Түркістан облысының әкімі Жетісай ауданына іссапарлап барды

Өңір басшысының халықпен кездесуінде айтылған мәселе шешімін тауып, Жетісай ауданындағы ауылға газ берілді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мақталы ауылдық округі Тың елді мекенінің табиғи газға қосылу шарасына қатысты. Тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді.

– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте жиналып тұрмыз. Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапарымда өздеріңізбен жүздесіп, Тың ауылын табиғи газға қосқалы отырмыз. Бұл мәселе биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген еді. Мәселе шешімін тауып отыр. Біз облысымыздың елді мекендерін газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2025 жылы 46 жобаның құрылысы аяқталады. Газдандыру деңгейін 75 пайызға ұлғайтып, 606 елді мекен «көгілдір отынды» пайдаланатын болады. Оның ішінде соңғы үш жылмен салыстырғанда, бір ғана Жетісай ауданын табиғи газбен қамту көрсеткіші 22 пайызға артты. Бұл жұмыстар облысымыздың басқа аудандарында да жүргізілуде. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әр шаңыраққа жылу, береке, амандық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Өңір басшысы аудан ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесуде облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарды да баяндады. Мақтаны өсіруден бастап, терең өңдеп, киім тігуге дейін жоспар жасалғанын, мақта егуде жаңа технологияларды енгізу маңызды екенін жеткізді.

«Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде.

Бірінші кезеңде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны: 146,8 миллиард теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады», — деді Нұралхан Көшеров.

Иә, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі. Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аталмыш елді мекеннің газ құрылысы жұмысы биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 миллион теңгеге жүргізілген жалпы ұзындығы 7,9 шақырым құбырдың 0,9 шақырымы жоғары қысымды болса, 7 шақырымы төмен қысымды. 942 тұрғын тұратын шағын ауылда 133 абонент бар.

Айта кетейік, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 93-сі «көгілдір отынмен» қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жеткен. Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл 14-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді «көгілдір отынға» қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес Тәуелсіздік күні қарсаңында Жетісай ауданында тағы бір елді мекенге «көгілдір отын» берілген-ді.

Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отынмен бойларын жылытып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай табиғи газды тұтынатын болады.

«Біз ел Президенті мен облыс басшысының инфрақұрылымды жақсартып, ауылдарды дамыту жөнінде берген тапсырмалары аясында қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Қаржының мүмкіндігіне қарай инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бір ауылға газ берсек, екінші ауылдың жолдарын, ал, үшінші ауылдың ауыз суы мен жарықшамдарын жөндеудеміз. Ешбір елді мекен мемлекеттің назарынан тыс қалмайды», — деді аудан әкімі Серік Үсенұлы.

Қалай десек те, ауданда коммуналдық салада атқарылған жұмыс аз емес. Жуырда Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов пен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС Жетісай, Мақтаарал аудандарының электр желелері басшысы Жантөре Нұрмұхамедов жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, ағымдағы жылдың 11 айында атқарылған жұмыстардың есебін беріп, алдағы жоспарлармен таныстырған болатын. Баспасөз мәслихатында келтірілген мәліметтерге сәйкес, бүгінде ауданындағы 105 елді мекеннің 93-і «көгілдір отынмен» қамтылып, газ пайдаланушылардың көрсеткіші аудан тұрғындарының 87,7 пайызын құрап отыр.

Өткен жылы 4 елді мекені «көгілдір отынға» қосылған ауданда жыл басынан бері 12 елді мекенге газ берілген. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекенді «көгілдір отынға» қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде 2027 жылы аудан толық газдандырылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудандағы 1197 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларының 81,5% пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткізіліп, 83 дана ауыз су ұңғысы, 85 су мұнарасы, 24 дана су сақтағыш пен санитарлық қорғау аймақтары тұрақты жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, ауданға қарасты елді мекендердегі жаңадан түскен көшелерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсаттында Жетісай қаласын ұлғайтуға арналған 80 га аумақта 110/35/10 кВ ҚС қосалқы станциясын салынып, пайдалануға қабылданса, Абай ауылдық округінің Жүзімдік, Алтын кемер, Отан, Халықтар достығы, Бейбітшілік елді мекендеріндегі жаңа құрылыстарда электр желілерін салу және КТП орнату жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС инвест-бағдарламасы аясында тозығы жеткен ескі трансформаторлар мен бағаналар ауыстырылып, заманауи сиб-кабельдер жүргізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

