Түркістан облысы: «Фараб» кітапханасында Абай онкүндігінің тұсауы кесілді

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты онкүндіктің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл онкүндік Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның қара сөздері мен поэзиясы арқылы жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға және әдеби-көркем ойлауын қалыптастыруға бағытталған мәдени-ағартушылық бастама. Сонымен қатар онкүндік аясындағы іс-шаралар арқылы ұлттық рухты күшейту және жас ұрпақтың әдеби мұраға деген құрметін арттыру көзделеді.

Салтанатты кешті Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Омар Жексенбаев ресми түрде ашып беріп, онкүндіктің маңыздылығына тоқталып, Абай мұрасының ұлттық сана қалыптастырудағы рөлі туралы атап өтті. Шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің әншілері Абайдың әндерін орындап, «АКА» шығармашылық орталығының актерлық үйірме мүшелері «Бала Абай» сахналық қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Кештің арнайы қонақтары – Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы; ақын, Нұрғали Сердалиев, Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапхансының директоры Рысбек Ермекұлы сөз сөйлеп, Абайдың даналығы мен оның бүгінгі қоғамдағы маңызы жөнінде өз ой-пікірлерін білдірді.

Балалар мен жасөспірімдер көркемсөз оқу үйірмесінің оқушылар және ҚР Ұлттық Ұланы 5574 әскери бөлімінің сарбаздары ақынның өлеңдерін оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл жастардың ақын мұрасына деген қызығушылығын айқын көрсетті.

Іс-шара соңында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы сөз сөйлеп, Абай шығармашылығының өскелең ұрпақ үшін маңызын атап өтіп, онкүндік аясында өтетін іс-шаралар жоспарына қысқаша шолу жасады.

Абайдың ұрпаққа қалдырған мұрасы – өлшеусіз рухани қазына. Оның қара сөздері мен поэзиясы – адамзаттық биік ойдың, имандылық пен парасаттың көрінісі. Сол себепті, бұл онкүндік – Абай мұрасын терең танып, санамызға сіңіру жолындағы маңызды мәдени оқиға болды.

Онкүндік аясындағы шаралар алдағы күндері де жалғасып, түрлі форматтағы әдеби кештер, поэзиялық оқылымдар, пікірсайыстар мен конференция өткізу жоспарлануда. Тарқата айтсақ.

1 тамыз күні — «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты онкүндіктің ресми ашылуы салтанаты.

2 тамыз күні — «Абай – қазақтың рухани ұстазы» атты әдеби талдау кеші. Ақын шығармалары оқырмандар аудиториясымен бірге талқыланып, негізгі философиялық-эстетикалық идеялары зерделенеді.

3 тамыз. «Табиғат, таң қаламын тамашаңа» сурет салу байқауы. Абай шығармаларындағы табиғат пен адам болмысын бейнелеуге арналған сурет салу сайысы өткізіледі.

4 тамыз. «Абай даналығы – халық мұрасы» тақырыбында ғылыми конференция. Абай Құнанбайұлының философиялық және әдеби мұрасы туралы баяндамалар тыңдалып, талқыланады.

5 тамыз күні «Көзімнің қарасы…» тақырыбында оқырман аудиториясымен бірге Абай әндері орындалып, ән кеші өткізілелі.

6 тамыз. Кино күні «Абай жолы» немесе Абай туралы деректі фильмдер көрсету, көрсетілім соңында пікір алмасу, сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылады.

7 тамыз. Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының жылжымалы пунктерінде «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» атты әдеби кеш ұйымдастырылады

8 тамыз күні «Абайды білесің бе?» тақырыбында кітапхананың тұрақты оқырмандарының қатысуымен Абайдың өмірі мен шығармашылығы бойынша викториналық сайыс ұйымдастырылады.

9 тамыз. «Абай әлемі» көрме жасақталып, халық көп шоғырланатын орындарда (қоғамдық орындарда, алаңдарда) Абай туралы әдебиеттермен таныстырылады.

10 тамыз күні «Абаймен ойлан, Абаймен толған» тақырыбындағы кеңейтілген кітап көрмелері жасақталады. Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойылып, онкүндік қорытындыланады.

Онкүндік аясында өтетін мәдени-ағартушылық іс-шаралар топтамасы арқылы ұлы ақынның қара сөздері мен поэзиясы кеңінен насихатталып, жас ұрпақтың әдеби-көркем ойлау қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды бағалау және рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру көзделіп отыр.

Барша әдебиетсүйер қауымды тағылымы мол шараларға белсенді қатысуға шақырамыз!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You