
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қарымды қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Созақ үні» газетінің Бас редакторы Сәрсенбек Сайлаубекұлын қабылдап, 63 жасқа толған мерейтойымен және зейнеткерлік жасқа қадам басуымен құттықтады.
Кездесу барысында аудан басшысы Сәрсенбек Сайлаубекұлының ауданның қоғамдық-саяси өміріне қосқан елеулі үлесін атап өтіп, шығармашылық жолындағы табанды еңбегі мен өнегелі өмірі жас буын үшін үлгі екенін тілге тиек етті. Құрмет иесіне арнайы Құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады.
Сәрсенбек Сайлаубекұлы — Созақ өңірінің тумасы. Балалық шағы Қызылкөлдің етегінде өткен. Еңбек жолын шопанның көмекшісі ретінде бастап, кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Б.Батырбекова және Суындық орта мектептерінде ұстаздық қызмет атқарып, 1994 жылдан бастап аудандық «Молшылық үшін» газетінде жауапты хатшы, кейін «Созақ үні» газеті редакциясы» ЖШС-нің Директор-Бас редакторы қызметін абыроймен атқарды.
Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалмай, түрлі марапаттарға ие болды. Оның өлеңдері мен әңгімелері баспасөз беттерінде жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Қоғамдық өмірге белсене араласып, үлкенге аға, кішіге іні бола білген азаматтың ұстаз ретінде де, журналистика саласының майталманы ретінде де орны ерекше.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.