
Түркістан қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының гастрольдік сапары басталды. Алғашқы боп белгілі драматург Роза Мұқанованың аты аңызға айналған «Мәңгілік бала бейне» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, келген қонақтарға өңір басшысының сәлемін жеткізді. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов түркістандық көрерменге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Қазақ сахна өнерiн әлемдiк деңгейге көтеріп, мәртебесiн аспандатқан, сахналық шешiмдерiнiң тереңдiгiмен жаңашыл режиссер атанған өнер тарланы Болат Атабаевтың бірегей қойылымы қазіргі таңда қалпына келтіріліп, көрерменіне тағы бір мәрте жол тартты.
Спектакльде адамзат әлемінің бүгінгі тағдыр-бейнесі, моделі атомдық эксперименттің объектісі болған Қарауыл ауылы өмірінің ащы ақиқаты мүгедек қыз Ләйлә және оның әлеуметтік ортасы арқылы зерделенеді. Қарауылдың адамгершілік барометрі, табиғи рух сәулесі Ләйлә еді. Оған өз еркімен өмірден баз кештірген атом ғана емес, адамдар да. Ол үнемі аймен сырласатын. Оқиға соңында Ай да, Ләйлә да бір-бірін қимай мәңгілікке қоштасады. Әңгіме Ләйләнің өмірмен қоштасуымен аяқталады. Тек бір ғана кейіпкер өмірін мысалға ала отырып, Семей қасіретінің елге тигізген зардабын, өмір қиындықтары көрсеткен туындыдан көрермен қауым ой түйіп қайтты.
Актерлік құрамда «Үміт» номинациясы бойынша Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының иегері Ажарлым Бақытжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Умарбекова, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тұтова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсілов бастаған театрдың белді артистері бар.
Айта кетейік, 15 мамырға дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Түркістан музыкалық драма театрының және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының сахналарында қала тұрғындары мен қонақтарын күтеді.
Бұл туралы кеше Түркістанда өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндалды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ең таңдаулы қойылымдарын киелі шаһардағы көрерменнің назарына ұсынбақ.
Баспасөз мәжілісіне Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, театр артисі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тұтова, театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов қатысты.
Театр басшысының айтуынша, ғимарат күрделі жөндеуге тапсырылғаннан кейін шығармашылық ұжым республика көлемінде және алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлармен барып, өзінің бірегей жұмыстары – спектакльдерімен қалың жұртшылықты қуантуды жоспарлаған. Өнер иелерінің ендігі аялдамасы ретінде Түркістан қаласы таңдалған. Асанәлі ақсақал өмірін арнаған өнер жолынан сыр шертіп, елге келіп қуанғанын тілге тиек етті. Тарихи шаһарға байланысты естеліктерін айтып, жерлестеріне Алатаудың сәлемін жеткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше сапар туралы мағлұматтар айтылды. Содан соң «Ғасыр жасаған ұлт театры» тақырыбында арнайы жасақталған жылжымалы, кешенді көрме таныстырылды. Көрмеде Ұлт театрының 100 жылдығына орай 100 жәдігер қойылған.
12-15 мамыр күндері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Түркістан музыкалық драма театрының және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының сахналарында қала тұрғындары мен қонақтарын күтеді.
12 мамыр сағат 19:00-де Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасын,
13 мамыр сағат 19:00-де Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» драмасын,
14 мамыр сағат 18:30-да Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» музыкалық комедиясын,
14 мамыр сағат 21:00-де көрермен хаттары негізінде сахналанған «Сезім хаттары» лиро-эстетикалық поэтикалық кешін,
15 мамыр сағат 19:00-де Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасын көрермен назарына ұсынады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимаратының толығымен қайта жөндеуден өтетіні туралы мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтой салтанатына орай келесі жылы аяқталады.
Атап өтерлігі, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры — Алматыдағы ірі қазақ театрларының бірі.
