
Бүгін Шымкент қаласында ұлы ойшыл һәм ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Мереке Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсімде бүлдіршіндер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар 2009 жылы ашылған «Хакім Абай» музейін аралап, ақын шығармашылығымен, аудармаларымен және заманының тұрмыс-салтымен танысты.
Іс-шара Көрме орталығындағы «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» көрмесін тамашалаумен жалғасты. Мұнда ұлы ақынның өмірі мен мұрасына қатысты құнды экспонаттар қойылған.
Рухани-мәдени мереке республикалық «Абай әлемі» байқауымен қорытындыланып, қаладағы мәдениет мекемелерінде концерттер мен әдеби кештер өтті.
Атап өтерлігі, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын жеткізді.
«Қадірлі қауым! Сіздерді Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуымен құттықтаймын!
Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында.
Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!» — деді мемлекет басшысы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
