
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы түркістандықтарды 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнімен құттықтады.
«Сіздерді 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл ерекше күн – қоғамның ең басты тірегі саналатын отбасының маңызын айқындайтын, адам өміріндегі мейірім мен жылулықтың, бірлік пен татулықтың символы. Отбасы – әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуына негіз болатын алғашқы мектеп, ал оның берекесі – елдің жарқын болашағының кепілі.
1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бұл күнді ресми түрде бекітіп, 1994 жылдан бастап әлем жұртшылығы жыл сайын кең көлемде атап өтуде.
Осы мерекелі күні әрбір шаңыраққа амандық, ырыс пен ынтымақ тілейміз. Отбастарыңызда әрдайым махаббат пен өзара түсіністік салтанат құрсын!» — деді ол ізгі тілегін білдіре отырып.
Айтпақшы, Халықаралық отбасы күніне орай «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы тіркелген некелер мен дүниеге келген сәбилер саны бойынша еліміздің үздік 5 өңірінің көрсеткішін ұсынды. Жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанда 144 234 сәби дүниеге келіп,
36 818 жұп некеге тұрған.
Туу туралы тіркеулер көрсеткішінің алғашқы бестігі былайша анықталыпты:
- Түркістан облысы – 17 643 нәресте (жалпы санның 12,2%).
- Алматы қаласы – 16 914 (11,7%).
- Астана қаласы – 14 134 (9,8%).
- Алматы облысы – 12 121 (8,4%).
- Шымкент қаласы – 11 645 (8,1%).
Ал тіркелген некелер саны бойынша алғашқы бестік көрсеткіші мынады:
- Алматы қаласы – 5 731 неке (жалпы санның 15,6 %).
- Астана қаласы – 4 005 (10,9%).
- Түркістан облысы – 2 919 (7,9%).
- Алматы облысы – 2 424 (6,6%).
- Шымкент қаласы – 2 356 (6,4%).
Айта кетейік, Жамбыл облысында 2025 жылдың 4 айында 7094 сәби дүниеге келіп, 1562 неке мемлекеттік тіркеуден өткен.
Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері азаматтық хал актілерінің тіркелуі бойынша сәуір айы көш бастап тұр. Тіркеу бөлімдері бұл айда 37 812 туу туралы және 10 190 неке туралы куәлік берген.
Тағы бір атап өтерлігі, 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жас отбасыларға арналған «Отбасы Life» мерекелік-танымдық сайысы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жас отбасыларды қолдау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді насихаттау, сондай-ақ татулық пен ұйымшылдықты, өзара сыйластықты нығайту болып табылады.
Сайыстың ашылу салтанатына Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында көрермендер назарына ұлттық нақыштағы өнер бағдарламасы ұсынылды. «Айдай» би ансамблінің би қойылымы мен жас әнші Данагүл Ынтықбайдың «Әкем, анам» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сайыстың үйлесімді өтуіне нұсқаушы ретінде Бекқасым Диас пен Майлыбаев Асылбек өз үлестерін қосты.
Облыстың әр түкпірінен келген 14 жас отбасы 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Атап айтқанда, эстафеталық жарыс, зияткерлік сайыс, спорттық кезең, шығармашылық өнер байқауы бойынша өзара бақ сынасты.
Сайыс нәтижесіне сәйкес Төлеби ауданынан келген Абетаевтар отбасы 1 орынды жеңіп алды. Жүлделі 2 орынды кентаулық Набиевтар және түркістандық Аитметовтар отбасы иеленсе, Сауран ауданынан келген Тойбековтар отбасы және Шардара ауданынан келген Истургановтар отбасы 3 орынды місе тұтты.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы ел бойынша 123,6 мың неке тіркелген (2023 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға көп), ал соңғы 5 жылда ажырасу саны 48%-ға азайған. Бұл – отбасылық құндылықтардың нығайып келе жатқанын және азаматтардың болашаққа деген сенімін білдіретін оң көрсеткіштер.
Отбасылық құндылықтардың тұрақты дамудағы маңызды рөлін атап өту мақсатында БҰҰ 1993 жылы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні ретінде белгіледі. Бастаманы Қазақстан қолдады. Алайда 2013 жылдан бастап елімізде әр қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні болып белгіленді. Бұл – мемлекеттің отбасы институтын нығайтуды көздеген ниетінің көрінісі.
