Түркістан облысы: Түлкібас ауданында жаңа медиа студия ашылды

Түлкібас ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына тың серпін беретін қуанышты жаңалық орын алды. Аудан әкімі Асқар Сұлтанұлы Естібаевтың бастамасымен және қолдауымен аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы жанынан жазушы, қоғам қайраткері Мархабат Байғұттың есімімен аталатын «Түлкібас медиа студиясы» салтанатты түрде ашылды.

Аталмыш шараға Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма төрағасы Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Дәулет Тұрсынұлы және облыстың бірқатар жетекші журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

94 жылдық тарихы бар басылымның қара шаңырағында құрылған бұл студия – аудан үшін тарихи әрі тың бастама. Медиа кеңістіктегі жаңа леп ретінде ашылған орталық заманауи талаптарға сай техникалармен, жоғары сапалы дыбыс жазу құрылғыларымен және арнайы студиялық жабдықтармен толық жабдықталған.

«Түлкібас медиа студиясы» — тек жаңалық таратып қана қоймай, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды, тұлғалы азаматтардың тағылымды тағдырларын, қоғамдық ойды қозғайтын мәселелерді тереңнен қозғайтын аудио-подкасттар, бейнежазбалар мен эксклюзивті сұхбаттар дайындауға бағытталған алаң болмақ. Мұнда кәсіби тілшілер мен телеарнада тәжірибе жинаған операторлар жұмыс істейді.

Студия жанынан фотостудия да іске қосылып, бұқаралық іс-шаралар мен портреттік түсірілімдерге жол ашылмақ.

Мұндағы дайындалған контенттер газетпен қатар «YouTube» платформасы, әлеуметтік желілер мен арнайы веб-сайттар арқылы кеңінен таратылады.

Студия жетекшілігінің айтуынша, бұл бастама – ақпарат таратуда жаңа форматтағы тың қадам. Яғни, бұрын тек оқып келген тұрғындар енді тыңдай да, көре де алады. Бұл – ақпараттың әртүрлі жолмен жеткізіліп, әрбір оқырманның, тыңдарманның, көрерменнің қажеттілігіне бейімделуін білдіреді.

Жаңа медиа кеңістігіндегі бұл қадам — Түлкібастың шығармашыл жастары мен кәсіби мамандары үшін үлкен мүмкіндік әрі жаңа белес. Ендігі міндет — сапалы контент жасап, тың идеялармен елге ой салу.

Ауданға қатысты атап өтер тағы бір ақпарат, биыл Түлкібас ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында үш ауылдық окруктегі бес ауылда жалпы 18 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жол жөндеу жұмыстарымен Майлыкент, Машат, Ақбиік ауылдық округтеріндегі Т.Рысқұлов, Бақыбек, Ақбиік, Машат, Құлан елді мекендері қамтылмақ.

Жұмыс барысы бақылауда тұр. Аудан әкімі Асқар Естібаев Майлыкент ауылдық округіне қарасты Тұрар Рысқұлов ауылындағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Бекбосынов көшесінің құрылыс барысымен танысты. Бұл көше – ауыл ішіндегі негізгі жолдардың бірі. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайды. Жол жөндеу жұмыстарын «Мақтааралдорстрой» ЖШС жүзеге асыруда. Мердігер мекеменің мәліметінше, бүгінде құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Жоспарға сәйкес, жол маусым айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі.

Аудан әкімі мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, жұмыстың сапасы мен мерзіміне баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жол құрылысы кезінде тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жол жөндеу жұмыстары ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көлік қатынасын да едәуір жеңілдетпек.

Жол демекші, Түркістан қаласында жаз мезгіліндегі жоғары температураға байланысты жол жамылғыларын аэрация әдісімен суару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Аэрация +30°C-тан жоғары ауа температурасы кезінде асфальт жабындарының қызып кетуінің алдын алуға бағытталған тиімді тәсіл. Бұл әдіс бүгінде Түркістан қаласының орталық көшелері мен ірі магистралдарын салқындату мақсатында кеңінен қолданылуда.

Сала мамандарының мәліметінше, аэрация жол төсемелерінің қызып, құрылымының бұзылуына жол бермей, асфальттың ерте тозуының алдын алады. Сонымен қатар жол сапасын ұзақ мерзімге сақтап, күтім шығындарын азайтуға септігін тигізеді. Аталған әдіс жол бойындағы жасыл белдеулер мен гүлзарлар үшін де тиімді. Су тамшылары өсімдіктерге қажетті ылғалды қамтамасыз етіп, аптап ыстықта жасыл желектердің күйіп кетуінен қорғайды. Қазіргі таңда аэрациялау жұмыстары арнайы техника мен бүріккіш құрылғылардың көмегімен күніне екі мезгіл тұрақты түрде жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You