Түркістан облысы: Отырар ауданындағы балалар жазғы лагерьге аттанды

Биыл отырарлық оқушылар жазғы демалысты тиімді өткізбек. Ол үшін аудан әкімдігі мектеп оқушыларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстарына жағдай жасап келеді. Бүгін мектеп оқушыларының бірінші легі Түлкібас ауданының Келтемашат шатқалында орналасқан «Отырар» балалар жазғы сауықтыру лагеріне аттанды.

Балаларды демалыс аймағына шығарып салған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев оқушыларға сәттілік тілеп, жазғы демалысты қызықты өткізулеріне тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, шара барысында ата-аналар да сөз алып, балаларға жағдай жасап, демалыс уақытын тиімді өткізуіне қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне алғысын айтты.

Биылғы жазғы демалыста Отырар ауданының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс лагеріне 31 жалпы білім беретін мектептен 1050 баланы жазғы лагерге жіберу жоспарланып отыр. Әр ауысымда 150 баладан демалып, лагерь 7 ауысым бойынша жұмыс істейді.

Лагерьге келген әрбір оқушыны адамгершілікке, ұйымшылдыққа, ынтымақ-бірлікке тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуге жағдайлар жасау, қауіпсіздік ережелерін үйрете отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, рухани және мәдени білімдерін жетілдіру, салт-дәстүрін дамыту, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін арттыруға баулиды. Ол үшін лагерьде тәрбиеші, психолог, медбике және пән мұғалімдері жұмыс атқарады.

Сонымен, бүгін Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Отырар» жазғы сауықтыру лагері демалуға келген отырарлық балалардың алғашқы легін қабылдады.

Лагердің ашылу салтанатында еліміздің Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, оқушылар сап түзеп құрмет көрсетті. Мұнан соң «Жас Ұлан» ұйымының туы кіргізіліп, лагерде демалушы топтарды аталмыш ұйымға қабылдау рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, балаларды жазғы демалыс күндерімен құттықтады.

Ол өз сөзінде: «Жазғы демалыс — балалар үшін табиғат аясында демалып, дүниетанымын арттыратын, бос уақытын тиімді әрі мағыналы өткізуге мүмкіндік беретін ғажайып сәт. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Бұл лагерь балардың сан түрлі таланттарыңды ашып көрсетуге мүмкіндік береді», — дей келе, жазғы демалыстың қызықты өтуіне тілектестігін білдірді.

Айта кету керек, биыл лагерьде Отырар ауданынан 1050 бала демалады. Оқу мен тәрбиелеудің үздіксіз процесі сапалы білім беру болса, қазіргі кездегі білім берудегі басты мақсат – жан-жақты өзіндік ой-талғамы бар, өмір сүруге бейім, адамгершілігі жоғары бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. Ағымдағы жылы аудандағы оқушылардың жетістіктерінің қатары көбейіп, түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетті. Сөйтіп, олар ауданның білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты.

Салтанатты жиында оқушылар «Қазақстаным Отаным» әнін қосыла шырқап, одан әрі аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады.

Салтанатты шарадан соң аудан әкімі балалар жатақханасы мен асхана жайын, ойын алаңдарын аралап, санитарлық тазалығы мен қауіпсіздік шараларының сақталуын қадағалады. Аралау барысында жауапты сала орынбасары мен бөлім басшысына балалардың демалыс уақытында барлық қажетті жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, балардың қауіпсіздік шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.

Айтпақшы, бүгін ауданда тұрғындар арасында арасында діни жат ағымдардың алдын алу мақсатындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аудандық орталық аурухана мен орталық кітапханада, одан әрі Қоғам ауыл округінде жалғасын тапты. Кездесуге Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Бауыржан Әбдірахман, аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты.

Кездесу барысында «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» теолог маманы Бауыржан Әбдірахман баяндама жасап қоғамда белең алып жатқан жат ағымдар туралы ақпарат беріп, мектепте бірыңғай киім үлгісін сақтау, әлеуметтік желілердегі, күмәнді сайттардағы уағызшыларды тыңдамау, діни материалдарды таратудың жауапкершілігі, шет елде рұқсат етілмеген теологиялық оқу орындарында оқудың қауіптілігі туралы айтып түсіндірді.

Жиын барысында көпшілік тарапынан қойылған жат ағымдарды ұстанушылардың алғашқы белгілері, қандай уағызшыларды тыңдауға болатыны туралы сұрақтарға маман тарапынан тұщымды жауаптар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You