Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін тапсырған болатын. Осы бағытта биыл Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда жылдың алғашқы 8 айының қорытындысына сәйкес өңірге тартылған инвестициялар көлемі 596,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,6%-ға өсті.
Инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында, 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,5 триллион теңге. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
2024 жылы жалпы құны 142,4 миллиард теңгені құрайтын 2 233 жаңа жұмыс орнын ашумен 59 инвестцииялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде жалпы құны 76 миллиард теңгеге 866 жұмыс орны құрылып, 25 инвестициялық жоба іске қосылып үлгерді.
Бұдан өзге Жалпыұлттық пул аясында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 1,5 триллион теңгеге 8 114 жұмыс орнын ашатын 23 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылып, Ұлттық цифрлық платформаға енгізілді.
Ал биылғы 9 айдың нәтижесіне сәйкес Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі салаларында оң динамика сақталды. Алдын ала есеп бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 3,7 триллион теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 110,6%-ды құрады. Сонымен бірге аймақта кіріс көздері ұлғайған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды индикаторларды толық орындау маңызды екенін үнемі еске салып отырады.
– Бекітілген жоспарды орындап, экономикалық өсімге қол жеткізуіміз керек. Жұмыс бар. Бірақ әлі де күшейткен жөн. Индикаторларды орындау көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдерінен тиісті түсініктемесі алынады. Өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді көбейту қажет. Ізденіңіздер, көршілес елдерге барып, тәжірибелерін көріңіздер. Бізге жұмыс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша нақты нәтиже қажет. Бюджет қаржысын тиімді жұмсау, аймақтағы жобаларды уақтылы жүзеге асыру да қатаң қадағаланады, – дейді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек пен Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың есептеріне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде өнеркәсіп өнім көлемі 857,1 миллиард теңгені құрап, өсім 106,8% деңгейінде болды. Өсудің оң үрдісі тау-кен, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері, жиһаз өндірісінде салаларында байқалады. Өңдеу өнеркәсібі өнімі нақты 409 миллиард теңгені құрап, 2 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 747,3 миллиард теңгені құрап, өңір республикада көш бастады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 822,3 миллиард теңгеге жетіп, артығымен орындалған.
2024 жылғы 3-ші тоқсан қорытындысына сәйкес бюджетке 181 миллиард 200 миллион теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 103,6%-ға орындалып отыр. Аймақта өндіріс орындарын ашу, салық мәдениетін көтеру, өзіндік кіріс көздерін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Нақтырақ тарқатсақ, Түркістан облысында өзіндік кіріс көздерін артыру, «көлеңкелі экономикамен» күрес, қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары нәтижесінде өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер көлемі ұлғайды.
– Бірінші кезекте өзіндік кіріс көздерін арттыру маңызды. Зауыттар, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмысын жандандыру керек. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары осы бағыттағы жұмысты күшейтсін. Екіншіден, салық оргектарндарына тіркелмей жүрген кәсіпкерлерді анықтап, заң шеңберінде тіркеу шарт. Бұл ретте жауапты департамент пен мекемелердің жүйелі әрі табанды жұмысы қажет, – дейді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаевтың айтуынша, Түркістан облысы бойынша жергілікті бюджеттің салықтық түсімдердің биылға бекітілген жоспары – 162 миллиард теңге. Ал 15 қарашада нақты түскені – 150,6 миллиард теңге. Жылдық жоспардың орындалуы 92,9%-ды құрап, 122,5% немесе 27,6 миллиард теңгеге өскен. Салықтық түсімдерге талдау жүргізу нәтижесінде 15 қарашадағы нақты түсім сомасы 150,6 миллиард теңгені құрады немесе 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 27,6 миллиард теңгеге өсіп отыр.
Аймақта корпоративтік табыс салығы бойынша 2024 жылдың 15 қарашасындағы бекітілген жоспар 14,6 миллиард теңге болса, нақты түсім 15,4 миллиард теңгені құрап, жоспар 105,3% пайызға орындалды. Ал жеке табыс салығы бойынша жылға бекітілген жоспар 56,3 миллиард теңге болса, нақты түсім 51,6 миллиард теңгені құрап, жосапар 91,6% пайызға орындалды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,9 миллиард теңгеге артқан. 2024 жылға 11,8 миллиард теңгені құрайтын қосымша кіріс көздері болжамдалып, бүгінде 7,2 миллиард теңге өндірілген. Жыл соңына дейін 4,6 миллиард өндіріледі межеленген.
Қосымша кіріс көздері деген мәселеде шағын және орта бизнес өкілдерінің өзіндік рөлі бар. Міне, осыған орай Түркістан облысындағы бизнес ахуалды талқылау мақсатында облыс орталығында өңір кәсіпкерлерімен ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, мәслихат депутаттары, құқық қорғау оргектарндары мен қаржы институттарының басшылары қатысты. «Ашық әңгіме» барысында әрбір қатысушы өзін алаңдатқан сауалына жауап алып, бизнес-диалог орнатты.
Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар дамыған Түркістан өңірінде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Онда тау-кен-металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіру, текстиль кластері, ПВХ құбырларын өндіру, полимер бұйымдарын өндіру, алюминий профилдерін шығару зауыттары салынуда. Аудандарда 14 индустриалды аймақ құрылды. Сондай-ақ шағын өндірістік паркте кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Паркте 150-ден аса өндірістік алаң құрылады. Облыс әкімі осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Түркістан өңірінде бизнес ашуға шақырды.