2025 жылы ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға Ұлттық қор мег облыстық және жергілікті бюджет есебінен 1,4 млрд теңге бағытталып, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Республикалық және облыстық бюджеттердің есебінен Жаңа ауыл, Қазыбек би, Ділдәбеков, Қызылқұм ауылдық округтеріндегі жалпы ұзындығы 27,8 шақырымды құрайтын 30 көшеге, жергілікті бюджет есебінен Қарақай және Мақталы елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайтын 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жетісай қаласындағы 7,5 шақырымды құрайтын Омаршаев, Қалыбеков, Жоба Жәштаев, Ынтымақ елді мекеніндегі Көрікті, Шойын көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі болса, жалпы ұзындығы 8,84 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталған.

Осы және өзге де маңызды бағыттар бойынша атқарылған жұмыстардың барысын таныстырған сала басшылары қойылған сұрақтарға жауап беріп, айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілетінін, сын-ескертпелердің назарға алынатынын айтты.

Айтпақшы, салаға қатысты бір ақпарат. Қыс мезгілінде аудан тұрғындарының және көлік жүргізушілерінің қауіпсіз жүріп-тұруын, көктайғақта орын алуы ықтимал түрлі қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен қала, кент, барлық ауылдық округтерде қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жаңбыр аралас жауған қардан кейінгі ауа-райының суытуына байланысты мұз қатуының алдын алу мақсатында көшелерге тұз аралас құм себілді.

Айта кетейік, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі ішкі көшелерді қардан тазалап, көктайғақты болдырмау мақсатында дайындалған 100 тоннадан астам инертті материалдардан 15 тонна құм араласқан тұз шашу жұмыстары жүргізілуде. Қар тазалауға 20 арнайы техника мен 140 адам жұмылдырылған.

Алғашқы қар жауған сағаттан бастап аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен құрылған жұмысшы топ мүшелерінен арнайы кезекшіліктер ұйымдастырылып, апатты жағдайлардың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бірінші кезекте қала, кент, ауылдық округтерде көшелер мен әлеуметтік нысандарға баратын жолдар қардан тазаланып, оған жауапты сала мамандарымен қатар жергілікті тұрғындар, мекемелер мен шаруа қожалықтардан, кәсіпкерлер тарапынан арнайы техникалар жұмылдырылған.

Одан бөлек, электр желілері мен газ, ауыз су қызметі салаларында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша кезекшіліктер күшейтілген.

Жетісай ауданында заманауи үстел теннисі орталығы ашылды

Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен заманауи үстел теннис орталығы қолданысқа берілді. Орталықтың ашылуына бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық

әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып жатқанын айтты. Жетісайдағы спорт нысанынан чемпиондар шығарына сенім білдірді.

Облыс әкімі спорт нысанын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Сайыпқырандарға сәттілік тіледі.

Асықата кентіндегі 1 гектар аумақта орналасқан, құны 1 миллиард теңгені құрайтын орталықта бір мезетте 200 адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, 30 орындық жатақхана мен асхана орналастырылған. Барлық талаптарға сай салынған ғимаратта енді республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізуге болады.

Бүгінде ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек 77 ашық алаңша болса, оның 49-ы — мемлекеттік, 28-і — жеке азаматтардың меншігінде. Мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың намысын айқындайтын саланы дамыту мақсатында 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлер есебінен 5 спорт нысаны бой көтерген. Ал, өткен жылы мемлекет қаржысына – 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны қолданысқа берілген. Биыл жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 миллион теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Жетісай ауданында заманауи денсаулық сақтау нысандарының қатары қалыңдап келеді

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Дәрігерлерге, медицина саласына деген мемлекеттің қамқорлығы нәтижесінде барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау мекемелерінің базасы жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуда. Жылдан-жылға медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы артуда.

