Түркістан қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Түркістан БАЛАFEST» балалар өнер фестивалі өтеді

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды борғау күніне орай, Ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін көпшілікке таныту мақсатында қалалық «Түркістан БАЛАFEST» балалар өнер фестивалін өткізеді.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін көпшілікке таныту мақсатында «Түркістан БАЛАFEST» балалар өнер фестивалінің қағидасы дайын болды.

Мақсаты:

Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өнердің түрлі жанрына сәйкес шығармашылық қабілеттерін анықтау, таланттарын шыңдау, халық арасында кеңінен насихаттап, Түркістан өңіріне таныту. Өнер туындылары арқылы патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағына қолдау көрсету.

Ережелері мен шарттары:

— Қатысушылар «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» тақырыбы аясында 2 (екі) жанр бойынша өнер көрсетеді:

— Ән өнері (Патриоттық және Түркістан тақырыбында)

— Қолөнер шеберлігі (қолөнердің барлық түрі)

Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктері — 7 мен 14 жас аралығы;

Байқауға қатысушы үміткерлер әр жанр бойынша арнайы марапатталады.

Үміткерлер 2025 жылдың 26 мамырына дейін төмендегі құжаттар бойынша өтініштерін ұйымдастыру алқасына тапсыруы тиіс.

— Өтініші (арнайы мекемеден немесе оқу орнынан);

— Шығармашылық өмірбаяны;

— Түрлі-түсті суреті 13 х 18 (1 дана);

— Жеке куәлігі (Туу туралы куәлік);

— Жетекшісінің байланыс телефоны;

Байқаудың өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады.

Анықтама алу үшін: Қалалық мәдениет үйі.

Хабарласу телефондары: 8 700 487 86 87 — Айгерім, 8 702 416 63 58 — Лаура

Ұйымдастыру алқасы Қалалық мәдениет үйі саналады.

Фестиваль демекші, реті келгенде айта өтейік, бүгін түркі дүниесінің рухани астанасында айтулы жоба – «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі басталды. Биылғы фестиваль ережесіне өзгерістер енгізілді. Өнерлі көштің керуенін алғаш болып Ордабасы және Түлкібас аудандары бастады. Фестивальдің ашылуында Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев сөз сөйлеп, аудандарға сәттілік тіледі.

Қос аудан өнерпаздары ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлт аспаптар ансамблі, эстрадалық жанр, би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүрлер көрінісі сынды жанрлар бойынша бақ сынады. Жалпы, фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілер жұмыстары, аудан жетістіктері мен кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Фестиваль үш кезеңнен тұрады. Жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар бірінші кезеңде сайысқа түсіп, үздік өнер ұжымдары келесі айналымға жолдама алады. Ақтық кезеңде үздіктер анықталады. Өнерпаздардың өнері жанрлар бойынша кәсіби қазылар алқасымен бағаланып, ұлттық нақыш пен сахналық мәдениетке баса назар аударылады және ұйымдастырушылық деңгейіне баға беріледі.

Өнер додасына Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф Ақниет Әмзехан қазылық етеді.

Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айларында өтеді. Ертең, 16 мамыр күні сағат 18:00-де «Керуен сарай» кешенінде Мақтаарал ауданы мен Кентау қаласы жалғайды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You