Түркістан қаласында «Жастар нашақорлыққа қарсымыз» плакатқа сурет салу байқауы ұйымдастырылды

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жастарды салауатты өмір салтын ұстану, сондай-ақ жасөспірімдерге нашақорлық пен темекінің, т.б заттардың адам өміріне зиян екендігін насихаттау, бүгінгі жас буынды ғасыр дерті саналатын зиянды заттарды пайдаланудан аулақ болуға шақыру, адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, қоғамның қауіпсіздігімен қамтамасыз ету, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Жастар нашақорлыққа қарсымыз» тақырыбында плакатқа сурет салу байқауы болып өтті. Байқауға 14 пен 21 жас аралығындағы үміткерлер қатыстырылды.

Алдын ала әлеуметтік желіге жарияланған ережеге сәйкес үміткерлер өздері плакатқа салған суреттерін ұйымдастырушыларға тапсырды.

Палакатқа сурет салу бойынша 34 үміткер өтінім берді.

Арнайы бекітілген қазылар құрамы үміткерлердің суреттерін алдын ала іріктеп, сараптады.

Қазылар құрамында кімдер болғаны туралы да айта өтейік. Олар: «Міртемір» атындағы әдеби-мәдени музейінің филиал меңгерушісі, Түркістан қаласы қоғамдық кеңес мүшесі, Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы дизайнерлер одағының мүшесі, қазылар алқасының төрағасы — Жалғас Жаппарбекұлы Бейсенбеков, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Спорт және өнер факультетінің аға оқытушысы, Оңтүстік Қазақстан суретші-педагогдар одағының мүшесі — Гульнар Дайрабайқызы Абдуллаева, Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінің оқытушысы — Серік Алиайдарұлы Кинабаев.

Байқаудың қорытындысы «Ұлы Дала Елі» орталығында өтті. Кіре беріс фойеге іріктеуден өткен жеңімпаздардың туындысы көрме етіп қойылды.

Одан соң шара басы тақырыптық бейне роликпен бастау алып, мәдениет үйі өнерпаздарының «Нашақор туралы новелла» қойылымымен жалғасты. Алғашқы сөз алған Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы өскелең ұрпаққа тұжырымды ойлар мен тұшымды пікірлерін білдірді. Қазылар құрамының төрағасы Жалғасбек Жаппарбекұлы плакатқа сурет салу байқауының сараптау нәтижесінде сурет пен бояудың ұйқастығы, идеясы, ой ұшқырлығының үйлесімділігі мен кемшілігін атап түсіндірді.

Сонымен, қазылар құрамының шешімімен Бас жүлде Төле би атындағы жалпы білім беретін №19 мектептің 9-сынып оқушысы Аяулым Нұрланқызы Момаханға бұйырды.

Ал І-ші орынды №22 Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Қайсар Асқарұлы Әділше еншіледі.

Екінші орын үшеу. ІІ-ші орынға «Оқушылар сарайындағы» «Сурет»үйірмесінің оқушысы Қымбат Нұрланқызы Әбдірахман,  №2 Хамза мектебінің 11-сынып оқушысы Бахрам Айбекұлы Сабиров және Ахмет Байтұрсынов атындағы №1 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Нұраят Сабитқызы көтерілді.

Сонымен қатар ІІІ-ші орынға да үш оқушы лайық деп табылды. Олар «Dostyg» мектебінің 11-сынып оқушысы Мұхаммедамин Маратұлы Абилаят, Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп- гимназиясының 11-сынып оқушысы Баймырза Нұржанұлы Қажымұқан және М.Пошанов атындағы №21 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Алтынай Абайқызы Калданбек.

Ал арнайы номинациялармен төмендегі оқушылар марапатталды:

«Нашақорлық зардабы» номинациясы — Розмухаммад Баходирұлы Абдуллаев, №2 Хамза мектебінің 8-сынып оқушысы.

«Өкінішті сезіну» номинациясы — Құдірет Болатбекұлы Шекербек, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті нің I-ші курс студенті.

«Үздік композиция» номинациясы — Сымбат Талғатқызы Манапова, Ататүрік атындағы №17 мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы.

«Үздік ой» номинациясы — Нұржан Зерекұлы Сейтхан, Мағжан Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы.

«Акварель шебері» номинациясы — Азия Сержанқызы Кендебай, «Тұлға» мектебінің 7-сынып оқушысы.

«Қылқалам шебері» номинациясы — Айым Қайратқызы Қалмұрат, «Оқушылар сарайындағы» «Сурет» үйірмесінің оқушысы.

Сондай-ақ, қалған үміткерлер қатысқаны үшін дипломдармен марапатталды.

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы жүлдегерлерді құттықтап, қазылар құрамын да арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.

Қорыта айтқанда, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар жастарымызға келешегі кемел, болашағы жарқын, мақсаттары айқын болсын деп, жаман әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз.

Байқауға келген көрермендер, ұстаздар мен оқушылар және жеңімпаздар ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Атап өтер жайт, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Құрманбек Саховтың 2025 жылдың 4 айында атқарылған жұмыстар туралы есебіне үңілсек, 2025 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 139 дерегі анықталған (2024 жылы – 280). Оның ішінде, 33-і – қылмыстар болса, 106-і – теріс қылықтар. Заңсыз айналымнан 198 келі 527,60 грамм есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның ішінде, синтетика есірткі заты, гашиш, марихуана, көкнәр сабаны, кокаин бар.

Ішкі істер министрінің тапсырмасымен 2025 жыл – Профилактика жылы деп аталды. Бекітілген жоспарға сәйкес, Түркістан облыстық Полиция департаменті тарапынан профилактикалық шараларды және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіпті нығайту мақсатында қылмысқа қарсы күресті жалғастырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғау бағытындағы шаралар күшейтілді. Осы негізде Департаменттің жанында есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы саласында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңес мүшелері құрылып, нашақорлықтың және есірткі қылмысының алдын алу, заңға бағынатын мінез-құлық пен салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің» 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге асырылуда.

Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 405 ақпараттық сайт анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, бұғатталды. Ойын-сауық орындарында 48 рейдтік іс-шара жүргізілді. Сонымен қатар әуежай, теміржол вокзалы, «Қазпочта» қызметкерлерімен бірге есірткі құралдары және психотроптық заттарды заңсыз жөнелту фактілерін анықтау үшін департаменттің қызметтік иттерінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шаралары тұрақты атқарылып, жалпы 50 рейдтік іс-шара өтті. Одан бөлек, дәрілік заттардың, әсері күшті дәрілік-препараттардың заңсыз айналымға түсуін анықтау бойынша тоқсан сайын «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Наурыз айында өткен «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыс аумағында 105 дәріхана, 4 қойма, 16 емдеу-профилактикалық мекеме және 3 өндірістік кәсіпорны тексерілді. 42 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You