
Бүгін Түркістан шаһарындағы «Керуен Сарай» кешенінде дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өтті. Мәдениет пен өнерді ұлықтаған бұл шарада Сауран және Қазығұрт аудандары өзара сынға түсті. Қазылар алқасының ортақ шешімімен саурандық өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды.
Түркістан төрінде өткен дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінде Сауран ауданының шығармашылық ұжымдары жарқырап көзге түсті. Айтыс пен терме, дәстүрлі ән мен би, ұлттық аспаптар, әжелер ансамблі мен салт-дәстүр көріністері — сахнада халқымыздың рухы мен өнері жаңғырды. Сонымен қатар, Сауран ауданының қолөнер шеберлері мен жетістіктерін танытқан көрме көптің көңілінен шықты. Қазылар шешімімен Сауран ауданы келесі кезеңге жолдама алып, ақтық сынға бір қадам жақындады.
Шығармашылық ұжымдар көрерменге ұлттық болмыс пен өнердің сан қырын көпке ұсына білді. Олар ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлттық аспаптар ансамблі, эстрадалық ән, би өнері, вокалды-аспаптық топтар, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүр көріністері секілді жанрлар бойынша өзара бақ сынады. Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ауданның жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды. Осылайша ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Түркістанның төрінде өткен думанды кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта өтейік, биылғы фестиваль ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар өзара сынға түсіп, үздіктер келесі айналымға өтеді. Ақтық кезеңде ең үздік өнер ұжымдары анықталатын болады. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы жанрлық ерекшелік пен ұлттық нақыш, сахналық мәдениет пен ұйымдастырушылық деңгей бойынша бағалайды.
Фестивальде қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф маманы Ақниет Әмзехан бар.
«Өнерлі өлке» фестивалінің басты мақсаты ұлттық мәдениет пен халық шығармашылығын дамыту, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін арттыру болып табылады.
Айта кетейік, фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет басқармасы және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айлары аралығында өтеді. Екінші кезеңде жаңа қарсылас, жаңа өнер додасы күтіп тұр.
Барша қатысушылар мен қолдау білдірген көрермендерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
