Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Екі жылда 6 автоматтандырылған газ тарату станциясы ел игілігіне тапсырылып, газ желілері ұзарған екен. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Солардың бірі Мақтаарал ауданы Игілік елді мекенінде орналасқан. Аталған маңызды нысанға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, автоматтандырылған газ тарату станциясының жай-күйімен танысты. Тұрғындарды құттықтады.
– Өңірде елді мекендерді газбен қамту жұмысы жалғасады. Газ тарату станциялары салынып, аймақтың инфрақұрылымы жақсара түсті. Бұның бәрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі, – деген облыс әкімі тұрғындармен жүздесіп, пікір алмасты. Жауапты басқарма басшысы мен аудан әкіміне газдандыру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде атқаруды тапсырды.
«Мақтаарал» автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы ауданды газбен қамту көрсеткіші жақсара түскен. Жалпы, бүгінде аудан халқының 75,6%-ы газбен қамтылған. Тұрғындарды 100% қамту үшін қосымша автоматтандырылған газ тарту станциясы салынып, 19 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Ол үшін 2024 жылға 4,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Тағы 4 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, қаржы бөлуге ұсынылған.
Айта кетейік, елді мекендерді газбен қамту жұмыстары бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарында келеді. Екі жылда 187 мың тұрғын, 90 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды.
Иә, Түркістан облысына қарасты елді мекендердің инфрақұрылым сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Келес ауданында да тағы бір әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданының Біртілек ауылдық округіне қарасты Біртілек елді мекенінде «Абай» газ тарату станциясын іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
«Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Біз бюджеттің мүмкінгінше ауылдарды газбен қамтып жатырмыз. Екі жылда 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылуда. Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешіліп, «сақалды құрылыстар» ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жергілікті тұрғындарды ауыл-аймақты таза ұстауға, елді мекенді абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын», — деді Дархан Сатыбалды.
Келес ауданындағы қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді.
«Келес ауданы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған жобаның құрылыс жұмыстарын «Газ КZ» ЖШС жүргізген. Жер көлемі 0,80 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаның жалпы сметалық құны – 699 494,5 мың теңге.
Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен (42 480 адам) табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГТС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен (9 807 адам) қосылады. Жалпы, аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады.
Айта кетейік, облыс бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 миллион 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді. Бұл дегеніңіз — 557 елді мекен деген сөз.
Сонымен бірге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданындағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында тұрғындар мен әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарды газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен қамтылып, «көгілдір отын» пайдаланушылардың пайыздық үлесі 57,1 пайызды құрап отыр.
Жыл басынан бері аудандағы 29 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттерден жалпы 3,4 миллиард теңге қаржы қаралған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жұмыс сапарында Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Қарасақал елді мекенінің тұрғындарын газбен қамтитын құбырды пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Тұрғындарды құттықтады.
Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген Қарасақал елді мекенінің тұрғындары енді «көгілдір отынды» пайдаланады. Жалпы сметалық құны 647,4 миллион теңгені құрайтын газ құбырының ұзындығы 23,659 шақырым. Тұтынушы абонент саны – 95, тұрғындар саны 500-ден асады.
Айта кетейік, аталған магистралды газ құбыры бойында орналасқан 10 елді мекеннің де құрылысы аяқталып, 1216 абонент табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие болды. Алдағы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Ж.Ералиев ауылдық округінің Абай, Абай ауылдық округінің Халықтар достығы, Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс, Әбдіхалық, Мырзашөл елді мекендеріне газ берілмек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, атқарушы техникалық құжаттамалары рәсімделуде.
Сала мамандары ауданда жыл соңына газдандыру деңгейінің 70,4 пайызға жететінін, ал, 2027 жылы бұл көрсеткіштің 100 пайыз болатынын айтады.
Биыл облыс әкімінің басшылығымен өңір бойынша 47 ауыл «көгілдір отынмен» қамтылды. Даму жоспары аясында жыл басынан бері Бәйдібек ауданында 15 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп отыр.
Оның ішінде Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылына газ берілді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, өңір басшысының құттықтауын жеткізді.
– Биыл облысымыз үшін де, оның ішінде бәйдібектіктер үшін де жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Қазіргі таңда Бәйдібек ауданында 50 ауылдың 36-сында «көгілдір отын» қолжетімді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» дейді халық даналығы. Қуанышты күндеріңіз көп болсын, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілейік, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бөлек Түлкібас ауданының орталығынан ең шалғай орналасқан Иірсу ауылына да газ берілді. Өткен жылдардан өтпелі болып іске асқан газ құбырын тарту жұмыстары биыл толығымен аяқталды. Нәтижесінде 21 шақырымнан астам құбыр тартылып, ауданның ең биік нүктесіндегі елді мекенде орналасқан 26 үй мен 4 мемлекеттік коммуналдық мекемені көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде.
Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұстафа Телғараев, ауыл әкімі мен жауапты мекеме өкілдері қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтап, алғашқы үйге газ қосу сәтін бірге тамашалады.
Ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүріп, игі іске мұрындық болған жандарға алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.
