
Бүгін “Kazatomprom-SaUran” компаниясы 10 жылдық мерейтойын сән-салтанатпен атап өтті. Іс-шараның шымылдығы ұлттық нақыштағы әуендерімен ерекшеленген «Керуен» этноансамблінің өнерімен ашылып, қонақтар үшін арнайы фотозона мен шай үстелі ұсынылды.
Салтанатты кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков “Kazatomprom-SaUran” компаниясының барша ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді: «Бұл – тек бір кәсіпорынның мерекесі ғана емес, еліміздің уран өндіру саласындағы табысты дамуының айқын көрінісі. Компания осы жылдар ішінде елеулі жетістіктерге жетіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосты. Әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанып, Созақ ауданында жүзеге асқан көптеген игі істерге бастамашы болып келеді. Инфрақұрылымдық жобаларды қолдау мен халықтың әлсіз топтарына көмек көрсетуі – компанияның елмен етене еңбек етіп келе жатқанының айқын дәлелі», – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, компания басшысы Бауыржан Медетханұлына арнайы құттықтау хат пен сый-сияпат табыс етті.
Мерекелік жиында “Kazatomprom-SaUran” компаниясының бас директоры Бауыржан Тоқсанбаев және бас директордың орынбасары Азамат Рахманбердиев құттықтау сөз сөйледі.
Кештің концерттік бөлімінде белгілі әншілер Сәкен Майғазиев, Серік Гамзе Заде, «Qazaq Band», Роман Майғазиев және «Созақ серілері» сынды өнер иелері өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, «Жауқазын» би тобы мен «Болашақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері ұлттық нақыштағы би мен әндер орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Салтанатты шара аясында өндірістегі озат қызметкерлер мен үздік мамандар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен үздік аппаратшылар да құрметтелді.
Мереке барысында компанияның 10 жыл ішіндегі негізгі жетістіктері мен әлеуметтік жобалары кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, балаларға арналған инфрақұрылым, робототехника кабинеттері мен студенттерге қолдау көрсету секілді маңызды жобалар атап өтілді.
Естеріңізде болса, сәуірдің 28-інде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездескен болатын. Кездесу барысында компанияның Түркістан облысын дамытуға қолдауын күшейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, әріптестікті нығайту жолдары талқыланды. Компанияның Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға аударымдарын кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі де сөз болды.
– Облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты 12 компания жұмыс істейді. Олардың 10-ы уран өндірумен айналысады, 1 компания барлау жұмыстарымен және 1 компаниясы электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады. Компанияның облысқа қолдауын күшейту, Созақ ауданының елді мекендеріне әлеуметтік және демеушілік көрсету бойынша бірлесе жұмыстар атқаруды ұсынамын. Бір колледжді сенімгерлік басқаруға алып, тиісті кадрларды даярлауға да үлес қосады деп сенемін, – деген Нұралхан Көшеров уран өндіруші бірлескен кәсіпорындарының бас кеңселерін Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру мәселесін де қарастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов компания өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетінін, әлеуметтік нысандар салуға демеушілік көрсетілетінін атап өтті. Ұсыныстарды зерделеп, қарастыратынын айтты.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінде 153 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 114,1 пайызды құрады. Түркістан облысының тау-кен өндіру өнеркәсібінің 98%-ы және өңдеу өнеркәсібінің металлургия саласының 99,8% үлесі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тиесілі.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.