
Мойынқұм ауданының орталығы — Мойынқұм ауылында Фурманов су торабынан бастау алатын Фурманов айналма каналын механикалық тазалау мәселесіне қатысты жұмыс кеңесі өтті.
Жиынға Мойынқұм ауданының әкімі мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы, «Қазсушар» Жамбыл облысы филиалының директоры, сондай-ақ аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданнан арнайы барған су шаруашылығы саласының мамандары мен Созақ және Шу ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Кеңес барысында каналдың қазіргі ахуалы талқыланып, алдағы жұмыстардың жоспары бекітілді. Механикалық тазалау шараларын алдағы аптада бастау көзделіп отыр. Бұл мақсатта «Тұран су» мекемесінен 2 экскаватор, «Қазсушар» РМК Түркістан облысы филиалынан 2 погрузчик, 1 бульдозер, сондай-ақ «Тараз су шаруашылығы» мекемесінен 1 шынжыр табанды экскаватор мен 1 погрузчик, барлығы 7 арнайы техника жұмылдырылады.
Фурманов айналма каналының өткізу мүмкіндігі – секундына 45-50 текше метр. Ұзындығы 120 шақырымды құрайтын Фурманов каналы Мойынқұм ауданына қарасты Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек ауылдарының аумағынан өтеді. Тазалау жұмыстары каналдың су өткізу қабілетін арттырады. Шу өзенінен ауданға су жеткізу процесінің үздіксіз әрі тиімді болуын қамтамасыз етіп, экологиялық мақсатта су беру мүмкіндігін жақсартуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, жұмыс көлемін жан-жақты пысықтау үшін Шу өзенінің бойын аралап, туындаған мәселелер зерделенді. Мойынқұм ауданының әкімі жұмыстардың барысымен танысып, бұл іс өзінің тікелей бақылауында болатынын жеткізді.
Еске салайық, Фурманов айналма каналы 40 жылдан бері тазартылмаған. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Бұл каналдан Шу өзені арқылы Түркістан облысының Созақ ауданына су жіберіледі.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданының экожүйесін қолдау үшін шамамен 200 миллион текше метр су жібереді. Каналды тазарту су жіберудің тиімділігін арттырып, 40 жылдан бері алғаш рет оны өз мақсатына сай пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар канал бойындағы елді мекендердің суға қолжетімділігі жақсарады. Нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстар министрліктің қатаң бақылауында», – дейді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.
Тазарту жұмысы механикалық әдіспен жүргізіледі. Жоспар бойынша, биыл аяқталып, каналдан су жіберілуі керек.
Былтыр қыркүйектен бастап биыл сәуірдің соңына дейін Шу өзені арқылы Созақ ауданына 1,5 миллиард текше метрден астам су жіберілген. Осыған дейін 55 жылдан кейін алғаш рет Астана су қоймасы тазартылған еді. Су қоймасынан 50 мың тонна лай шығару жоспарланған. Жұмыс қазан айының соңына дейін жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.