Ордабасы ауданындағы Көкарал және Еңбекші ауылдарының тұрғындары табиғи газға қосылды. Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындардың қуанышын бөлісуге Төрткүл ауыл округіне қарасты Көкарал ауылына арнайы барып, табиғи газ беру рәсіміне қатысты. Тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, ауылды көркейтуге үлес қосуға шақырды. Ауылдарды жандандырып, жергілікті халықтың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы істер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті. Ауыл ақсақалдары инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындарға «көгілдір отын» игілігін тарту еткен мемлекетке, өңір басшысына алғысын жеткізді.
Енді Көкарал және Еңбекші ауылдарындағы 200-ден аса абонент орталықтандырылған табиғи газға қосылып, 1,5 мыңға жуық тұрғын «көгілдір отынның» рахатын көреді. Газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жалғаспақ.
Ордабасы аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ тапсырысымен жүзеге асырылған жобаның құны – 140,3 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Моналит Дизайн-2030» ЖШС 2021 жылы бастап, биыл пайдалануға тапсырып отыр. Жалпы құбыр ұзындығы – 8,1 шақырым.
Ордабасы ауданының Шұбар елді мекеніне газ құбырын жүргізу құрылысы аяқталып, іске қосылды. 2021 жылы басталған жоба биыл желтоқсан айында аяқталып, жалпы ұзындығы 38 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 600-ден астам абонетке газ жеткізілді.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы келіп, шұбарлықтарды құттықтады.
– Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдарымызға да қаладағыдай жағдай жасалуда. Енді тұрғындар көмір жағу машақатынан құтылып, таза, табиғи газ тұтынады. Осы орайда баршаңызды газ құрылысының іске қосылуымен құттықтаймын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудан басшысы, ауыл ақсақалдары, халық қалаулылары» көгілдір отынның» алауын жағып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Айта кетейік, аудан бойынша 57 елді мекеннің табиғи газбен қамту деңгейі – 61,4 %. Жалпы 35 елді мекен қамтылды. Сонымен қатар Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылуда.
Айта кетейік, Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Табиғи газбен 510 елді мекен қамтылып, жалпы қамту деңгейі 63% құрайды (1,7 миллион адам немесе 81,6%). Екі жылда 91 елді мекен (2023 жылы – 44, 2024 жылы – 47) табиғи газға қосылды. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, жыл қорытындысымен газбен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 557-ге артып, қамту деңгейі 69%-ға жететін болады (1,8 миллион адам немесе 84,9%).
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Түркістан өңірінде жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастады. Халық санымен есептегенде, 1 миллион 750 мыңнан астам халық немесе облыс тұрғындарының 81 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған. Бұл – еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады.
2023 жылы өңірде 45-тен астам елді мекен газдандырылған болатын, бұл көрсеткіш республикада өңірлер арасындағы ең жоғарғы нәтиже болды. Түркістан облысында соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 46 табиғи газ нысаны бар болатын. Оның ішінде 40 елді мекен, 2 көше, 2 автоматты газ тарату станциясы бар. Өткен жылдың қорытындысымен оның 44-і іске қосылды. 1,5 жылдың ішінде сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен әрі үйлестіруімен жүзеге асуда.
Биыл облыста 54 нысан құрылысы аяқталып, 47 елді мекенде 75 мыңға жуық халыққа «көгілдір отын» жеткізу бойынша жобалар іске асырылуда. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Қазына» қоры арқылы қосымша 10 миллиард тең бөлініп отыр. Аталған қаражаттарды бөлуде Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына орай газдандыру көрсеткіштері төмен Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек аудандарына басымдық берілуде.
Өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Биыл дәл осындай газ тарату станциялары Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында ел игілігіне пайдалануға берілді.
Тұрақты жұмыс нәтижесінде биыл Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 %-ға жетеді деп күтіліп отыр. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізілмек. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасады.
Айта кетейік, облыс бойынша 2024 жылдың қорытындысына сәйкес 564 елді мекен (69,9 %) немесе 1 миллион 834 мыңға жуық тұрғын (85,5 %) табиғи газбен қамтылатын болады.
Табиғи газ туралы сөз болғанда ауыз су да қатар жүреді. Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен толық қамтамасыз ету мақсатында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланса, халық саны 200-ден аз 29 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатылмақ.
Биыл облыс аумағындағы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жалпы 129 нысанның құрылысына ұлттық қордан, республикалық және облымтық бюджеттен тиісті қаржы қаралған. Оның ішінде, 65 нысанды биыл, 64 нысанды келесі жылы аяқтау көзделуде.
Құрылыс-монтаж жұмыстарымен 32 нысан қамтылмақ. Нәтижесінде, 12 елді мекен ауыз сумен жеткізіледі. Атап айтқанда, Сарыағаш ауданында – 2, Отырар ауданында – 1, Төлеби ауданында – 1, Келес ауданында – 4 және Созақ ауданында 4 елді мекен ауыз сумен қамтылады.
