
Аудан аумағындағы «Жұмбақ тау» этно-лагерінде республикалық деңгейдегі тың бастама – «JasSAQ» телевизиялық этно-реалити жобасы ұйымдастырылды.
Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуді көздейтін жоба Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Елдің әр өңірінен жиналған 100-ге жуық жас жобаның алғашқы күнінен бастап белсенділік танытты.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысушыларға ізгі тілегін арнап, жобаның идеясын жоғары бағалады.
– Бұл бастама – халқымыздың бай мәдени мұрасын жас ұрпаққа жеткізудің бірегей жолы. Мұндай жобалар арқылы елдік сана мен рухани сабақтастықты нығайтамыз. Ұрпақ тәрбиесінде мұның маңызы зор, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Ернар Нұралы да құттықтау сөз сөйлеп, жоба аясында жастардың білімі мен білігі сыналатынын жеткізді.
Салтанатты бөлімнен соң ұйымдастырушылар қатысушылар үшін танымдық-мәдени бағдарлама әзірледі. Демалыс кешінде жастар бір-бірімен етене танысып, өз өнерлерін ортаға салды. Кешкі концерттік бағдарламаның шырайы ашылып, ән мен күйге, би мен қуанышқа толы сәттерге ұласты.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар ұлттық дәстүр мен салт-сананы бойларына сіңіре отырып, достық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Аудан аумағындағы «Жұмбақ тау» этно-лагерінде өткен «JasSAQ» республикалық этно-реалити жобасы аясында салт-дәстүр мен ұлттық спорт түрлерін жаңғыртуға бағытталған танымды сайыстар ұйымдастырылды.
Шара барысында күбі пісу, қазақ күресі және ләңгі тебу сынды дәстүрлі жарыстар өткізілді. Қыздар арасында өткен күбі пісу сайысында қатысушылар арнайы дайындалған ағаш күбі мен піспек арқылы айран пісіп, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Бұл байқауға ауылдық жерлерден арнайы шақырылған әжелер төрелік етіп, пісіру әдісінің дәстүрлі үлгіде сақталуына мән берді.
Сонымен қатар, қазақ күресінен өткен жарысқа еліміздің әр аймағынан келген жас спортшылар қатысты. Алты команда құрамында өзара белдесіп, сынға түсті.
Бұдан бөлек, ұлттық ойындардың бірі саналатын ләңгі тебу сайысында жастар өз ептілігі мен шапшаңдығын танытты. Табиғи ортада өткен сайыста қатысушылар белгіленген уақыт ішінде ләңгіні мүмкіндігінше көп тебуге тырысып, өз шеберліктерін көрсетті.
Барлық сайыстардың нәтижесі командалық ұпайларға есептелді. Жобаның қорытынды бөлімінде үздік қатысушылар мен командалар марапатталып, арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.