
Президент Қ.К.Тоқаевтің бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде кең көлемде ағаш отырғызу шарасы басталды.
Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті көбейту және аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Аудан тұрғындары мен еріктілер, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді жастар табиғатты аялауға өз үлестерін қосу үшін бірлесіп жұмыс істеуде.
«Бұл акция – туған жеріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға қосқан үлкен үлес. Әр отырғызылған ағаш – болашақ ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Баршаңызды табиғатты аялауға, көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамыз» – дейді олар.
Еске салайық, өткен сенбіде аудан басшысы Азат Оралбаев аудан ардагерлерімен бірге Шәмші аллеясының ауласына шырша, боз арша, самшит, декоративті ағаштар мен юкка көшет түрлерін отырғызды.
Сонымен бірге жауапты мамандарға аллея ішіне жаңадан егілген жас көшеттердің бой алып кетуі үшін күнделікті қарап, күтіп-баптау қажеттігін айтып, бұрыннан өсіп тұрған ағаштарды да қараусыз қалдырмай, олардың суарылуын және қажетті тыңайтқыштардың жеткілікті болуын қадағалауды тапсырды.
Бүгінгі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомабиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне қарасты “Темірлан абаттандыру” КММ мекемесінің мамандары көктемгі ағаш егу маусымына кірісіп, аллея, саябақтардың тазалық жұмыстарымен қатар тұрғындарға ыңғайлы әсемдік сыйлау мақсатында ағаштардың түрлерін отырғызу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар “Таза Қазақстан” акциясы аясында Бадам ауыл округінің Темірлан-Бадам тас жолы бойына да көктемгі ағаш егу жұмыстары жүргізіліп, оған ауыл тұрғындары мен ауыл әкімшілік қызметкерлері қатысты. Жалпы, 2000 дана қарағаш, жиде көшеттері отырғызылып, ағаш егілген жер қоршалып, су жүйесі жүргізілген.
Ал бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде “Таза Қазақстан” экоакциясының орындалу барысы қоса талқыланды. Білуімізше, аудан көлемінде “Таза Қазақстан” акциясының апталықта атқарылған жұмыстарына 4 мыңға жуық адам қатысқан. 24 техника жұмылдырылып, 75 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Тазалық шарасы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаковтың айтуынша, ауыл округтер арасында балдық жүйеде жұмыс деңгейінің төмендегі, әкімдікпен құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша 10 ауыл округке арнайы планшет құрылғыларымен тиісті жұмыстар атқарылмай жатқандығы айтылды. Тек Бадам ауыл окурігінде қоқысты арнаулы орынға тастамаған тұрғынға ескерту, 4 ауыл тұрғынына айыппұл салу жұмыстары жүргізілген. “Taza Qazaqstan” ақпараттық жүйесіне 76 өтінім түсіп, оның барлығы орындалып отыр. Бөген, Қараспан, Қарақұм ауыл округтерінде мүлдем өтінім түспегені және бұл ақпараттық жүйе телеграм ботты пайдалану бойынша дұрыс деңгейде түсіндіру жұмыстарының төмен екендігін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысына орай аудан басшысы әр сала бойынша нақты тапсырмалар беріп, санитарлық тазалық жұмыстары, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын пысықтады. “Taza Qazakstan” ақпараттық жүйесіне келіп түскен өтінімдер бойынша тиісті жұмыстар атқару және елді мекендерде өткізіліп жатқан тазалық жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Нәтижесі тікелей өз бақылауында болатынын айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.