
Түркістан облысы білім басқармасынының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалар үні» атты ерекше форматтағы ашық аспан астындағы бейресми кездесу ұйымдастырылды.
Бұл шара балалар мен жасөспірімдердің еркін пікір алмасуына, армандарымен, ойларымен, көкейлеріндегі сұрақтарымен бөлісуіне арналған алаң болды.
Кеш қонағы Түркістан қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, үш дүркін «Алтын домбыра», «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Ақсақалұлы Шойбеков болды.
Бекарыс Ақсақалұлы балалармен еркін форматта әңгіме жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, жеке өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол өзінің бала кезіндегі армандары мен жетістікке жету жолын айтып, жастарға шабыт сыйлады. Кездесу барысында балалар поэзия, мәдениет, шығармашылық, білім мен болашақ мамандық таңдау мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салды. Шара барысында балалардың өнері ұсынылып, кеш жалғасты.
Мұндай кездесулер жастардың белсенді азаматтық позициясын қалыптастырып, көшбасшылық қабілеттерін дамытуда үлкен маңызға ие.
Жоғарыда айтып өткендей, еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. 22–30 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған кең ауқымды іс-шаралар басталды. Биыл бұл бастама «Қазақстан балалары» деген ортақ ұранмен өтуде. Бұл ұран әрбір бала өзінің маңызды екенін сезініп, дауысының естілгенін, құқығының қорғалғанын білуі тиіс деген басты идеяны білдіреді.
Іс-шаралардың мақсаты — балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар олардың балалық шағына қамқорлық көрсету, мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін көрсету.
Бүкіл республика бойынша барлық ауыл, аудан және қала бұл мерекелік бастамаға белсене қатысады. Іс-шаралар балаларды елдің мәдени, білім беру және қоғамдық өміріне кеңінен тартуға бағытталған.
Аталған іс-шараларды ҚР Оқу-ағарту министрлігі тиісті мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастыруда. Мереке күндері келесі бағыттар бойынша іс-шаралар өткізіледі. Облыс, қала және аудан әкімдерінің балалармен кездесулері өтеді. Бұл кездесулерде балалар өз ұсыныстарымен, арман-мақсаттарымен бөлісе алады. Сонымен қатар осы күндері жаңа білім беру нысандарының ашылуы жоспарланған. Театрлар, мұражайлар, саябақтар мен кинотеатрларға тегін немесе жеңілдікпен бару мүмкіндігі қарастырылған. Оған қоса, балаларға қолдау көрсетуге бағытталған өңірлік қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.
Бұл жай ғана мереке емес. Бұл – балалардың маңызды екенін көрсететін қоғамдық үндеу. Балаларға қамқорлық – әрбір азаматтың ортақ міндеті, адамгершілік борышы. Қазақстандық балаларды осы іс-шараларға белсенді қатысуға, өз ойлары мен бастамаларын, армандарын ашық айтуға шақырамыз. Әр балаға өзін естілген, бағаланған және қамқорлықта екенін сезінуге толық мүмкіндік беріледі.
Айтпақшы, Қазақстан балалары еліміздің бас ұстазына тікелей хат жолдай алады. 2025 жылғы 27 мамыр мен 1 маусым аралығында «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында республикалық «Министрге хат» акциясы өтеді. Акцияның мақсаты — балалардың өз ойларын ашық айтып, мектеп, қала немесе ел тұрмысына қатысты ұсыныс білдіруіне, сұрақ қоюына мүмкіндік беретін ашық диалог алаңын құру.
Хаттар келесі электрондық пошта арқылы қабылданады: balalaruni2025@gmail.com.
Өтініш білдіру форматы еркін: бұл мәтін, сурет, фотосурет немесе қолмен жазылған хаттың скан-нұсқасы, бейнежазба немесе презентация болуы мүмкін.
Хатта міндетті түрде көрсетілуі тиіс:
- баланың тегі мен аты;
- оқу орны;
- мекенжайы мен байланыс телефоны.
Акция қорытындысы бойынша Министр хаттармен жеке танысып, ең мазмұнды әрі шынайы хаттарға жеке жауап береді.
«Министрге хат» — бұл әр баланың дауысы маңызды саналатын сенім мен құрмет алаңы. Себебі бала үні – болашақтың үні. Әр күн баланың құқығын, қауіпсіздігін, білім мен тәрбие алуын, денсаулығын және дамуын арқау еткен тақырыптық бағыттарға арналды.
Баланы әрбір ата-ана, әрбір ұстаз, әрбір азамат естуі тиіс. Оған шынайы көңіл бөліп, жеке тұлға ретінде қабылдау – саналы ұрпақ тәрбиелеудің бастауы. Балаларымыздың арманы биік болса, болашақта еліміздің де еңсесі биік болары хақ.
Олардың әр тілегінде үміт, әр сөзінде сенім бар. Оны есту – біздің азаматтық әрі адами парызымыз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
