
Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру» аясында ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін көпшілікке таныту мақсатында «Түркістан БАЛАFEST» өнер фестивалі болып өтті.
Дәстүрлі түрде үшінші рет өткізілген байқауда қатысушылар екі жанр бойынша өнер көрсетті:
— Ән өнері (Патриоттық және Түркістан тақырыбында);
— Қолөнер шеберлігі (қолөнердің барлық түрі).
Қатысушылардың жас ерекшеліктері — 7 мен 14 жас аралығы.
Ерекше балаларға арналған шара «Ұлы Дала Елі» орталығында ұйымдастырылды. Фестивальге қаладағы бірнеше оңалту орталықтары мен жалпы білім беретін мектептерден үміткерлер қатысты.
Кіре беріс фойеге қолөнер жанры бойынша қатысқан балалардың өз қолдарымен жасаған туындылары көрме етіп қойылды. Шараға келген қонақтар ерекше балалардың қолөнерін таңдана тамашалады.
Одан соң шара басы тақырыптық бейне роликпен бастау алып, мәдениет үйі өнерпаздарының әуезді әндерімен жалғасты. Алғашқы сөз алған Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы Ерекше қажеттілігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалардың болашаққа деген құлшынысына, өнеріне шабыт тілеп, ата-аналарына ризашылығын білдірді.
Ары қарай шараның ашылу салтанатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті-і инклюзивті білім беру орталығының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаевалар сөз сөйлеп, ерекше балалардың өмірге құштарлығына, он саусағынан өнерлері тамған шеберліктеріне, сарқылмас күш-жігерлеріне, қамқор болып жүрген ата-аналарына шынайы алғыстарын білдірді.
Өнер фестиваліне ән жанры бойынша қатысқан ерекше балалар патриоттық және Түркістан тақырыбындағы әндерін нақышына келтіре шырқады.
Барлық қатысушылар Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлының арнайы Алғыс хаттарымен марапатталып, әр балаға бағалы сыйлықтар табысталды.
Балаларға жасалған қамқорлық пен жақсылыққа дән риза болған ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, еңбектеріне жеміс тілеп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.
Бала демекші, бүгін сонымен қатар Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне ұйымдастырылған «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!» атты ауқымді іс-шара өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – балалардың өмір қауіпсіздігі мәдениетін дамытуға және қалыптастыруға, төтенше жағдайларда жүріс-тұрыс ережелерінің маңыздылығын түсінуге, алғашқы көмек көрсету және жарақаттанудың алдын алу дағдыларын дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
Аталған іс-шара балалар мен ата-аналарды қауіпсіздік пен жақсылыққа арналған жарқын және балаларға қызықты, пайдалы, әрі керемет көңіл-күй сыйлайтынына сенімдіміз. Бұл күн бізге ең басты құндылық балалық шаққа деген қамқорлықты еске салады.
Бүгінгі іс-шарада құтқарушылар балалар үшін түрлі сайыстар, шеберлік сабақтар, флешмоб, көңілді концерттік бағдарлама және нағыз батырлардың қызметімен таныстырады.
Құрметті балалар және жас бүлдіршіндер сіздер еліміздің болашағысыздар. Сіздерге зор денсаулық, бақыт пен адал достар тілейміз. Жазғы демалыстарыңыз шаттыққа толы жарқын сәттермен есте қалсын. Сонымен қатар жазғы демалыс кезінде судың жанында, табиғатта және үйде қауіпсіздік ережелерін сақтауларыңызды сұраймыз.
Тағы бір қосар ақпарат, «Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде «Балалар үні» күні кеңінен аталып өтуде. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі үздік оқушылармен — халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ спорт пен өнерде дараланған жас дарындармен кездесті.
Еркін форматта өткен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары балаларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Шара барысында балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап беріп, олардың болашағына зор сенім артатынын жеткізді. Ол жас ұрпақтың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, оларға табыс пен шабыт тіледі.
«Бұл кездесу – тек мерекелік құттықтау емес, балалардың даусын есту, ойы мен көзқарасына құлақ түрудің, олардың бастамаларын қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінгі дарынды бала – ертеңгі ел көшін бастайтын лидер. Сондықтан біз сіздердің үндеріңізді естіп, армандарыңызды жүзеге асыруға барлық жағдай жасауға дайынбыз», – деді ол.
Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, өздерінің ғылым, өнер және спорт саласындағы табыстары мен алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп, облыс басшылығына әрдайым қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Еске салайық, Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстан балалары» онкүндігін өткізуде. Әр күн баланың құқығын, қауіпсіздігін, білім мен тәрбие алуын, денсаулығын және дамуын арқау еткен тақырыптық бағыттарға арналады.
Баланы әрбір ата-ана, әрбір ұстаз, әрбір азамат естуі тиіс. Оған шынайы көңіл бөліп, жеке тұлға ретінде қабылдау – саналы ұрпақ тәрбиелеудің бастауы. Балаларымыздың арманы биік болса, болашақта еліміздің де еңсесі биік болары хақ.
Олардың әр тілегінде үміт, әр сөзінде сенім бар. Оны есту – біздің азаматтық әрі адами парызымыз.
Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан қаласында ҚР Оқу-ағарту министрінің «Бала үні – болашақтың үні» атты бастамасымен балаларға арналған «Балалар үні» өнер фестивалі де өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, балаларды айтулы мерекесімен құттықтады.
– Бұл ерекше күн – болашағымыздың жарқын бейнесі саналатын сүйкімді балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Әрбір баланың амандығы, бақытты балалық шағы – кез келген елдің, әр отбасының басты құндылығы. Біздің елімізде, облысымызда өсіп келе жатқан жасұрпақтың білімді, тәрбиелі, дені сау болып өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Мектептер мен балабақшалар бой көтеріп, түрлі мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Бұл – Сіздердің болашағыңыз үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Фестиваль барысында облысымыздағы білім беру ұйымдарынан 20 мыңға жуық өнерпаз қамтылды. Бүгінгі қорытынды концертте сараптаудан өткен 600-ден астам оқушы өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қоғамның назарын баланың дауысына аудару, балалардың мектеп, қала және ел өміріне қатысуын кеңейту үшін арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру бойынша балалардың пікірлері, идеялары мен тілектерін білдіруге арналған челлендж ұйымдастырылды.
Сондай-ақ өнер фестивалінде білім беру ұйымдары заманауи, тақырыпқа және талғамға сай жасалған ұлттық бұйымдар, әр түрлі заттардың қосынды шығармасы, тұрмыстық қолданбалы бұйымдар, оқушылардың жеке шығармашылық бұйымдары мен ұстаздармен біріккен композициялық жұмыстарының қолөнер көрмелері ұсынылды.
Оқушылар сахна төрінде ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттап, жасөспірімдердің туған өлкесіне деген сүйсіпеншілігін ұлттық өнер арқылы көрсетті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
