
Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жанданады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста осы мәселе жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі балық шаруашылығын дамытып, өнімділік пен эскпорттық әлеуетті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
— Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша бекітілген межені орындау бағытында балық өсіру көлемін арттыруды тапсырамын. Бұл бағытта жұмысты ширатыңыздар. Балық өнімі көлемін арттыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, қолайлы мүмкіндік ұсыныңыздар. Балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген 104 су айдынын және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарды қайтадан талдап, зерделеңіздер. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеп, шаруашылықта өндірілген өнім көлемінің артуы қадағалануы тиіс, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға осы саланы дамыту бойынша тың ұсыныстар мен жобаларды әзірлеуді тапсырды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбековтің айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес 2030 жылға дейін Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсіру көлемін — 20 мың тоннаға, ал биыл 7467 тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 245-ке жетіп, оның 164-і облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған. Бүгінде 4 айдың қорытындысына сәйкес 176 тонна кәсіпшілік балық аулауға рұқсат беріліп, мемлекеттік бюджетке 5,7 миллион теңге түсім түсті.
Елімізде жасанды балық өсіруден Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспары бекітіліп, 905 тонна балық өндірілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыс аумағынан 16 балық өсіру шаруашылықтарын ашу көзделіп отыр.
Сонымен қатар облыста экспортқа бағытталған 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды. Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен акваөсіруді субсидиялау үшін 2025 жылға 500,0 миллион теңге бөлініп, 4 мың 586 тонна балық азығы, 500 мың балық шабағы, 4 дана биологиялық ғылыми негіздемелер субсидияланды. Ал республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін субсидиялауға 120 миллион 500 мың теңге бөлініп, 3,2 миллион теңгесі игерілді.
Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 миллиард теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 миллиард жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 миллион теңге қарастырылып отыр.
Атап өтерлігі, «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдардағы халықтың табысын арттыру. Бағдарлама пилоттық негізде 2023 жылдан жүзеге асып, өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 ауылдық округте 749 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185 тұрақты жұмыс орны ашылып, 100-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан арылады деп күтілуде.
Бұл мәселе жыл басында аудан-қала әкімдерінің қатысуымен өткен видео-селекторлық мәжілісте кеңінен талқыланған-ды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қаржыландырылатын бағыттарды белгілегенде өңірлердің ерекшеліктеріне назар аударуды ескертті.
Жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасымен өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша – 195, мал шаруашылығын дамыту бойынша – 175, құс шаруашылығын дамыту бойынша – 108, балық шаруашылығын дамыту бойынша – 71, кооперативтерді құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша – 62, өз кәсібін ашу бойынша 138 жобаны іске асыру көзделіп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