Одан бөлек, Бәйдібек ауданында – 1, Арыс ауданында – 1, Сарыағаш ауданында – 1, Төлеби ауданында – 3, Жетісай ауданында – 2, Мақтаарал ауданында – 2, Түлкібас ауданында – 1, Шардара ауданында – 1, жалпы, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы 3 мөлтекауданда, Арыс қаласындағы 3 мөлтекауданда су құбырын жүргізу және суаққы, резервуар салу жоспарланып отыр.
Ал, Сайрам ауданының Жібек жолы елді мекеніндегі тозығы жеткен су жүйелеріне күрделі жұмыстар жүргізіліп, жаңартылатын болады. Сондай-ақ, 21 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, 36 елді мекенде тозығы жеткен су құбырлары, су мұнаралары, қолданыстағы су ұңғымалары ретке келтіріледі.
Түркістан облысындағы ауылдар мен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл мәселелерді тұрақты бақылауына алған.
2024 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 807 елді мекеннің 737 елді мекені (7 қала, 730 ауылдық елді мекен) немесе 91,3% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 70 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Облыс аумағындағы елді мекендерді 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, халық саны 200-ден аз шалғай орналасқан 29 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатылады.
Биыл ауыз сумен қамтамасыз ету саласы бойынша жалпы 129 нысанның құрылысына бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Оның ішінде, осы жылы 65 нысан аяқталады деп жоспарланса, 64 нысан келесі жылға өтпелі.
2024 жылдың қорытындысымен 29 елді мекен жаңадан ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, 807 елді мекеннің 766 елді мекені (7 қала, 759 ауылдық елді мекен) немесе 94,9 % ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
Түркістан облысын сапалы электрмен жабдықтау мақсатында ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, облыста қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асуда. Жоба құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Одан бөлек, 2023-2025 жылдары жалпы қуаты 90 МВт 4 күн электр станциясы мен қуаты 11,5 МВт 5 шағын гидроэлектростанция салу жоспарланған. Оның ішінде, өткен жылы Отырар ауданы аумағында 50 МВт күн электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасады. Жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған.
Осы ретте, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мердігерлермен, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелердің басшыларымен жиын өткізді. Күн тәртібінде ауыз су, табиғи газ және электр қуаты саласындағы проблемалық нысандардың барысы қаралып, қазіргі жай-күйі талқыланды.
Мәжілісте Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков проблемалық нысандар бойынша баяндама жасады. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары олқылықтарды қалпына келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы тоқталды.
Зұлпыхар Жолдасов нысан құрылысында немқұрайлы қараған мердігерлердің жұмысын сынға алып, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына құрылыс басында болып, жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Жұмысын тиісті деңгейде орындамаған мердігерлерге қатаң шара қарастырылатынын, лицензиясынан айыру және «жозықсыз» деп тану жұмыстары жүргізілетінін ескертті. Құзырлы органдармен бірге заң аясында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Түйіндей айтқанда, өңірде жүйелі тірлік бар. Түркістан облысында 800 елді мекен бас жоспармен қамтылған, орындалу пайызы (99,1%) құрайды. Қалған 7 елді мекенге 2025 жылы оңтайландырылған бас жоспар әзірлеу жоспарланған.
– Әр аудан, қала, елді мекеннің бас жоспары болуы тиіс. Бас жоспар сапалы әрі жүйелі жасалсын. Ұсыныс беріңіздер. Бей-берекет құрылысқа жол берілмейді. Барлық жұмыстар бас жоспар аясында атқарылуы қажет. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері осы мәселеге баса мән беріңіздер, – деген-ді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаевтің айтуынша, облыста орналасқан елді мекендерде талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 523 бас жоспардың сапасыз екені анықталған. 293 бас жоспардың құрамында векторлық форматтағы сызбалары жоқ, 230-ында тек негізгі сызбалары бар. Осыған орай, бас жоспарларды жобалауға арнайы есептік кесте әзірленген. Жоғарыда аталған кемшіліктер қайталанбауы үшін бас жоспарларды әзірлеуді ұйымдастыру кезеңдері бойынша регламент дайындалған.
Қала құрылысы жобаларын қайта түзетуде төрт критерий енгізілді. Олар: бас жоспардың есептік мерзімі (10-15 жыл); әлеуметтік-экономикалық дамуы, халық санының өсу динамикасы; елді мекеннің шегін кеңейту; цифрландыру. Критерийлер негізінде 358 елді мекеннің бас жоспарын қайта түзету бойынша 3 және 5 жылға арналған жол картасының 2 нұсқасының жобасы әзірленді.
Одан бөлек, облыс аумағында елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеген жобалаушы мекемелерге талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде сапалы және сапасыз жобалаушы мекемелер анықталды. 44 мекеме сапасыз деп танылса, 5 мекеме – сапалы, ал 2 мекемеге орташа баға берілген. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу кезінде жобалаушы мекеменің қала құрылысы саласында біліктілік талаптарын және тәжірбиесін ескеру қажет.
2025-2027 және 2025-2029 жылдарға арналған бас жоспарларды әзірлеу және түзету жөніндегі жол картасының жобасы да ұсынылған болатын. Сонымен бірге аудан, қала әкімдіктерінде сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне білікті сәулетші мамандарды алу, сәулет саласын дербес бөлімге айналдыру жөнінде ұсыныс берілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.