Түркістан облысының тұрғындарымен газ мәселесі бойынша Энергетика вице-министрі кездесті

Түркістан облысына ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек жұмыс сапарымен келіп, тауарлық газ бағасын қалыптастыру сұрағына байланысты өңір жұртшылығымен кездесу өткізді.

Кездесуде ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек тауарлық газ бағасының қалай қалыптасатыны жайында халықты құлағдар етті.

— Құрметті жиынға қатысушылар! Жұртшылыққа, бизнес өкілдеріне, мәслихат депутаттарына және басқа да мүдделі органдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшылығы және басқа да мүдделі органдардың қатысумен жұмысшы топ құрылып, бүгін Түркістан өңіріне келіп отырмыз. Газ бағасының өзгеріп тұруына бірнеше маңызды факторлар себеп болады. Біріншіден, елімізде газдандыру қарқынды жүруде. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 62%-ы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Дегенмен, тауарлық газды тұтыну — оны өндіру көлемінен едәуір асып кетіп отыр. Бұл «ҚазақГаз» ұлттық компаниясын газды өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр етеді.

Ұлттық компания қолданыстағы қазіргі бағалармен газды сатып алу, тасымалдау және республика аумағында тарату шығындарын толығымен жаба алмай отыр. Газ бағасының тиімді болуын қалыптастыру — газ инфрақұрылымын дамыту мен модернизациялауға қаражат бөлуге мүмкіндік беріп, жеткізілімнің тұрақтылығын арттыруға және өңірлердің газдандыру процесін жеделдетуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ геологиялық барлау және көмірсутектерді қайта өңдеу сияқты салаларға инвестициялар тартуға мүмкіндік тудырады, бұл — саланың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді, — деді вице-министр.

Жергілікті тұрғындар вице-министрге сұрақтарын қойып, жауаптарын ала алды.

Газ демекші, Мақтаарал ауданында 5 елді мекенге табиғи газ берілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін күні кеше Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылында болды.

«Бұл — үлкен қуаныш пен маңызды тарихи сәт. Табиғи газдың берілуі — елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту жолындағы үлкен қадам. Бұл тек өмір сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге, әлеуметтік және экономикалық дамуға жол ашады. Мемлекет басшысының ел халқын сапалы өмір сүру мүмкіндігімен қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалары мен бастамалары нәтижесінде, осындай игі істер жүзеге асып отыр» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Жиында аудан басшысы газдың жоспардан ерте қосылуына атсалысқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Абилдиевқа алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары газ алауының жанғанына куә болып, үлкен қошеметтерін көрсетті. Тұрғындардың ризашылығында шек болмады.

Газ берілген елді мекендердің ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.

Жалпы Мақтаарал ауданында 68 елді мекеннің 46-ы газ жүйесімен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 67,6% құрайтын еді. Жаңадан газ қосылған елді мекендердің есебінен бұл көрсеткіш және де артты.

Айта кетейік, 2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттен жалпы 6,3 миллиард теңге қаржы қаралып, 19 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандардың жалпы құны 8,2 миллиард теңгені құрайды, құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, қалған газдандырылмаған 4 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысын бастау үшін биыл 891,0 миллион теңге қаржы қаралды.

Міне, осы жұмыстардың арқасында бүгін 5 елді мекенге газ беріліп отыр. Жалпы аталған құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан соң 2026 жылы Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтылатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You