Желтоқсанның 17-сінде Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекенінің тұрғындары мемлекеттік қамқорлықтың тағы бір шарапатын көрді. Бұған дейін көрші ауылдардың медициналық бекеттеріне қатынаған тұрғындарға жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Алғабастағы 1607 тұрғынға енді 5 медицина мамандары дәрігерлік көмек көрсетеді.

Сондай-ақ, 34 жылдан бері ауыл тұрғынының ыңғайластырылған жеке тұрғын үйін жалдап жұмыс істеп келген Жаңа ауыл ауылдық округіндегі Қарой елді мекенінің дәрігерлері де жаңа ғимаратқа кірді. 1400-ге тарта тұрғыны бар аталмыш ауылда 4 ақ желеңді қызмет көрсететін болады. Аудан басшысымен өткен есептік кездесулерде айтылып жүрген өтініштерінің орындалып, медициналық бекет салынғанына тұрғындар дән риза.

Ағымдағы жылдың ІІ тоқсанында қазығы қағылып, құрылысы басталған қос ғимараттың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат депутаттары Мақсат Айнабеков, Хамит Дүйсебаев, «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, тұрғындарды құттықтады. Денсаулық сақтау нысандарындағы заманауи үлгідегі әйелдерді қарап-тексеру, екпе егу, профилактикалық қарау, дұрыс тамақтану мектебі, дені сау бала, стерилизация, қақырық жинау, тұрмыстық шаруашылық және дәріхана бөлмелерін аралап көрді.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жаңадан 5 фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілген болса, биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған 7 нысанның 5-і ел игілігіне тапсырылды. Алдағы күндері тағы 2 нысан тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Ал 15 желтоқсанда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 3 медициналық көмек беру нысаны ел игілігіне тапсырылды. Мақталы ауылдық округінің Алмалы және Алтынсарин елді мекендерінде бой көтерген фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, қыркүйекте аяқталған. Қос нысанда 10 ақжелеңді 2114 тұрғынға медициналық қызмет көрсететін болады. 1960-1961 жылдары ғимараттар апатты жағдайға жеткендіктен қолданыстан шығарылған.

Ал, Ж.Ералиев ауылдық округінің Бәйтерек елді мекенінде ашылған «Бәйтерек» дәрігерлік амбудаториясында 10 қызметкер жұмыс істейді. 2150 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 1963 жылы салынған ескі ғимараттың тозығы жетуіне байланысты жаңа нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған.

Денсаулық сақтау нысандарының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының Асқар Қайназаров пен аудандық мәслихат депутаты Азамат Қожабаев, «Жетісай» аудандық ауруханасының бас дәрігері Бағила Утеулиева қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Нысандардың ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Аса қажетті білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты.

Лента қию рәсімінен кейін қонақтар медицина мекемелерін аралып көріп, ондағы заманауи үлгідегі дәрігерге дейінгі және жалпы тәжірибелі дәрігер, екпе егу, тіс дәрігері, сүзгі, әмбебап патронаж, ауызбен суландыру, акушер-гинеколог, баланы дамыту, әлеуметтік қызметкерлер, ем-шара, күндізгі ем-шара алу, ерлер көріну, тікелей қадағалап емдеу, қақырық жинау, стерильдеу, медициналық қалдықтар Б тобын жинақтау және бейнебақылау бөлмелерінің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, Жетісай ауданындағы 70 денсаулық сақтау нысандарында 486 төсек-орын қарастырылған, 381 ақ халатты қызмет етеді. Биылғы жылдың 8 айында 2242 бала туылып, табиғи өсім 9,6-ны құраған.

Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында ағымдағы жылы 1 аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, 2 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You