
Бүгін Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы көгалдандыру жұмыстарының барысын қадағалап, Темір ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралады.
Алдымен аудандағы көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында арнайы дайындалған тұқымбақта болып, көшеттерді күтіп-ұстау жұмыстарымен танысты. Жауапты мамандармен кездесіп, көшеттердің өнімділігін арттыру мәселесін талқылады. Тұқымбақ жұмысы барлық қағидаға сәйкес жүргізілуі керектігін айтқан аудан әкімі жергілікті жерге жерсінетін көшеттерді егуді, егілген көшеттерді суғару жүйесін жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысып, ондағы техникалардың дайындығын пысықтады. Сала мамандарына жас көшеттерді егу, оларды суғару, қоршау секілді мәселелердің маңыздылығын айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
Мұнан соң Темір ауылындағы жасыл аймаққа болып, елді мекенді көгалдандыру жұмыстарының барысын көрді. Аталған аймақтағы көшеттерді күтіп-ұстау жұмыстарына көңілі толмайтынын айтқан аудан әкімі жауаптыларға көшеттердің өнімділігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан әрі «Темір жол» бекеті маңындағы абаттандыру жұмыстары мен елді мекендегі ойын алаңшаларының құрылыс жұмыстарының барысын қадағалады. Мердігер мекемелердің өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарын сапалы, жауаптылықпен әрі бекітілген талапқа сәйкес жүргізу керектігін ескертті. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған мұндай жобалардың маңызын айтқан аудан әкімі жауапты сала орынбасарына аталған жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.
Жалпы, бұл мәселе бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде де талқыланды. Мәжілісте аудандағы абаттандыру жұмыстары мен елді мекендердің санитарлық-тазалық жұмыстары туралы мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Мұрәділ Кизбаев хабарлама жасап, елді мекендердегі тазалық жұмыстары туралы баяндады.
Жиын барысында «Таза Қазақстан» республикалық іс-шарасы аясында атқарылған жұмыстар, акция шеңберінде ұйымдастырылған сенбіліктер, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, тұрғындардың белсенділігі мен мекемелердің қатысу деңгейі бағаланды.
Аудан аумағындағы санитарлық жағдай, тұрмыстық қалдықтарды шығару, қоқыстарды жою және санитарлық талаптардың орындалу барысы талқыланып, ауыл округтер тарапынан орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін тиісті тапсырмалар берілді.
Жиын барысында жауапты мекемелердің жұмысы сараланып, нақты міндеттер жүктелді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.