Елімізде осы мереке белгіленгеннен бері отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған белсенді жұмыс басталды. Басты мақсаттардың бірі – бала тәрбиесіне, отбасындағы өзара түсіністікке және көпбалалы, әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсетуге қоғам назарын аудару. Отбасы күні – дәстүрді сақтау, жақындарға қамқор болу және отбасылық өмірде үйлесімді қарым-қатынасты нығайту маңыздылығын білдіретін символға айналды.
Айта кету керек, 15 мамырда жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басталғаны жарияланып, оның қорытындылары қыркүйектің 14-інде, Қазақстандағы Отбасы күні қарсаңында шығарылады.
Бүгінде Қазақстанда бала тәрбиелеп отырған отбасыларды кешенді қолдау моделі қалыптасқан. Бұл модельге мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер жүйесі, жұмыспен қамтуды қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және азаматтардың өмірінің барлық кезеңдеріне арналған әлеуметтік қорғау тетіктері кіреді.
Мәселен, республикалық бюджеттен бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақы төленеді:
1, 2, 3-балаға – 149 416 теңге (38 АЕК),
4 және одан да көп балаға – 247 716 теңге (63 АЕК).
Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы:
бірінші балаға – 22 649 теңге (5,76 АЕК),
екінші балаға – 26 777 теңге (6,81 АЕК),
үшінші балаға – 30 867 теңге (7,85 АЕК),
төртінші және одан да көп балаға – 34 995 теңге (8,90 АЕК).
Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға – 63 030 теңгеден (16,03 АЕК) бастап, сондай-ақ көпбалалы аналарға арналған арнайы жәрдемақылар төленеді.
2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы 1,1 миллионнан астам отандасымызға жалпы сомасы 622 миллиард теңге көлемінде төлем жүргізілді. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға артық. Бұл төлемдер 5 әлеуметтік тәуекелді қамтиды:
1) еңбекке қабілеттіліктен айырылу,
2) асыраушысынан айырылу,
3) жұмыссыз қалу,
4) жүктілік және босану,
5) бала күтімі.
Сонымен бірге мұқтаж отбасыларға тұрғын үймен және қосымша әлеуметтік көмекпен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі.
Қазақстанда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсететін және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Отбасы – жеке адам мен бүкіл қоғамның іргетасы. Мемлекет басшысы айтқандай: «Дәстүрге құрмет пен патриотизм – ошақ қасынан басталады. Отбасы беріктігі – елдің үйлесімді әрі тұрақты дамуының кепілі. Әр қазақ отбасысы үлгі болуға тиіс». Өз жауапкершілігін сезінетін, елін сүйетін, еңбекқор әрі білімқұмар – «Адал азамат» болуға негіз беретін көзқарастар және құндылықтар отбасында қалыптасады.
Тарихи тұрғыда қалыптасқан дәстүрлі қазақ қоғамында отбасы – үйлесім мен өзара көмек моделі еді. болатын. Әулеттің бірнеше буыны бір ауылда, бір шаңырақта немесе өзара қашық емес жерлерде өмір сүрді. Отбасылық дәстүрдің сақтаушысы ретінде ата-әжелер құндылықтарды жас буынға жеткізуге тырысатын. Әке-шеше, аға-жеңге, көке-апалар – барлығы бала тәрбиесіне атсалысып, бір-біріне моральдық және материалдық көмек көрсететін.
Урбанизация үдерісі күшейген сайын отбасы құрылымы да өзгеріске ұшырады. Жас отбасылар дербес бола бастады, бұл дәстүрлі байланыстардың әлсіреуіне әкелді. Дегенмен, көптеген қазақтар отбасы тұрғысындағы дәстүрлі байланыстарды бағалап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге ұмтылады.
Мерекенің негізгі миссиясы – қоғамның назарын отбасы проблемаларына, отбасы құндылықтарын тәрбиелеу және нығайту мәселелеріне аудару. Бұл күнді мерекелеу отбасылық құндылықтарды нығайтуға негізделген.
Қоғамда отбасы – әрқашан рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, жанұя жылулығын сөндірмей, керегесін кең ұстап, тарих толқынымен келе жатқан киелі бақ мекен.
Отбасы құндылығы жөнінде «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.
«Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстандықтардың өмірінде отбасы ерекше орын алады. Мықты және бақытты отбасы – бүкіл қоғамымыздың, бүкіл мемлекетіміздің табысты дамуы мен өркендеуінің негізі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.