Түркістан облысының шалғайдағы елді мекені табиғи газбен қамтылды

Мемлекет басшысы қасым-жомарт тоқаевтың халыққа жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Сарыағаш ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін ауданға қарасты Жылға ауылдық округіндегі Шеңгелді елді мекені табиғи газға қосылды.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев Шеңгелді елді мекеніне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Халықты қуанышты сәтпен құттықтап, шалғай ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары аудан басшысына өз ризашылығын білдірді.

Аталған елді мекендегі тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу үшін бюджеттен қаржы қаралған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, газ құбырлары тартылды. Бүгінде елді мекендегі 300-ден астам отбасы және әлеуметтік нысандар «көгілдір отынмен» қамтылды.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданына қарасты елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда аудандағы 63 елді мекеннің 52 елді мекені табиғи газбен, 49 елді мекені ауыз сумен қамтылған.

Мұнан өзге бүгінде Түркістан облысына қарасты шалғай орналасқан ауылдарды газбен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі Арыс қаласындағы Байырқұм ауылының тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті. Жалпы Байырқұм ауылына газ жеткізу мақсатында ұзындығы 24,01 шақырымдық газ құбыры тартылған. Жоба бойынша 506 абонент, яғни 3500-ден астам тұрғын табиғи газға қол жеткізіп отыр.

“Байырқұм ауылы Арыс қаласына қарасты ауылдық округтер ішінде табиғи газға алғашқы болып қосылып отырған ауыл. Енді Байырқұм ауылының тұрғындары көмір жағып, күл шығарып әуре болмайды. Алдағы уақытта Көкжиде, Жиделі, Аққала елді мекендері де кезең-кезеңімен газбен қамтылатын болады. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді”, – деді қала әкімі.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin