Түркістан облысы: Созақ ауданында «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті

Ауданда Түркістан облысында бастау алған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен жүзеге асырылды.

Марафон аясында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Сержанұлы бастаған делегация Сызған ауылына арнайы келіп, Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандағы сұрапыл соғыстың соңғы сарбазы Мырзахмет Жылысбаевқа құрмет көрсетті.

Ардагерге республикалық марафонның арнайы хаты табысталып, естелік сый-сияпаттар мен марапаттар ұсынылды.

Өз кезегінде Пердебек Сержанұлы: «Бұл тек марафон ғана емес – бұл елдік өсиет, аманат. Ардагерлердің өмір жолы мен тағылымы – әрбір жас үшін тәрбие мектебі. Жастар – осы аманатты болашаққа жеткізетін мұрагерлер», – деп атап өтті.

Естеріңізде болса, кеше Түркістан қаласындағы «Жеңіс саябағында» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны салтанатты түрде өтті. Ауқымды акция Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілді.

Марафонның негізгі мақсаты – жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ел тарихын ұлықтау, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлеріне тағзым білдіру.

Шара барысында эстафетаны Қызылорда облысынан арнайы келген делегация Түркістан облысына салтанатты түрде табыстады. Делегация құрамында Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар» бөлімінің басшысы Бихожаев Ернұр Бауыржанұлы, Қызылорда облысы жастар ресурстық орталығының директоры Басаров Алиби Қайратұлы болды.

Эстафетаны Түркістан облысы атынан Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Ескулов Пердебек Сержанұлы қабыл алды.

Іс-шараның ресми бөлімінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Маратұлы Сейтжанов сөз сөйлеп, бастаманың маңыздылығына тоқталып, ардагерлерге алғыс білдірді. Өз сөзінде ол: «Бұл – тек символдық эстафета ғана емес, бұл – аманат. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру, ерлік пен елдік ұғымдарын терең түсіндіру – біздің басты міндетіміз» — деді.

Шараға облыс әкімдігі өкілдерімен қатар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдары, «Жас сарбаз» қозғалысының белсенділері, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары қатысты.

Салтанатты жиында ардагерлер сөз сөйлеп, «Ардагер өсиеті» хатынан үзінділер оқыды, жастарға баталарын берді. Марафон шеңберінде ардагерлерге арнайы жеміс себеттері табысталып, естелік суреттер мен бейнероликтер түсірілді.

Айта кетейік, маусым-қыркүйек айлары аралығында өтетін республикалық марафон еліміздің барлық өңірлерін қамтып, Астана қаласында қорытындыланады. Жоба аясында ардагерлердің өсиеті хат түрінде рәсімделіп, елордада салтанатты түрде сақтауға тапсырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You