Түркістан облысының әкімі өңірдегі су нысандарын әуеден бақылап, Шардараны ауыз сумен қамту жоспарымен танысып, штаб мәжілісін өткізді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі су нысандарын тікіұшақпен әуеден бақылап, жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, Арыс, Келес, Қазығұрт, Отырар және Шардара аудандарындағы каналдар мен су нысандарын қадағалады.

Одан кейін Шардара ауданындағы «Шардара» су электр станциясына барды. Мамандармен сөйлесіп, мекеменің жоспарымен һәм өзекті мәселелерімен танысты. Өңір басшысы Шардара ауданы мен қаласын ауыз сумен қамту мәселелері бойынша мамандармен кеңесті. Жаңа ұңғыма қазу жұмысымен танысып, Шардара қаласының бас су торабындағы жұмыстарды қадағалады. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

– Биыл «Шардара» су қоймасында су көлемі аз. Бұл ауданды сумен қамту ісіне кедергі келтірмеуі керек. Ауыз суға қатысты жобаларды сапалы атқаруды және қадағалауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. «Шардара» су қоймасында су көлемі төмендеген жағдайда, қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Жалпы, қалада 31 883 халық немесе 6 376 тұрғын үй бар. Сырдарияның оң жақ бөлігіндегі 12 шағынауданда 26 683 халық немесе 5336 тұрғын үй бар. Су көзі – «Шардара» су қоймасы. Сырдарияның сол жақ бөлігінде Өтеғұл шағынауданында 5 200 тұрғын немесе 1040 тұрғын үй бар. Су көзі – ұңғыма арқылы келетін жер асты суы.

«Шардара» су қоймасындағы судың көлемі шамадан тыс азайған жағдайда қаланың бас су торабында пантон орналастырылып, пантон үстіне қуаттылығы сағатына 500 текше метр болатын арнайы насос орнату арқылы төмен деңгейдегі суды жоғары шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін сол аумаққа жақын жерден жер асты суын алу жолдары қарастырылды. Қазіргі таңда бас су торабынан 1,5 шақырым жерде тереңдігі 80-100 метр 2 ұңғыма бұрғылау жоспарланып, 1 ұңғыманың тиісті жұмыстары басталды.

Расын айту керек, биыл елімізде һәм Түркістан облысында ағын су мәселесі өзекті болып тұр. Облыс, аудан, қала әкімдіктері тарапынан осы мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүруде. Осы түйткілге байланысты Шардара қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен ағын су және ауыз су мәселелері жөніндегі штабтың мәжілісі өтті. Жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалып, мәселені шешу жолдары қаралды. Өңір басшысы ағын суға қатысты проблемаларды шешу үшін жүйелі әрі бірлескен жұмыс қажет екенін айтты.

– Өңірде ағын су мәселесі өте өзекті болып тұр. Жауапты мекеме басшылары, аудан, қала әкімдері бәріміз күндіз-түні бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Аудан әкімдері егістікті әртараптандыру мен су үнемдеу технологиясын енгізу, суды аз қажет ететін дақылдарды егу жұмысын атқаруы тиіс. Ағын су және ауыз су мәселелерін жүйелі түрде шешу үшін қалыптасқан жағдайға терең талдау жүргізіліп, тиісті мекемелермен бірлесе нақты қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленсін. Аудан әкімдері «Ислам Даму банкіне» қаржыландыруға ұсынылған нысандардың құжаттарын толық және сапалы тапсырылуын қамтамасыз етсін.

Жергілікті шаруалар арасында су үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет етпейтін дақылдар егу бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізіңіздер. Әрбір елді мекендер бойынша, қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, ауыз суға қол жеткізудің жол картасы әзірленсін, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Шардара, Жетісай, Мақтаарал аудандарының әкімдері мен «Қазсушар» мекемесі басшысының есептері тыңдалды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ағын суға қатысты түйткілдерді тарқата айтты.

«Шардара» су қоймасында қазіргі таңда 926 миллион текше метр су бар. Бұл деңгей былтырмен салыстырғанда 1554 миллион текше метр аз. Су қоймаға келіп жатқан су деңгейі – секундына 102,0 текше метр. Су қоймадан шығып жатқан су деңгейі – секундына 450,0 текше метр. 2025 жылы аудандағы ауыл шаруашылығы саласына «Шардара» су қоймасынан 987,59 миллион текше метр су лимиті бекітіліп, одан 827,59 миллион текше метр ағын су шаруаларға жеткізіп берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егістік алқаптарында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу тапсырмасы берілген. Аталған тапсырмаға сәйкес, ауданда 2025 жылы қосымша 8,0 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған. Бүгінгі таңға 69 шаруа тарапынан 5,2 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп отыр. Жыл соңына дейін 32 шаруа қожалығы 2,8 мың гектар егістік жерге тамшылатып суғару жүйелерін енгізу мақсатында «БНК групп» ЖШС-мен келісімшартқа тұрып, су үнемдеу технологияларын енгізуді жоспарлап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You