ірі фермада мал басы 400 бастан асады. Олар: «Бөрте Милка» және «Шаркул Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестері. Биыл тағы 2 инвестициялық жоба жүзеге асты. Жобалар түркиялық «Sezer», швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталды. Бүгінгі таңда Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары «Гольштейн» тұқымды 605 бас аналық ірі қара мал алынды. Осы жобалар арқылы жылына қосымша 12,6 мың тонна сүт өндіріледі.

Бұдан бөлек, 2025 – 2026 жылдары қосымша жалпы 2000 басқа арналған 3 тауарлы сүт фермасын іске қосу көзделген. Сондай-ақ 32 сүт фермасы мен 23 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы бағытта жемісті еңбек етіп келеді. Жылына облыста 410 мың тоннаға жуық сүт өндіріледі. Бұл — республикалық көрсеткіштің 12 пайызы.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсайтын өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялау бағдарламасы іске қосылған. Облыста сүт өнімін қайта өңдеумен жалпы қуаттылығы 171 мың тоннаны құрайтын 25 шағын, орта және ірі кәсіпорындар жұмыс атқаруда.

Екі күнге созылған конференцияда әлемдік нарықтағы өзгерістер, сүт өндірісінің даму бағыты талқыланып, технология жаңалықтары таныстырылды.

Нарықты отандық өнімдермен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңыздылығы жоғары. 2024 жылы 9 айда құны 28,1 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 194 жаңа жұмыс орны ашылды. Мал шаруашылығын дамытуда инвесторлар қой және ірі қара мал етінің жаһандық топ-өндірушілерінің бестігіне кіретін, әлемнің ең ірі экспорттаушысы Австралия әдісін пайдалануға ниетті.

Австралия тәжірибесін енгізу мақсатында жалпы құны 55,2 миллиард теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделіп, 600 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin