
Түркістан облысы — инвестицияға тартымды аймақ. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылып келеді.
Жыл басынан Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 314,1 миллиард теңгені құраған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 миллиард теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 миллиард теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды.
Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 триллион теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 миллиард теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.
Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 миллиард теңге. Қуаты – жылына 1,6 миллион тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жақында Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісім жасалды. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумында қытайлық инвесторлармен 5 ірі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл бастамалар өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін нақты қадамдар болып табылады.
Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсті
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне жаңа серпін берді.
Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 1,7 триллион теңгені құраған болатын.
Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1214,0 миллиард теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды.
Облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс жасайды. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 миллиард теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 миллиард теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 3916 жаңа жұмыс орны құрылады.
«ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.
Жобаның инвестициялық құны — 100 миллиард теңге. Зауыт 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді.
Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.
Еске салайық, 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге.
«Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек»,- деді Тоқаев.
Сондай-ақ, ол экономикаға инвестиция тарту маңызды мәселе екенін атап өтті.
«БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ. Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Бұл ретте, Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.