Шымкент қаласында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымшылдықпен өтті

Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акция шаһардың барлық бес ауданында бір уақытта өтті.

Іс-шара барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен жаяу жүргінші жолдары, арықтар мен жол жиектері тазартылып, қураған шөптер орылды. Сонымен қатар, ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына қала тұрғындары мен ардагерлер, ерікті жастар және коммуналдық қызмет мекемелерінің қызметкерлері белсенді түрде қатысты.

Қала тұрғыны Қуаныш Сүлейменов осындай шаралардың жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор екенін атап өтті.

«Біз — сонау қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерген ұрпақпыз. Табиғатты аялау – бұл ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың бір көрінісі. Осындай шараларға қатысу – жастарға үлгі көрсетудің тамаша жолы. Қаламыз таза болса – көңіліміз де таза болады», – дейді ол.

Жастар өкілі Нұржан Қалдаров та экологиялық акцияға белсенді қатысып, өз үлесін қосты.

– «Біз тек қана аула тазалап жатқан жоқпыз, қалаға жайлы әрі таза орта жасап жатырмыз. Бұл – біздің ортақ үйіміз, сондықтан оған қамқорлық таныту – әр азаматтың борышы. Табиғатқа жанашырлық – рухани тәрбиенің бір бөлігі. Бүгінгі шарада экологиялық мәдениет туралы көп мағлұмат алдық», – дейді жас белсенді.

Акция аясында қатысушылар арасында тазалықтың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар мен қала белсенділері қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау және табиғатты аялау туралы ақпарат берді. Бұл түсіндіру жұмыстары әсіресе жастар мен тұрғындары үшін пайдалы әрі тәрбиелік мәнге ие болды.

«Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен ұқыптылықты қалыптастырып, отансүйгіштік сезімді арттырады. Тазалық – тек сыртқы көрініс емес, бұл – ішкі мәдениет пен жауапкершіліктің айнасы. Табиғатты қорғау – келешек ұрпаққа аманат екенін естен шығармаған жөн», — дейді ұйымдастырушылар.

Еске салайық, іс-шараның басты мақсаты – қала экологиясын жақсарту, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру және ұрпақ санасына қоршаған ортаға деген құрметті сіңіру. Қала әкімдігі тарапынан бұл игі бастама әрі қарай да жалғасатын болады.

«Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», — дейді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You