
Түркістан қаласы тағы бір демалыс аймағымен толықты. Бүгін шаһардың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген жасанды көлі бар саябақ пайдалануға тапсырылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін біз балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында Түркістан төрінде табиғатпен тығыз байланыс орнататын, демалып серуендейтін тағы да бір саябақтың ашылуына куә болып тұрмыз. Қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет» деп айтқан болатын. Ал, бұл саябақ – қаланың экологиялық, туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тың жобалардың бірі. Саябақ Түркістанның жасыл қалаға айналуына үлкен септігін тигізеді. Жалпы, Түркістан шаһарында 109 саябақ пен скверлер қызмет көрсетуде. Ал, бүгін ашылған саябағымыз 110-шы болып отыр. Бұл жобаны іске асыруға атсалысқан барлық мамандарға, құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – елге қызмет етудің жарқын белгісі. Аймақта жыл санап туристер саны өсіп келеді. Демалыс орындары да ашылуда. Осылардың барлығы Түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді. Сіздерді жаңа саябақтың ашылуымен тағы да шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұралхан Көшеров.
Қалалық саябақта Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына би және театрландырылған қойылымдар ұсынылып, әуезді әндер орындалды. Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова және басқа да елімізге танымал әншілер мен домбырашы балалар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі мен «Жастар» және «Жаңа леп» ұжымы, «Семсер» тобы халық әндері мен заманауи туындылар орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, цирк, аниматорлар және армандар шары шоуы көрсетіліп, спорттық жарыстар, сурет және қыштан бұйым жасау шеберлік сағаттары өтті.
Қалалық саябақ «Жаңа қала» аумағында 12,77 гектар жерде орналасқан. Саябақта 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылған. 8 мыңға жуық тал мен жасыл екпе егілген. Жасанды көл 19500 шаршы метр аумақты қамтиды. Су сыйымдылығы – 60 000 текше метр. Көл үстінен ұзындығы 92 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Сонымен қатар көл үстінде шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар бар. Демалыс аймағында тамақтанатын орындар, балалар алаңшалары, әкімшілік ғимараты қарастырылған. Одан бөлек, шатырлар, жарықшамдар, 270 дана орындық пен 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Саябақ бір күнде 600 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Түркістан қаласындағы «Жасыл белдеу» жайқалып келеді
Түркістан қаласы аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бірлік алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысып, қаладағы «Жасыл аймақ» мекемесіндегі орман тұқымбағы мен жылыжайларын аралап көрді. Өңір басшысы «Жасыл белдеуге» жауаптыларға көшеттерді күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жандандырып, суару жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Түркістан қаласын шаң-тозаңнан сақтап, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құрылды. Облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі таңға дейін 29 544,0 ге жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Оның ішінде Түркістан қаласы 2852,0 га, Сауран ауданы 19362,0 га және Отырар ауданы 7 330,0 га аумақты құрайды.
Қала айналасынан 2019-2024 жылдар аралығында жалпы 18 071,0 га жерге әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтсақ, жапырақты ағаш көшеттері – 8 337,0 га, сексеуіл екпелері – 9 734,0 га.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайы туралы мәлімдеп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Орман екпелерін суару мақсатында 237 ұңғыма қазылып, «Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері орнатылды. Қазіргі таңда мекеменің аумағында 90 % электр желісі тартылған. Электр желісі тартылған учаскелерде 24 сағат суару мүмкіндігі бар. Ал қалған 10 % бензинді және дизельді мотопомпалармен суарылады. Мекемеде 100 гектар жер аумағында ағаш-бұта көшеттерін өсіруге тұрақты және 20 гектар уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылған.
Тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында заманауи тұқымбақ құрылды. Бүгінгі таңда, 1,0 га аумақты көленкелеу, тамшылатып суару жүйесін орнату, 6 жылыжай кешені мен ауқымды су жинау бассейні мен жылыту қазандығы және орманшылар үйі салынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
