
Балаларды қорғау күні қарсаңында «Әншуақ» балалар әндерінің республикалық фестивалі елордада гала-концертпен қорытындыланды. Ауқымды шығармашылық жобаға Түркістан облысының екі өнерпаз оқушысы қатысып, жүлдегер атанды. Олар Созақ ауданы Ғани Мұратбаев атындағы мектебінің оқушысы — Сүйрік Құрманбек пен Қазығұрт ауданы «Қызылдала» мектебінің оқушысы — Айару Кәдірбек. Сүйрік Құрманбек Созақ ауданы білім бөлімінің әдіскері Ерік Досаевтың сөзіне жазылған “Әкешім, анашым” әнін шырқап, көрерменді өз дауысымен тәнті етті.
Өнер фестивалі балалар арасында музыка мәдениетін дамытып, патриоттық сезімдерін нығайту мақсатында «Адал азамат» тұжырымдамасының негізі болған жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздейді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ол бұл күндері жауапты мемлекеттік органдар балалардың әл-ауқатын арттыруға қатысты мемлекеттік бағдарламаларды, жобалар мен бастамаларды кеңінен таныстыруда екенін атап өтті.
Фестиваль аясында 1 ақпаннан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ән шырқады. Әлеуметтік желілерде #Әншуақ #Әншуақ2025 хэштегтерімен 22 мыңнан астам жанды дауыста балалар әндері жарияланды. Жалпы қаралым саны 18 миллионнан асты. Көпшілік тыңдармандар мен қазылар алқасының дауыс беру нәтижесінде іріктелген 13 үздік ән гала-концерт сахнасында шырқалды. Олардың екеуі өңіріміздің жас өнерпаздары. Жеңімпаздарға гран-при, дипломдар және арнайы марапаттар табысталады. «Open Air» форматындағы концерттер бұл күндері еліміз бойынша тұрғын үй аулаларында, саябақтарда, алаңдарда өтуде.
Айта кетерлігі, «Әншуақ» фестивалі Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда және ол мәдени, тәрбие беру бағытындағы маңызды жобаға айналып келеді.
Түркістанда дарынды балалармен кездесу өтті
«Қазақстан балалары» ұлттық тұжырымдамасы аясында республика көлемінде «Балалар үні» күні кеңінен аталып өтуде. Бұл күні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев өңірдегі үздік оқушылармен — халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың жеңімпаздарымен, сондай-ақ спорт пен өнерде дараланған жас дарындармен кездесті.
Еркін форматта өткен жүздесуде облыс әкімінің орынбасары балаларды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Шара барысында балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап беріп, олардың болашағына зор сенім артатынын жеткізді. Ол жас ұрпақтың бастамаларына әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, оларға табыс пен шабыт тіледі.
«Бұл кездесу – тек мерекелік құттықтау емес, балалардың даусын есту, ойы мен көзқарасына құлақ түрудің, олардың бастамаларын қолдаудың нақты көрінісі. Бүгінгі дарынды бала – ертеңгі ел көшін бастайтын лидер. Сондықтан біз сіздердің үндеріңізді естіп, армандарыңызды жүзеге асыруға барлық жағдай жасауға дайынбыз», – деді ол.
Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктерімен бөлісіп, өздерінің ғылым, өнер және спорт саласындағы табыстары мен алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп, облыс басшылығына әрдайым қолдау білдіріп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Республикалық «Ұлттық мектеп лигасында» сайрамдық оқушылар топ жарды
Тақырыпқа орай тілге тиек етер тағы бір ақпарат, «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен республикалық жарыстарда Сайрам ауданындағы екі бірдей мектептің оқушылары топ жарып, жеңімпаз атанды.
Атап айтсақ, «Далабазар» жалпы білім беретін мектебінің 7-8-сыныптардың оқушыларынан құралған ұлдар командасы баскетболдан оза шауып, республикалық чемпион атанса, ал №96 жалпы білім беретін мектептің 7-8-сыныптардың оқушы қыздары волейболдан қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл қос жеңіс – білім мен спорттың үйлесімді ұштасқанының айқын көрінісі.
Чемпиондарды «Манкент» стансасынан ерекше ықыласпен қарсы алды. Оларды ата-аналары, ұстаздары, достары мен жанкүйерлері гүл шоқтарымен, қуаныш пен мақтанышқа толы көңіл-күймен күтіп алды. Бұл сәт балалардың ерен еңбегі мен табандылығының, жаттықтырушылар мен мектеп ұжымдарының қолдауының жарқын нәтижесі екені анық.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
