Естеріңізде болса, қазан айының ортасында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасып, Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндаған-ды.
Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.
Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бәйдібек ауданының потенциалы толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, туризмді дамытып, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды. Дархан Сатыбалды аудан, ауылдарды дамытуда маман тапшылығының шешуді тапсырды.
Инвестициялық жобалаларды жүзеге асыруда кадр тапшылығы мәселесінің орын алатынын айтқан өңір әкімі ауылдарға мықты кадрларды тарту керектігін айтты.
– Ауданды дамытуда барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек. Бәйдібек ауданында да жұмыстарды ширату керек. Жаңа жобалар әлі де жеткіліксіз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар тиісті деңгейде емес. Қолынан іс келетін, ауылдан шыққан қабілеті бар азаматтарды іздеп, жұмысқа тарту керек. Инженерлер, техникалық мамандар қажет. Ауданның дамуына тың серпін беретін жобалар керек. Ол үшін әкім ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істегені жөн. Табиғаты қолайлы аймақта әлі күнге туристерді тартатын жобалар жеткіліксіз. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Аудан әкімінің баяндауынша, Бәйдібек ауданының 3 бағыт бойынша дамытуды жоспарланған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын, шағын және орта кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға басымдық берілмек. 9 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнімнің көлемі 42,3 миллиард теңгені құраған.
Түркістан облысы бойынша игерілетін 869,7 мың гектар егістік алқаптың ең үлкен үлесі 105,7 мың гектары, яғни 12,1 пайызы Бәйдібек ауданына тиесілі. Жер аумағы кең. Жылқы мен уақ мал өсіруге қолайлы және тарихи-танымдық туризм кластері мен экотуризмді дамытуға қолайлы аймақ.
2024 жылы ауданға 29,4 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Ауданда мал шаруашылығы, құс және балық шаруашылығын дамытуда жаңа жобалар қолға алынбақ. Биыл 745 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 2028 жылға дейін жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге құрайтын 6 жоба іске асырылып, 1511 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарлануда.
Баламалы электр көздерін арттыру бойынша 2030 жылға дейін 4 жоба іске асырылмақ.
Айта өтейік, Бәйдібек ауданы — Түркістан облысының орталық бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы 7,2 мың шаршы шақырым, яғни облыс аумағының 6,1%-ын қамтиды. Орталығы — Шаян ауылы.
Басы Қаратау сілемдерінен басталатын, жағалауы кезінде қалың нумен көмкерілген Арыстанды, Бестоғай, Шаян, Сасық, Үлкен Бөген, Бала Бөген, Қошқарата, Боралдай өзендерінің бойлары ерте заманнан мәдениеті өркендеген, шаруашылығы өскен, елді мекендер, шағын қорғандар құрылысы дамыған алқап. ХІІІ ғасырдың екінші онжылдығының соңында моңғол әскерлері Арыс өзенінің басына келіп тоқтап, одан кейін бір бөлігі Отырар қаласына қарай бет алғанда, 1219 жылдың қыркүйегінде Қостұра арасындағы асудан өтіп, Боралдай өзенінің жағасындағы шағын қаланы қоршаған екен. Сол кездің ескерткіші, «Үлкен Тұра» етегінен басталатын бір бастаудың суы жер асты арқылы қалаға келтірілген. Судың шығып жатқан жері қазір «Теректі әулие» деп аталады.
Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен Қазақстанда 13 округ пен 193 аудан құрылды. Сырдария округінде 21 аудан құрылса, соның ішінде Шаян болысы негізінде құрылған Шаян ауданы да бар еді.
1930 жылғы 23 шілдеде Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Округтерді жою туралы қаулысына сәйкес округтер жойылып, Қазақстанда іріленген 121 аудан құрылды. Осыған байланысты Шаян ауданы да таратылып, оның жері Арыс, Созақ, Түркістан және Талас аудандарына бөлініп берілді.
1933 жылғы 16 қазанда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің шешіміне сәйкес Арыс, Талас, Түркістан, Жуалы аудандарынан 13 ауылдық кеңес біріктіріліп, Шаян ауданы қайта құрылды.
Шаян ауданы 1962 жылы таратылып, 1964 жылы қайтадан құрылып, аудан атауы Алғабас болып өзгертілді.
1996 жылғы 23 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алғабас ауданының аты Бәйдібек ауданы болып өзгертілді.
Солтүстігінде Созақ, батысында Сауран аудандарымен, оңтүстігінде Ордабасы, Сайрам, Түлкібас аудандарымен және Арыс қаласымен, шығысы мен солтүстік-шығысында Жамбыл облысының Сарысу, Талас, Жуалы аудандарымен шектеседі.
Бәйдібек ауданы жері Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде, қырқалы жазықта жатыр. Оңтүстік-шығысын Боралдай жотасы, Үлкентұра тауы (1425 метр) алып жатыр. Жер қойнауынан полиметалл кені (Байжансай), әктас, құрылыс материалдары барланған.
Климаты континенттік, қаңтар айының орташа температурасы: -5-7°С, шілде айында: 27-29°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері ауданның батысында: 170 мм, шығысында: (Қаратау баурайында) 340 мм.
Бәйдібек ауданының жерінде Арыстанды-Қарабас желі қатты байқалады. Жел (жылдамдығына — 30-35 м/с) қыста ауа температурасын -22°С-қа дейін суытады.
Аудан аумағынан Қаратау және Боралдай тауларынан басталатын Арыстанды, Сасық, Бөген, Шаян және Боралдай өзендері өтеді.
Ауданның оңтүстік-батыс бөлігі — сұр топырақты, жусанды дала. Солтүстік-шығысындағы саздауытты, сұр топырақты өңірде бидайық, боз жусан, баялыш, күйреуік, шығысындағы таудың сұр-қоңыр топырағында Қаратау жусаны, нарқия, тағы басқа да шөптесіндер мен бұта аралас долана, тобылғы, жабайы алма, өрік, өзен бойларында тал, терек, жиде, қамыс өседі.
Жануарлар дүниесінен тауда арқар, елік, қасқыр, жазығында қоян, қарсақ, сарышұнақ, құстардан кекілік, бөдене, көкек, тағы басқа да құстар мекендейді.
Мәдени мұраларына келсек,
- Бәйдібек Қарашаұлы кесенесі;
- Домалақ Ана Кесенесі;
- Аппақ ишан күмбезі;
- Ақмешіт әулие үңгірі;
- «Қызыл көпір» тарихи ескерткіші бар.
Қызыл көпір 1886 жылы ескі ағаш көпірдің орнына салынған. Білікті инженерлік есеп бен құрылыс-монтаж жұмыстарының жоғарғы сапада атқарылуынан ғимараттың ұзақ уақыт сенімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Көпір 1970 жылдарға дейін қалааралық, жалпыодақтық маңызы бар автокөлік қатынасын қамтамасыз етті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.