Түркістан облысы: Сауран ауданында «Табиғатқа қамқорлық жасау» күніне орай экологиялық сенбілік ұйымдастырылды

Сауран ауданында «Заң мен тәртіп апталығы» шеңберінде бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 28 маусым күні «Табиғатқа қамқорлық жасау» күні аталып өтті. Бұл бастама аясында аудан көлемінде бірқатар экологиялық-санитарлық жұмыстар ұйымдастырылып, соның бірі Оранғай ауылдық округінде ұйымдастырылды.

Аталған шараны аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе ұйымдастырып, жергілікті тұрғындар мен жастарды, еңбек ұжымдарын, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді жұмылдыра отырып өткізді. Сенбілікке 100-ге жуық адам қатысты, 7 бірлік арнайы техника тартылып, Қарашық өзенінің 7 шақырымдық жағалауы тұрмыстық қалдықтар мен өзге де ластаушы элементтерден толықтай тазартылды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Сихымбай арнайы қатысып, жиналған тұрғындарға өзінің алғысөзін арнады. Ол өз сөзінде табиғатты сақтау ұлт болашағына деген қамқорлық екенін атап өтіп, барлық қатысушыларды осындай игі бастамаларға белсене араласуға шақырды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Бүгінгі тазалық акциясы – сол бағыттағы нақты қадамның бірі. Мұндай шаралар елдің бірлігін, қоғамның белсенділігін, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын көрсетеді. Сондықтан әрбір азаматтың мұндай бастамаларға үлес қосуы аса маңызды», – деді Әлімжан Сихымбай.

Экологиялық тазалық жұмыстары барысында ауыл тұрғындары ынтымақпен еңбек етіп, өзен бойын күл-қоқыстан тазартып, санитарлық тәртіпті күшейту бағытында белсенділік танытты. Аудандық полиция бөлімі өкілдері де бұл бастаманың құқықтық тәртіп пен қоғамдық жауапкершілік бағытында маңызы зор екенін атап өтті. Тәртіп сақшылары қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен заң талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You