2025 жыл: Түркістан – ерекше мәртебе берілген шаһар: Балалардың жазғы сауықтыру лагерінің екінші маусымы ашылды

Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты балалардың жазғы сауықтыру лагерінің екінші маусымның ашылу салтанатты жиыны өтті.

Салтанатты шараға қалалық мәслихаттың төрағасы Ғаппар Сарсенбаев пен қалалық мәслихат депутаты Бақдәулет Тұрманов, қалалық Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева мен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Даурен Досымбеков, қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбет және ата-аналар қатысып, балалардың қуанышына ортақтасты. Құрметті қонақтар балаларға ізгі ниеттерін жеткізіп, жазғы демалыстарын мазмұнды өткізулеріне тілектестік білдірді.

Балалар өз кезегінде балалықтың бақытты шағын сыйлаған ел ағаларына ризашылықтарын өз өнерлері арқылы жеткізді.

Лагерьдің екінші  ауысымында Түркістан қаласы және Сауран ауданынан жалпы 350 оқушы демалуда.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының қолдауымен Отырар секторына қарасты Жаңа қала мөлтекауданындағы «Махалля» көпқабатты тұрғын үй кешенінің ауласында балаларға арналған жарқын спорттық мереке өтті.

Ашық аспан астындағы бұл думанды күн тек спорттық сайыс емес, балалық шақтың шаттығы мен достық рухын дәріптеген ұмытылмас сәтке айналды. Түрлі ойын мен қызықты жарыстарға 70-тен астам бала қатысып, алаңды нағыз шағын фестивальге айналдырды.

Футбол мен стритбол, ләңгі мен секіргіш – әр қимыл, әр күлкі өзге әлемге жетелегендей әсер етті. Ұлттық ойындар мен заманауи спорт түрлері үйлесім тауып, балалардың белсенділігі мен қуанышы жарасым тапты.

Бұл күн спорт арқылы балғын жүректерге сергектік пен шабыт сыйлаған, ортақ қуанышқа бөлеген ерекше мереке болды.

Бұдан бөлек Сауран секторындағы Жеңіс саябағында да Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының бастамасымен өткен ашық алаң ойыны – балалар үшін шынайы қуанышқа, ал алаң жарыс рухына толы мекенге айналды.

Футбол добының дүбірі, стритбол шеңберіндегі шапшаң қимылдар, асық атып, ләңгі тебудегі дәлдік пен ептілік – осының бәрі 50-ге жуық баланың шынайы көңіл күйінен сыр шертті.

Секіргіште секірген саулық пен шаттық, белтемірге тартылған батылдық – өскелең ұрпақтың спортқа деген махаббатының белгісіндей болды.

Бұл жай ғана жарыс емес. Бұл – болашақ чемпиондардың алғашқы қадамы, достық пен тәртіптің сабақ алған алаңы, бала жүректің шаттықпен соққан сәті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You