Түркістан облысы әкімінің қолдауымен инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Түркістан облысының Сауран ауданында «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимарат пайдалануға берілген.
Жалпы, өндірістік парктің құны 13 миллиард теңгені құрайды және оның құрылысы аяқталғанда жаңа зауыттар салынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аумаққа барып, құрылыс жұмыстарын қадағалады. Мердігер мен жауапты басқарма басшысына және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасына тиісті тапсырмалар берді.
– Өндірістік парктегі ғимараттар уақтылы тапсырылсын. Алдымен тұрмыстық техника, электроника өнімдерін шығаратын зауыттардың ғимараттарын жедел аяқтап, жобаларды бастау керек. Өндірістік парктегі әрбір ғимаратқа жаңа жобалар іздеп, келісімшарт жасай берген жөн. Ізденіңіздер, инвесторлармен жүйелі жұмысты жалғастырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, өндірістік парк 100 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 151 ғимарат салу жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және жеке инвестор есебінен жүргізілуде. Аталған жоба 3 кезеңмен жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде 30 гектар жерде инвестиция көлемі 154,8 миллиард теңгені құрайтын 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 24,7 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Сонымен қатар 8 жоба іске асырылып, 36,5 миллиард теңге инвестиция тартылған және 712 жаңа жұмыс орны құрылуда.
Қазіргі уақытта Өндірістік паркте «BNK Group» ЖШС-нің (инвестиция құны 14,1 миллиард теңге, 140 жаңа жұмыс орын) су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорны, «Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны 5,9 миллиард теңге, 75 жаңа жұмыс орын) мектепке арналған жиһаздарды өндіретін кәсіпорны, Украиналық «UBC Group» компаниясы (инвестиция құны 10 миллиард теңге, 160 жаңа жұмыс орын) өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін және өзге де кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр.
2024 жылдың соңына дейін 13 ғимаратты және 2025 жылдың бірінші тоқсанында 16 ғимаратты іске қосу жоспарланған.
Екінші кезеңде 2025-2026 жылдары 70 гектар аумақта 112 ғимарат соғу межеленген.
Үшінші кезеңде, яғни, 2025 жылы 14 ғимаратты іске қосу жоспарланған (инвестиция құны 35,1 миллиард теңге). Кәсіпкерлерге инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындары ұсынылып, осы арқылы жұмыс орындарын көбейту көзделіп отыр.
Осы ретте тілге тиек етер жайт, Түркістан облысында бой көтеретін әрбір құрылыс нысаны мен ғимараттардың сәулеттік жобасын тұрақты түрде арнайы кеңес отырысында талқылау дәстүрге айналған. Бұл жолы да бірнеше ғимараттың сәулеті сараланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте мамандар мен инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.
Инвесторлардың бірі Түркістан қаласында 500 орындық мектеп пен 250 орындық балабақша салуға ниетті. Жобасы, сыртқы сәулеті де әзірленген. Өңір басшысы егер нысанды уақтылы салуға кепілдік берілсе, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ал жерді алып, жұмысты созбалаңға салатындарға тиісті шара көрілетінін, жер қайтарылатынын ескертті.
Сәулеттік кеңесте медициналық орталық, көлік орталығы, гектарлерея, емхана, көрме орталығы жобалары да талқылауға ұсынылды. Сонымен бірге Түркістандағы атшабарды халықаралық талапқа сай ету мәселесі де сөз болды. Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы ғимараттардың сыртқы сәулеті де сараланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Қыркүйек айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте де өңірде құрылысы жүретін нысандардың сәулеттік жобалары талқыланған. Мәжілісті Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаев жүргізіп, жобаларды таныстырды. Сонымен бірге Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков облыс орталығында жүзеге асатын бастамалар туралы баяндады. Өңір басшысы мемлекеттен жерді алып, игермей отырған инвесторлар мен кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.
– Жоспарға енгізіліп, жер берілген соң оны игеру керек. Жылдап созып жүруге болмайды. Өңірдегі жобалар уақтылы жүзеге асырылсын. Қадағалаңыздар. Түркістанда салынатын туристік нысандар келушілерге ыңғайлы әрі сапалы болуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте «Жібек жолы» туристік орнын салу, Түркістанның Қызылорда облысынан кіреберіс жағын дамыту, тұрғын үйлер салу, облыс орталығының Бас жоспарын жетілдіру, Сарыағаштағы шекара маңын дамыту, Сауранның туристік әлеуетін көтеретін жоба және өзге де сәулеттік үлгілер талқыланды. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
— Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Орташа есеппен елімізге 12 триллион. теңгеге 3 мыңға жуық тауарлар импорттан кірген. Бұлардың ішінде киім, жиһаз, кеңсе заттары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдарын өзімізде жасауға болады. Ол үшін инфрақұрылым алаңдары, дайын ғимараттар, қаржылай қолдаулар жеткілікті. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы біз, өңірдің экономикасын ілгері жылжытамыз. Оған қоса, өңірге шетелдік инвесторлар көптеп келуде. Осы ретте олармен бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндіктер бар. Кәсіпкерлікпен айналысып, бизнесті кеңейтемін деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдауға дайынбыз, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Кәсіпкерлерге несиелерді қолжетімді ету үшін банктердегі несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға биыл бюджеттен 16,2 миллиард теңге бөлінді. Өңір кәсіпкерлері осы қаржы институттары арқылы 91,5 миллиард теңгеге несие алды. Өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 263 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 600 жұмыс орындары ашылды. Алдағы уақытта облыс экономикасына тың серпін беретін 2,5 триллион теңгеге 145 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.