Театр тарихына үңілсек, Қызылорда қаласында 1926 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік — Кебек» пьесасымен және халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен театр шымылдығы алғаш рет ашылды. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1930 жылдардың бірінші жартысында қазақ жерінде кеңес өкіметі тұсындағы ұжымдастыру шараларын жүзеге асыру барысын бейнелейтін пьесалар қойылды. Осы жылдары К. Байсейітова, Қ. Байсейітов, Қ. Бейісов, Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ш. Жиенқұлова, К. Қармысов, Қ. Әділшінов, Ш. Айманов, С. Майқанова, З. Құрманбаева, С. Телғараев, А. Абдуллина, О. Жұмағұлов, Ж. Өгізбаев, Р. Қойшыбаева, Г. Сыздықова, т. б. сахна шеберлерінің келуі театрдың күрделі драмалық шығармаларды меңгеруіне жол ашты. Сондай-ақ театрға арнайы шақыртумен келген орыс режиссерлерінің де (М. Г. Насонов, И. Г. Боров, А. Соколов, Ю. Л. Рутковский, М. В. Соколовский, Я. П. Танеев) еңбегі ерекше болды. Олар қойған әрбір спектакль актерлердің нағыз сахна мектебіне айналды. Режиссер М. Насонов Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясын (1933) қайта қойды. Ол спектакльдің сахнада бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі үрдісін сақтаумен бірге, басты рөлдердің (Еңлік – К. Байсейітова, Кебек – Қ. Байсейітов) психологиялық тұрғыда шешім табуына баса назар аударды. 1934 ж. Қазақ драма театрынан музыка театр (қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры), т.б. өнер ұжымдары бөлініп шықты. 1935-1937 жылдары М. Әуезовтің, Б. Майлиннің, Ғ. Мүсіреповтің тарихи тақырыптағы туындылары, орыс кеңес драматургиясынан, орыс және шетел классикасынан қойылған спектакльдер театр ұжымының шығармашылық бағыт-бағдары мен ізденіс-табыстарын айқындады. 1941-1945 жылдары туған елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімін, адамдарымыздың асқақ, адал, ынтымақшылдық рухы мен берік достығын, майдан мен тылдағы қаhармандық күресін көрсететін пьесалар театр репертуарынан көп орын алды. Театр труппасына Алматы, Москва, Ленинград және Ташкенттің арнаулы оқу орындарын бітірген маман актерлер келіп қосылды.
Театр сахнасында ерлікке толы ұлы өмірлер, патриоттық-отаншылдық сезімдер, жанқиярлық ерен еңбектер жан-жақты жырланатын қойылымдармен қатар, халқымыздың рухани асыл армандары мен мұң-мұқтаж, талап-тілегін бейнелейтін тарихи-эпостық тақырыптағы шығармаларға да көп ден қойылды. М. Әуезовтің «Абай», «Еңлік — Кебек», «Қобыланды», С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектакльдері шығармашылық үлкен жеңіс болды.
Театр ұжымы орыс және Батыс Еуропа драматургиясының классикалық туындыларынан Н. В. Гогольдің, М. Горькийдің, А. П. Чеховтың, Лопе де Веганың, Шекспирдің, М. Метерлинктің, К. Гоццидің пьесаларын қойды. ТМД елдері драматургиясының таңдаулы туындылары да театр репертуарынан берік орын алды. 1980-1990 жылдары бүгінгі күн тақырыбына жазылған, басқа да алуан жанрлы драмалық шығармалар театр сахнасына шықты. А. Сүлейменовтің “Төрт тақта жайнамаз” (1989, реж. Ә. Рахимов), Ж. Аймауытовтың “Ақбілек” (1990, реж. А. Әшімов), Ш. Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн” (1990, реж. Ә. Мәмбетов), т. б. туындылары театр сахнасына шықты. 1990 жылдан кейінгі кезеңде театр репертуары жаңа шығармалармен байып, әлемдік және қазақ драматургтерінің классикалық шығармаларын көрермендер назарына ұсынды, кейбіреулерін қайта сахналады. У. Шекспирдің “Кориалан” (1991), “Асауға тұсау” (1994), С. Жүнісовтің “Кемеңгерлер мен көлеңкелер” (1994), А. Сүлейменовтің “Жетінші палата” (1993, барлығын сахналаған реж. Ә. Мәмбетов), Иран-Ғайыптың “Шыңғысхан” (1994, реж. Б. Атабаев), К. Гоццидің “Турандот ханшайым” (1994, реж. Тұңғышбай әл-Тарази), М. Байсеркеновтің “Абылай ханның ақырғы күндері” (1996, реж. М. Байсеркенов), Р. Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” (1996, реж. Б. Атабаев), М. Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” (1997, реж. Қ. Сүгірбеков), М. Әуезовтің “Қилы заман” (1997, реж. Ә. Рахимов), “Қарагөз” (1997, реж. Ә. Мәмбетов), Шахимарданның “Томирис” (2000, реж. Тұңғышбай әл-Тарази), Ш. Айтматовтың “Ана – Жер Ана” (2002, реж. Ә. Мәмбетов), Г. Гаутман “Ымырттағы махаббат” (2002, реж. Р. Андриасян), т.б.
