
Бүгін аудан аумағында орналасқан балалар лагерінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Балалар тынығатын аймақты реттеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда болды.
Ауқымды тазалық жұмыстарына аудан әкімдігіне қарасты мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, білім беру, мәдениет және спорт саласының өкілдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындардан құралған еріктілер қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық адам белсенділік танытып, ортақ іске жұмылды.
Сенбілік аясында тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылды; 370 дана қураған, қауіпті ағаштар кесіліп, ретке келтірілді; 3 гектар аумақтағы шөп орылып, жер тегістеліп, тазаланды.
Сенбілікпен қатар, лагерьдің аумағындағы күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімінің міндетін уақытша қоса атқарушы Мейрамбек Ақмұратов пен аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Олар мердігер мекеме өкілдеріне жұмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Шара соңында жауапты тұлғалар еңбек еткен ұжымдарға ризашылығын білдіріп, мұндай сенбіліктердің тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратынын жеткізді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.