
Түркістан қаласындағы «Жеңіс» саябағында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны өтті. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен һәм «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен ауқымды акцияға ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жастар ұйымдары, «Жас сарбаз» қозғалысының белсенділері, қоғам белсенділері мен пікір көшбасшылары қатысты.
Марафонның негізгі мақсаты – жастар арасында ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ел тарихын ұлықтау, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлеріне тағзым ету.
Шара барысында эстафетаны Қызылорда облысынан арнайы келген делегация Түркістан облысына салтанатты түрде табыстады. Эстафетаны Түркістан облысы атынан Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов қабыл алды. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов бастаманың маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру басты міндет екенін атап өтті.
Сонымен қатар өз кезегінде қариялар «Ардагер өсиеті» хатынан үзінділер оқып, баталарын берді.
«Ардагер өсиеті» марафоны маусым-қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, өз мәресіне Астана қаласында жетеді. Соңғы нүктеде өсиет хат арнайы қорғалып, елордада сақталатын болады.
Бұдан бөлек бүгін Түлкібас ауданында кезекті жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Аталған шараға Жабағылы ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері мен аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдердің мамандарынан құралған 250-ге жуық адам белсене қатысты.
Сенбілік барысында Жабағылы ауылындағы туристер көп келетін демалыс аймақтарының маңы қоқыстан тазартылып, көше бойлары ретке келтіріліп, қоқыс қалдықтары арнайы техникамен шығарылды.
Мұндай сенбіліктер — тек тазалық шарасы ғана емес, қоғамдық белсенділік пен экологиялық мәдениетті арттырудың нақты көрінісі. Аудан тұрғындарын бір мақсатқа біріктіретін бұл бастаманың мақсаты — «Таза Қазақстан» республикалық шарасына қолдау көрсету мен қоршаған ортаны қорғау, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және табиғи сұлулығын сақтау.
Айта кетейік, Түлкібас ауданы әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан аймақтың тазалығын қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау және экологиялық тұрақтылықты арттыру бағытында жұмыстар тұрақты түрде жалғасын таба бермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