Соғыстан кейінгі жылдары бейбіт өмір мен жасампаз еңбекті, республика еңбеккерлерінің жаңа тұрмыс-салтын, ұжымдастыру құрылымын нығайту және кеңестік қатаң жүйеге негізделген жаңа қоғам орнату жолындағы күресін баяндайтын, қазақ зиялылары мен жастардың мақсат-мұратын, ізгі арман-тілегін бейнелейтін Ә. Әбішевтің “Достық пен махаббат” (1947, реж. Ш. Айманов), “Күншілдік” (1955, реж. М. И. Гольдблат), “Мансап пен ұждан” (1974, реж. Ә. Мәмбетов) және “Кәусар” (1985, реж. С. Асылхан), Ғ. Мұстафиннің “Миллионер” (1950, реж. А. Тоқпанов), т. б. авторлардың сахналық шығармалары көрермен көңілінен шықты. М. Әуезовтің “Абай” (1952, реж. Ш. Айманов, суретші В. В. Голубович пен рөлдерді орындаушылар Қ. Бадыров, Х. Бөкеева, С. Қожамқұлов, Р. Қойшыбаева, Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов) және Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен тер” (1974, реж. Ә. Мәмбетов, суретші А. С. Кривошеин мен рөлдерді орындаушылар А. Әшімов, Ф. Шәріпова, Ы. Ноғайбаев) спектакліне КСРО Мемлекеттік сыйлығы, ал Ш. Айтматовтың “Ана – Жер-Ана” (1966, реж. Ә. Мәмбетов, суретші А. И. Ненашев пен рөлдерді орындаушылар С. Майқанова, Ф. Шәріпова, Б. Римова) мен А. Я. Каплердің “Ленин 1918 жылы” (1970, реж. Ә. Мәмбетов, рөлдерді орындаушылар М. Сүртібаев пен С. Қожамқұлов) спектакліне ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Театр ұжымы 1958 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, мәскеуліктердің назарына 5 спектакль (Мұхтар Әуезов, “Еңлік – Кебек”; Сәбит Мұқанов, “Шоқан Уәлиханов”; Ғабит Мүсірепов, “Ақын трагедиясы”; Әбділдә Тәжібаев, “Жалғыз ағаш орман емес” және У. Шекспир, “Асауға тұсау”) ұсынды.
Театр ұжымы 1926 жылдан бастап жазғы гастрольге шығуды игі дәстүрге айналдырып, республиканың көптеген елді мекендерінде өнер көрсетіп келеді, сонымен қатар гастрольдік сапармен Мәскеу, Нөкіс, Қазан, Уфа, Шираз, Ташкент, Нанси қалаларында болды.
Соңғы жылдары театр Қазақстанның ішінде және таяу шетелдерге жиі гастрольдік сапармен барып тұрады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Омбы қаласы (Ресей Федерациясы), Франция, Жапония, Түркия, т.б. елдерде; Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, Астана, Павлодар, Семей, Қарағанды, Өскемен, т.б. қалаларына қойылымдарымен барып қайтты.
2006 жылы театр 80 жасқа толды. Мерейтойының қарсаңында Ә. Әмзеұлының «Қара кемпір», Қ. Ысқақтың «Қазақтар» атты жаңа қойылымдарын дайындады.
1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр атағын алды.
1946 жылы Еңбек Қызыл ту ордені мен марапатталды.
1976 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды.
1961 жылы театрға жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді.
2020 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы Жарлығымен театрға «ҰЛТТЫҚ» мәртебесі берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
